Спорт • 13 Мамыр, 2019

Дзюдо: Қазақстан тумасы топ жарды

1483 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әзірбайжанның бас шаһары – Бакуде өткен «Grand Slam» турнирінде Қазақстанның дзюдошылары бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмай, елге бос қоржынмен оралды.

Дзюдо: Қазақстан тумасы топ жарды

Айтулы жарыста 73 кило салмақта татами қожайыны Хидаят Гейдаров бас жүлдені олжалады. Бұл балуанға біз бекер тоқталып отырған жоқпыз. 21 жастағы өрен қазақтың қасиетті топырағында, нақтылап айтсақ, Қарағанды қаласында дүниеге келді. Кейіннен ата-анасымен бірге Қап тауы бөктеріне қоныс аударды. Сол жақта дзюдо күресін меңгеріп, елеулі табыстарға қол жеткізді. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқырап, ересектер дуына еркін қосылды. 2017 жылы Еуропа чемпионы және Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы атанды. 2018 жылы құрлық біріншілігінде күміс және әлем чемпионатында қола медальді олжалады. Көптеген халықаралық турнирлерде топ жарды. Міне, енді Бакудегі жарыста Қазақстанның тумасы бас жүлдені қанжығасына байлады.

«Grand Slam» додасында Хидаят Гейдаровтан бөлек, өзге салмақ дәрежелерінде бразилиялық Фелипе Китадай (60 кило), молдовалық Денис Виеру (66 кило), израильдік Саги Муки (81 кило), сербиялық Немания Маждов (90 кило), голландиялық Майкл Коррел (100 кило) және грузиялық Гела Заалишвили (+100 кило) сынды саңлақтар жеңіс тұғырының ең биік сатыларына көтерілді.