Халқым деп соққан жүрегі
Сейсенбі, 23 сәуір 2013 1:45
Кеңес заманындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халқымыздың руханиятын жаңа сапалы биікке көтеруге мол үлес қосып, артына елеулі қазына қалдырған қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров әдебиетке өмірінің қырық жылдай уақытын арнады. Оның шығармашылық тағдыры ұлттық мәдениетіміздің кеңес дәуіріндегі алдыңғы буын өкілдерінің тағдырымен, өмір жолымен ұқсас. Олардың өмірінің, шығармашылығының рухани және әлеуметтік ортақ екі негізі бар.
Сейсенбі, 23 сәуір 2013 1:45
Кеңес заманындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халқымыздың руханиятын жаңа сапалы биікке көтеруге мол үлес қосып, артына елеулі қазына қалдырған қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров әдебиетке өмірінің қырық жылдай уақытын арнады. Оның шығармашылық тағдыры ұлттық мәдениетіміздің кеңес дәуіріндегі алдыңғы буын өкілдерінің тағдырымен, өмір жолымен ұқсас. Олардың өмірінің, шығармашылығының рухани және әлеуметтік ортақ екі негізі бар.
Рухани тұрғыдан алғанда олар кәсіби әдебиетке халықтың ауыз әдебиетінен нәр алып өскен өскін ретінде келді. Халқымыздың бай ауыз әдебиеті және өмірімізге етене сіңіп, төл мұрамыздай болып кеткен Шығыс әдебиеті бейне қамшының өріміндей, домбыраның қос ішегіндей еді. Қалмақанды да қалыптастырған бастау рухани мектептер осы. Оның үстіне Қалмақан ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басына дейін өмір сүрген Сыр сүлейі, әйгілі шайыр Бұдабай Қабылұлы ақынның туған жиені болатын.
Қалмақан Әбдіқадыров 1903 жылы 3 (15) сәуірде қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданында Сырдарияның сол жақ бетіндегі «Бақтыата» деген №16 ауылда жалшы отбасында дүниеге келді. Бұл 1940 жылы Сырдың оң жақ бетіне қоныс аударған, әуелде – «Қызыл диқан», кейін жетпісінші жылдары – «Телікөл» атанған, қазір – Әбділда Тәжібаев атындағы ауыл. Әйгілі қос ақын осы ауылдың түлектері. Ағайындарының көпшілігі осында тұрады.
Ауыл арасында ақын жігіт атана бастаған Қалмақан Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшіп келгенде, жаңа өмірге белсене қатысу үшін 1925 жылы 22 жасында қалаға тартты. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясына арбакеш болып орналасуы оның бұдан былайғы бүкіл өмірінің бағытын, мән-мағынасын айқындап береді. Халықтың ауыз әдебиетіне, Шығыс хикаяларына қанық, әңгімешіл, ертегішіл, өлеңдетіп қоятын жас жігітті редакцияның қызметкерлері байқап жүреді. Ол қолы босаған сәтте қаламын жалап, қағаз түртетін. Оның қарымын аңдап, қамқорлығына алған Би аға – «Еңбекші қазақтың» жауапты хатшысы Бейімбет Майлин еді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген осы.
Осылайша, Би-ағаның қамқорлығы арқасында Қалмақанның өлеңі алғаш рет баспа жүзін көреді. Бұл 1925 жылдың 10 тамызында «Еңбекші қазақта» басылып шыққан «Сырдария» деген өлеңі еді. Қ. Әбдіқадыровтың жазба шығармашылығы осылай жылға болып басталады.
Басым бұлақ,
Таудан шығад,
Атым дария – мен анаң,
Суым сүтің,
Жерім құтың,
еңбекші елім, мен балаң,– деп жырлады Қалмақан. Осы тырнақалды туындысының өзінен-ақ жаңа лектің лебі, жаңа құрылысқа, тың тұрмысқа қуаныш, жүрек лүпілі сезіліп тұрған жоқ па?! Осы лүпіл қазақ жаңа әдебиетіне үміт күттірерлік ақын қосылғанын аңғартқан еді.
