Аймақтар • 13 Мамыр, 2019

Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы біріктірілді

2218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындарға және мемлекеттік қызметке ыңғайлы әрі тиімді болу үшін Қазалы ауданында бір-бірімен қойындасып жатқан Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын бір жерге шоғылдандыру мәселесін көтерген еді. Ол енді оябын тапты.

Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы біріктірілді

Бүгінде Әйтеке би кентінде екі қабатты 12 тұрғын үй құрылысы, 250 орындық аудандық аурухана, 600 орындық мәдениет үйі мен басқа да әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бұл аумақта алдағы уақытта 24 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, автомобиль жолы қайта жаңартылады. Қазірдің өзінде көпқабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қазір Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде жалпы құны 889,7 млн. теңге болатын Мекемелер үйінің құрылысы басталынып кетті. Аталған жобаны іске асыру бір ғимаратта әкімдік пен аудандық бөлімдерді шоғырландыруға мүмкіндік береді. Олар қазіргі уақытта елдімекеннің әр аумағында орналасқан.

- Қазір аудандық әкімдік пен бөлімдер бөлек ғимараттарда орналасқан, бұл әсіресе тұрғындар үшін өте қолайсыз. Оның үстіне, қазіргі аудан әкімдігі ғимаратының іргетасы 1963 жылы қаланған болатын. Елу жылдан астам уақыт болған нысан бүгінде ескірген. Жаңа аудан орталығының жоспарына сәйкес, облыстық мекемелер үйінің, халыққа қызмет көрсету орталығының, мектептер мен ауруханалардың, сондай-ақ, сот пен мәдениет үйлерінің ғимараттары халыққа ыңғайлы болу үшін бір-біріне жақын орналастырылады. Ауданда соңғы екі жылда инфрақұрылымдық және басқа да нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Себебі, Қазалы ауданы инфрақұрылыммен аз қамтылған аудандардың бірі болып табылады,-дейді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Ауданда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына басымдық берілген. Себебі бұл - Қазалы ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады.