Аймақтар • 13 Мамыр, 2019

Сәуледегі сәулелі сәт

992 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлы Жеңіс мерекесінде шоқжұлдыздай шағын ғана Сәуле ауылында ақ түйенің қарны жарылған өнегелі іс-шара жүзеге асты.

Сәуледегі сәулелі сәт

Бұдан бірер жыл бұрын Сәуле ауы­лымен көршілес қонған Қойтас елді мекені үдере көшіп кеткен болатын. Көшкен елдің жұртында қалған Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішті сол елдің азаматы, кейін Сәулеге көшіп келген Сатай Айбатыров жаңа қонысына көшіріп әкеліп орнатты. Аталарына деген құрмет, аруаққа деген тағзым. Өнегелі іске осы елдің аптал азаматтарының бірі Айтмұхамбет Ғаббасов бастаған ауыл адамдары жұмыла кірісіп, ұйым­шылдық танытты. Әсіресе Бурабай аудандық электр желілері бөлім­­шесінің басшысы Азамат Арғынбаевтың еңбегін ерекше атап өткен ләзім. Сондай-ақ ел азаматтары Темірбек, Жамал Смағұлдар, Нұрлан Сағынаев, Қуаныш Сағымбаев тәрізді азаматтар да бірліктерінің бекем екендігін аңғартты.

Ескерткіштің ашылу салтанатын өт­кізуге ауылдық округ әкімі Уәлихан Бос­танов пен ауыл тұрғындары бір­ле­сіп қаражат жинады. Ел ішін­дегі Жам­был Жақыпов, Болатбек Тілеу­кенов, Райыс Хамидуллин тәрізді кәсіп­керлер қомақ­­­ты көмек көрсетті. Ескерт­кіштің маңайы абаттандырылып, гүл шоқтары қойылды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Ермек Нұғыманов кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын дәл осындай еңселі істі еңсеру ел азаматтарының мықты ауызбірлігін көрсететіндігін, бұл ең алдымен ел қорғаған ерлердің аруағына деген құрмет екендігін те­реңнен толғап тебірене айтып берді. Аруақ­тарға бағышталып құран оқылды, май­дангерлер ерлігін паш ететін маз­мұнды концерт қойылды.

Ендігі арада майдангердің Сәу­ледегі әйбат ескерткіші жас құрақтай жай­қалып өсіп келе жатқан жас ұр­пақтың көкірегіне сәулесін шашып тұратын болады.


Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы