Аймақтар • 14 Мамыр, 2019

Ақжайықтағы ауқымды міндеттер

992 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар нысанды аралап, облыс жұртшылығымен кездесті.

Ақжайықтағы ауқымды міндеттер

Ең әуелі Мемлекет басшысы Орал халықаралық әуежайын қайта жөндеу жұмыстарының жоспарымен таныс­ты. 1979 жылы іске қосылып, бүгінде тозығы жеткен Орал қаласының халықаралық әуежайына қайта жөндеу және кеңейту жұмыстары биыл шілде айында басталады. Жоспар бойынша 2020 жылдың соңында аяқталуы тиіс құрылыстың нәтижесінде терминал көлемі 4 мыңнан 7 мың шаршы метр­ге дейін кеңейеді. Қазіргі уақытта терминалдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушы болса, жөндеуден кейін 400-ге дейін жететін болады. Қазір жылына 160 мың жолаушыға қызмет көрсетілсе, болашақта әуежай 350 мың жолаушыны қабылдап-шығарып салуға мүмкіндік алады.

Қазақстан Президенті әуежай терминалын қайта жөндеу Батыс Қазақстан облысында жайлы ин­вес­тициялық ахуал қалыптастырудың алғы­шарты екеніне тоқталды. «Орал – Еуропаға шығатын басты қақпамыз. Шетел инвестициясына тартымды болу үшін мұндай жобаны сапалы әрі уақтылы орындау керек», – деді Қ.Тоқаев. Орал халықаралық әуе­жайын қайта жөндеу жұмыстарына биз­нес­тің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Қарашығанақ Петролиум Оперей­тинг» компаниясы 2,4 миллиард теңге бө­лген.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Орал қаласында биыл ашылған «Uniserv medical center» көпсалалы медицина орталығын аралап көрді. Заманауи құралдармен жабдықталған денсаулық сақтау мекемесі алдын ала зерттеліп, сұранысқа сай бейімделіп салынған. Бұрын облыс тұрғындары емделу үшін көрші елдің қалаларына көптеп баратын. Енді жергілікті халық осы орталықтан-ақ сапалы медициналық көмек алып отыр. Жеке инвестиция есебінен салынған медицина мекемесі көз және тіс аурулары бойынша консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетеді.

Қазақстан Президенті орталықты өз қаржысына салып, мамандарын Оңтүстік Кореяда, Ресейде оқытқан инвесторға ризашылығын білдіріп, медицина қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған Орал трансформатор зауытының да жұмысымен танысты. Өндіріс ошағы жылына 10 мың дана трансформатор шығаруға қауқарлы. 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны жергілікті оқу орындарымен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Техникалық мамандықтар бойынша дуалды оқыту негізінде білім алатын студенттер зауытпен тығыз байланыс жасайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына өңірдегі жиһаз, азық-түлік, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмыстары таныстырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына кәсіп­керлерді тарту арқылы экономиканы әр­тараптандыру жұмыстарын жалғастыру керек. Бұл мәселе бойынша Үкімет бел­сен­ді жұмыс істеуде. Жер­гілікті әкімдік те осы бағдарлама арқылы өндірістерді ұл­ғайтуды ойластыруы қажет», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті Орал ақпараттық технологиялар коллед­жінің оқытушыларымен және студент­терімен кездесті. Мемлекет басшысы цифрландыру бағытында білім беруге басымдық беретін колледждің жобаларымен танысты. Елімізде алғаш рет ғи­мараттардың пішінін үш өлшемді 3D модельдеу әдісімен жобалай алатын кешен осы ақпараттық технологиялар колледжінде іске асырылған. Мамандар бұл технологиямен жұмыс істеу үшін 3 ай Финляндияда оқып қайтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына STEM білім беру бағдарламасы таныстырылды. Қазіргі кезде сапалы білім беру және қажетті мамандықтар бойынша оқыту аса маңызды. Колледждерде білім берудің жаңа мазмұнын енгізу жұмыстарын алғашқылардың бірі болып сіздердің өңірлеріңіздің бастағаны қуантты», деді Қ.Тоқаев. Мемлекет бас­шы­сына өңірде цифрландыру бағдарла­масы аясында қолға алынған «Ашық әкімдік», «SmartUralsk», «IkomekUralsk» жо­балары таныстырылды. Кездесуден кейін Президент колледж студенттерімен әңгі­мелесіп, білім саласын қолдау ісі жалғаса беретінін атап өтті.

Ал Орал қаласындағы Оқушылар сарайында өткен жиынға зиялы қауым, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдары және жастар өкілдері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер мен журналис­тер қатысты. Мемлекет басшысы сөзінің басында Ақжайық өңірінен шыққан айтулы тұлғаларды атап өтіп, өңірдің елімізді өркендетуге қосқан үлесі мен даму ерекшеліктеріне тоқталды. 

«Қазақстанның дамуына оң ықпалын тигізетін маңызды өлкеге ерекше көңіл бөлінеді. Облыстың географиялық жағ­дайы, табиғи байлығы мен өндірістік базасы өңірдің өркендеуіне қолайлы. Бүгінде Ақжайық аймағы біраз сала бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отыр», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қазақстан Президенті өз сөзінде ел Үкі­метіне және өңір басшысына жүкте­летін нақты міндеттерді санамалап айтты. Оның ең біріншісі – өңірдің эконо­микалық әлеу­етін арттыру, инвестиция тарту. «Ин­вес­тициясыз әлемнің ешбір елі дами алмайды. Үкімет бұл салада облысқа қолдау көрсетуі керек. Сон­дықтан облыс әкіміне Орал қала­сында индустриялық аймақ құру ісін жеделдетуді тапсырамын», деді Мемлекет басшысы. 

Президент тапсырған екінші міндет – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. «Өңір­де бұл саланы дамытудың жақсы алғы­шарт­тары бар. Облыс ет өнімдерінің халық­аралық нарығына шықты. Қой етін Еу­ропа экономикалық одағы елдері мен Иранға экспорттау 3,5 есе, сиыр етін шетке шығару 21%-ға өсті. Бірақ бұл са­лада кедергілер де кездесіп отыр. Облыс ауыл шаруашылығындағы еңбек өнім­ділігі жөнінен елімізде 15-орында. Өңір эко­номикасында соңғы жылдары ауыл шаруа­шылығының үлесі азайып кетті. Бұған өңірдегі қуаңшылық әсер еткені рас, дегенмен, ауыл шаруашылығы секторының әлеуетін өсіру керек. Мұнда етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытудың болашағы бар. Сондықтан әкімге Үкіметпен бірлесе отырып ауыл шаруашылығы саласын дамыту жөнінде кешенді жұмыстарды қолға алуды тапсырамын. Әсіресе агросектордағы жерді дұрыс пайдалану, ауыл шаруашылығы тауар­­ларын өндіруші кәсіпкерлерді қолдау, салаға заманауи озық технологияны ендіру қажет. Осының бәрін біз таяу­да­ғы 5 жылда атқаруға міндеттіміз», деді Пре­зидент. 

Қ.Тоқаев тапсырған үшінші міндет – кәсіп­керлікті табысты ету. «Әзірге облыс аудандарында кәсіпкерліктің дамуы біркелкі емес. Облыста шағын және орта бизнес өндірген тауарлардың 90%-ы және еңбекпен қамтылған адамдардың 80%-ы Орал қаласы мен Бөрлі ауданына ғана тиесілі. Неге өзге аудан басшылары шағын кәсіпкерліктің дамуы үшін жұмыс істемейді? Ол өңір тұрғындары мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар туралы хабардар ма? Міне, осы сұрақтардың жауабын біз тез табуымыз керек», деді Мемлекет басшысы. 

Әкімдіктердің кәсіпкерлікті дамыту ісіне жұртшылықты кеңінен тартып, адамдарды кәсіпкерліктің қыр-сырына оқытып, шағын несиелендіру бағдарламаларын түсіндіруі керектігіне де баса назар аударды. Жаңа кәсіпорындарға үшжылдық салық және инвестиция несиелері беріледі. «Монополияның жолын қатаң кесеміз, тарифтердің орынсыз өсуіне жол бермейміз. Отандық тауар өндірушілердің тасымал шығындарын субсидиялауға көшеміз. Міне, осыларды атқарғанда ғана біз халықтың табысын арттырып, әлеуметтік тұрмысын жақ­сарта аламыз», деді Қ.Тоқаев. 

Төртінші міндет – тұрғын үй мен экологиялық тазалықтың қолжетімділігі. Өңірде тұрғын үй құрылысы жедел жүріп жатыр. Апатты және көне үйлердің орнына жаңа үй құрылысы қолға алынған. Жыл сайын 432 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріледі. Өңірде 200-дей отбасы «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған. «Шетелдік инвестиция есебінен екі бірдей алыс ауданның орталығына дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу жұмыстары басталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Әкімдікке Жастар жылы аясында барлық ауданды осындай дене шынықтыру кешен­дерімен қамтамасыз етуді тапсырамын», деген Қ.Тоқаевтың сөзін ба­тыс­­қа­зақстандық жастар қол шапалақтап қабыл алды.

Президенттің айтуынша, өңірде тұр­ғын үй саясатын әлі де жеделдетіп, қол­жетімді пәтер құрылысы мен оны бөлу ісін қатаң бақылау қажет. Бұл жерде азаматтық қоғамның қадағалауын қам­та­масыз ету керек. Ең алдымен аз қамтыл­ған, соның ішінде көп балалы отбасылар­ды пәтермен қамту қажет. «Құрылыс саласына инвестиция тарту, соның ішінде шетелдік компанияларды тарту қажет, бұл бағытта тәжірибелеріңіз бар», деді Қ.Тоқаев.

Президент өз сөзінде Ақжайық өңірі тұр­ғындарын ерекше мазалайтын жол және ауыз су мәселесіне тоқталды. «Біздің еліміз үшін өте маңызды бір мәселе бар, ол – ауыл тұрғындарының таза суға қол жеткізе алмауы. Батыс Қазақстан облы­сындағы ауылдық елді мекендердің 45%-ы ғана орталықтандырылған ауыз су­мен қам­тылған. Сондықтан әкімдік пен үкі­метке 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 80%-ға жеткізуді тапсырамын», деді Президент. 

Мемлекет басшысы жүктеген бесін­ші міндет – өңірде бірінші класты ин­фрақұрылым құру мәселесі болды. Әсі­ресе облыста жолдардың 70%-ы қана­ғаттанғысыз күйде. «Бұл – дабыл қағатын мәселе. Өйткені сапасыз жол халықтың күнделікті тұрмысын төмендетіп қана қоймай, өңірдің экспорты мен көлік тасымалы көрсеткіштеріне де кері әсер етеді. Қазір Орынбор бағытына және өңірдің Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына жол салынып жатыр. Президент Үкіметке осы жолдың құрылысын 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. «Бұдан бөлек, өңірде электр желілері де тозған, былтыр өңірде электр желісінен ақау шыққан 180 оқиға тіркелді. Таза суы, жолы, электр желісі дамымаған өңірге инвестиция келе ме, мұндай жерде жаңа жұмыс орнын ашу мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес!» – деді Қ.Тоқаев. 

Қазақстан Президенті тиімді мемле­кет­тік басқару – ел алдындағы аса маңызды міндеттердің бірі екендігін баса айтты. «Әкімдік тиімді басқару технологияларын ендіру керек. Менің ұстанымым – мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және бюджет қаржысын жұмсау мәселесінде жауапкершілікті арттыру. Халық қазынасына қол салу, оның дұрыс жұмсалуына салғырт қарау секілді қылмыстар қатаң жазаланатын болады. Мен осыған уәде беремін. Халық қаржысын ұрлауға, талан-тараж етуге ешкімге жол берілмейді! Біз мемлекеттік сатып алу ісінде тәртіп орнатуымыз керек. Бұл саладағы сыбайластық шектен шығып барады. Тіпті ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келуде. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлыққа, соның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыспен күреске назар аударып, нақты істерді қолға аламыз. Қазірдің өзінде нақты жоспарымыз да бар», деді Қ.Тоқаев. 

«Біз қазір қоғамның осал топтарына әлеуметтік көмек мәселесіне ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Өңір бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бюджет қаржысы қатаң бақыланып, әр теңге өз иесін табуы тиіс. Өңір басшылығы бұл іске азаматтық секторды тартуы тиіс. Барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кедергісіз қарым-қатынас жасауы керек», деді Президент. 
Жетінші міндет – жастарды жан-жақты қолдау мәселесі де Президент баяндамасынан тыс қалмады. «Жастар – дамудың негізгі қозғаушы күші. Оларды жұмыспен қамту, өз қабілетін ашуына жағдай жасау мемлекеттің ерекше назарында болады. Біз жақында волонтерлер форумын ұйымдастырамыз. Бұл – өте маңызды, әлеуметтік қажетті шара. Жастардың бастамаларына демеу көрсету, оларға арналған мемлекеттік әлеуметтік лифт жұмысының ашық әрі әділ болуы қамтамасыз етіледі. Осы орайда еліміздің әр өңірінен байқау арқылы 300 жас маманды іріктеп алып, Президенттік резерв жасаймыз. Олар болашақта еліміздің басқару элитасына айналады деген үміттеміз. Бұл жұмыс онымен тоқтамайды, жастарды барлық өңірде жаппай жауапты қызметтерге тартамыз, олардың өз бойындағы әлеуетін то­лық көрсетуіне жағдай жасаймыз. Біз мем­лекет тұтқасын ұстап қалатын жас буын­ды тәрбиелеуіміз керек», деді Қ.Тоқаев.

Президент Ақжайық жұртшылығымен кездесуінде сөйлеген сөзінің түйінін биліктің халық алдындағы жауапкершілігі мәселесіне арнады. «Мен Президент ретінде өңірлерде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуды қолдаймын. Бізге мемлекеттік шешім қабылдау ісіне азаматтардың белсенді қатысқаны және бақылағаны керек. Шенеуніктердің даңғой-дарақылығы қатаң жазаланатын болады. Жалпы алғанда, бізге жаңа жұмыс стиліне көшу керек. Қайталап айтамын, шенеунік өзін қарапайым ұстауы тиіс. Жаңа басшы өз ісін кабинетін жөндеуден бастайтын орынсыз істі тоқтатамыз. Үкіметке мемлекет, бизнес және Үкіметтік емес ұйымдар арасында жауапкершілікті бөлісу үшін 2025 жылға дейін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын жасауды тапсырамын. Белсенді, ел ісіне бейжай қарай алмайтын азаматтар мемлекеттің негізгі тірегі болуы тиіс. Әдетте кемшілікті ең алдымен азаматтық қоғам көреді, солар дабыл қағады. Билік ол адамдарды естуі тиіс», деді Қ.Тоқаев. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысының сөзін Ақжайық өңірінің жұртшылығы ерекше ықыласпен қабыл алды. Мұны Президент баяндамасынан кейін сөз алған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның, әйгілі кеме жасаушы «Зенит» зауытының басшысы Вячеслав Валиевтің, Бөкей ордасы ауданының тұрғыны, қарапайым зейнеткер Хайролла Сабыровтың, «Бәйтерек» мүгедек балалар қауымдастығының басшысы Меруерт Санкаева мен «07 Life» жастар қозғалысының жетекшісі Жанболат Сапарғалидың лебіздерінен анық байқадық. 

Жиын соңында Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық жә­не мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Стройкомбинат» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестігінің директоры Бақыт­­жан Нұрбаевты, «Автокомбинат» жауап­­кер­­шілігі шектеулі серіктестігінің дирек­­торы Валерий Голоуховты, Батыс Қазақ­­стан облыстық перинаталдық орта­лығының бас дәрігері Николай Дмит­риенконы және Сырым ауданы Жымпиты ауылындағы Қ.Мырзалиев атындағы ор­та мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғманованы алғыс хаттармен марапаттады.

Батыс Қазақстан облысы