Руханият • 14 Мамыр, 2019

Рухты махаббат асқақтатады

1100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бурабай баурайындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Ұлы дала жастары рухани жаңғыру жолында» айдарымен үшінші республикалық жас патриоттар форумы өткізілді.

Рухты махаббат асқақтатады
Жас толқынды патриоттық сезімге тәр­биелеу мақсатында 2016 жылдың ақпан айында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында қазақстандық жас патриоттар академиясы құрылған бола­тын. Жобаның авторы – «Құрмет» орде­нінің иегері, Ы.Алтынсарин атындағы академияның корреспондент-мүшесі Тілдаш Битуова. Мақсаты – жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастарды «Мәңгілік ел» жалпыхалықтық идеясы негізінде тәрбиелеу. Міне, сол уақыттан бері академияның тақырыптық ауысымдарына 1945 қатысушы қабылданған. Осы жерде бойларына ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетінің небір құнарын сіңірген жастар қазіргі күні еліміздің әр өңірінде патриоттық бағыттағы маңызды іс-шараларға белсене араласуда.

Сәл ықшамдап айтқанда, академия міндеті жас толқынды өз Отанын сүюге, оның өткені мен бүгінін саралай салмақтап, санаға сіңіруге ықпал етеді. Отанға адал болуға, дамуы мен көркеюіне өз үлесін қосуға тәрбиелейді. 

Форумда алғашқы сөзді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева сабақтады. Оның айтуынша, патриотизм – рухани жаңғырудың берік іргетасы. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үсті­міздегі жылды Жастар жылы деп жария­ла­уының зор маңызы бар, – деді ол. – Ке­лешек жас­тардың қолында. Жай ғана жастар емес, бі­лімді де білікті, қарымды да қабілетті жас толқын мәңгілік елдің мұратын жүзеге асыратын болады. Олар экономикада да, рухани дүниеде де әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен иық тірестіруі керек. Біз қазірдің өзінде әлемдегі дамыған елу елдің ортасынан ойып тұрып өз орнымызды алдық. Ендігі арада сол жетістікті әрі қарай дамытатын жас толқын.

«Ел болашағы – біздің қолымызда» атты әлеуметтік жоба таныстырылды. «Ұлы дала ұрпағы – жасай берсін мәңгілік» айдарымен патриот көшбасшыларды топтастыруға арналған жұмыс түрлері жүргізілді. Әсершіл жастар үшін форумға келген қонақтардың тұлғалық бітімі де зор әсер етті. Мәселен, ғарыш­кер, Халық Қаһарманы Айдын Айым­бетов ортаға шыққан кезде жастардың қоше­метінде шек болған жоқ. 

– Уақыт бір орнында тұрмайды. Ұрпақ алмасады, ол заңдылық, – деді ғарышкер. – Туған еліміздің гүлденуі сіздердің қолдарыңызда. Тәуелсіз еліміздің тұғыры бекемделіп, бола­шағы айқындалып, мәңгілік елдің мұратымен күн кешудеміз. Сол ізгі ниетті, асыл арманды алға жетелейтін жас толқын. 

Белгілі эстрада әншісі Тамара Асар баста­ған өнер адамдары форумның қызғылықты өтуіне атсалысты. Бүгінгі жастар да кез кел­ген ортаны көркейтетін, шырайын келті­ретін өнерді бойына сіңірген толқын. Тәрбиелері де тәлімді. 

– Біздің мектепте де дәл осындай тақы­рыптарда тәрбие сағаттары өткізіледі, – дей­ді Павлодар қаласындағы №35 мектеп­тің оқушысы Дайыр Әлкеев. – Біз бұл жолы сол білімімізді тереңдетіп, рухани көкжие­гімізді байыта түстік. Отанды сүю үшін оның өткенін білген жақсы. Осы даланы көзінің қарашығындай қорғаған батыр бабала­ры­мыздың ерлік ісін ойымызға тоқысақ, өткенге құрмет арта түседі. Әрі қазақтың батыр, өнерлі, дана халық екендігін ұққан сайын жас жүрегіңді мақтаныш сезімі кернейді. 


Ақмола облысы, Бурабай ауданы