«Ultra 70» сайысында ресейлік Марина Әбілдаева өзінің былтырғы жылғы көрсеткішін жақсартып, жаңа рекорд қойды. Алғаш рет әйел адам жалпы топтың арасынан мәре сызығын екінші болып қиып өтті. Ол тек көшбасшы Нурадин Юсуповтан (уақыты: 06 сағат. 40минут 50секунд ) ғана қалып қойды. Ал әйелдер арасында алғашқы үш орынның барлығын шетелдік спортшылар иеленді. Олар – ресейлік Марина Әбілдаева (уақыты: 06 сағат 52 минут 53 секунд), украиналық Оксана Рябова (уақыты: 07 сағат 02минут 15 секунд) және ұлыбританиялық Джо Мик (уақыты: 07 сағат, 17минут 52секунд).
«Sprint 15» сайысында Украинаның өкілі Анастасия Чёрная жаңа рекорд орнатты – 01 сағат 02минут 59 секунд. Бұл – осы жарыстағы ерлердің нәтижесімен пара-пар.
Ұлыбританиядан келген Джо Мик кәсіпқой спортшы. «Scott Running» командасы сапында өнер көрсететін ол «TENGRI ULTRA» додасының ұйымдастыру деңгейін аса жоғары бағалады. Желаяқтың айтуынша, айтулы дода «International Trail Running Association» халықаралық ұйымының бекіткен талаптарына сай өтті.
- Мен бұған дейін Еуропа, Солтүстік Америка және Азия құрлықтарының аумағында өткен көптеген халықаралық додаларға қатыстым. Ал Қазақстанға алғаш рет келуім. Ондағы мақсат – «TENGRI ULTRA» жарысына қатысу еді. Аяқалысым жаман болған жоқ. Әйелдер сайысында үшінші орынды иелендім. Күн ыстық болды. Қарсыластарым да жақсы даярланған екен. Жеке өз басым, осы жердің әдемі табиғатына тамсандым», – деп Джо Мик ағынан жарылды.