Қалмақан 1927-1928 жылдары Қызылорда облыстық оқу-ағарту институтының дайындық бөлімінде оқып, білімін көтереді. 1929-1930 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің жұмысшы-тілшілер бюросының меңгерушісі, 1930-1932 жылдары – Алматы қаласында Коммунистік жоғары оқу орнының студенті, 1932- 1935 жылдары қайтадан «Социалды Қазақстан» газетінде әдеби-сын бөлімінің меңгерушісі.
Қалмақан тез танылады. Келешек бұқарашыл ақын, байсалды жазушы, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, шебер аудармашы жас талаптың қалыптасуына қазақ кеңес әдебиетінің ірге тасын қалаушы алыптар Сәкен, Сәбит, Ілиястар да көп ықпал жасайды. Олар Қалмақан шығармашылығын жоғары бағалап, әр кез қамқор пікір айтып отырды, бағыт-бағдар сілтеді. Оның өлеңдерінің алғашқы жинағы «Жалшы» деген атпен 1928 жылы басылып шықты. Сол кезеңде Сәбит Мұқанов былай деп жазды: «Қалмақан оқуы төмен ақындардың ішіндегі өзіндік ерекшелігі бар ақын. Ол өте аз жазады. Және қысқа жазады. Бірақ сол қысқа, аз жазғанында ол ұзақ поэманың сөзін айтып тастайды. 1927 жылы ол «Үлгі» деген өлеңінде басқа ақындардың бәрінен бұрын колхозды алдан болжап тастады. «Еңбек» деген кішкене өлеңінде адам мен табиғат қатынасына дұрыс баға береді. Қарсақбай барып, қайтып келе жазған «Бұрғы» деген оншақты жол өлеңінде барлық тау-кеннің бар қасиетін тамаша көркем тілмен айтты. Осындай пікір ұшқырлығы, соны көркем түрде бере білушілік Қалмақанда өте күшті».
Ізденіс үстіндегі буырқанған жылдар жылжып, арада он жыл өткенде, 1935 жылы Қалмақан шығармашылығының 10 жылдығы зор көтермеленіп, республика көлемінде салтанатпен атап өтіледі. Қазақ кеңес әдебиетін өркендетуге қосқан үлесі үшін республика өкіметі Қ. Әбдіқадыровты «Қазақстанның ХV жылдығы» белгісімен марапаттайды. Бұл сол кезде республиканың үлкен марапаты еді.
Сол тұста қазақ кеңес әдебиеті классиктерінің бірі Сәкен Сейфуллин былай деп жазды: «Нашардың аз оқыған баласы төңкеріс күшімен әдебиет майданына шығып, он жылдың ішінде белгілі жазушыларымыздың қатарына кірді. Оның ақындық дарқандығы әдебиет майданына бірінші шыққанда-ақ көріне қалып еді. Және ол көрініс тек қарқынды аттың аяқ алысындай ғана емес, ұзаққа сілтейтін үдемпаз жүйріктің аяқ алысындай еді. Он жылдың ішінде ол талай нәрсе жазды, ұзақшыл екенін дәлелдеді».
Қ.Әбдіқадыров шығармашылығын жоғары бағалап, әркез ақыл-кеңесін айтып жүрген жыр жүйрігі Ілияс Жансүгіров: «Сен қырдың топырағына көміліп қалған алтын едің, сені шығарған төңкеріс желі. Сен Сырдың түбінде жатқан асыл едің, сені шығарған Октябрь толқыны. Сен өмірі өксіген жалшы едің, сені азат еткен ұлы төңкеріс. Сен сексеуіл томарын қағып жүрген тесе шотты тастап, алдыңа қағаз жайып, қалам ұстап, үстелге отырдың, қатарымызға қосылдың. Біз сенің өлеңдеріңді сүйіп оқимыз, өйткені, ел сүйіп оқиды, сенің қаламың еңбекші елге бал, таңдайына тәтті, сен жазған сайын ел бал жалағысы келеді. Жаз, Қалмақан, жаз!» – деді.
Қалмақан осыдан кейін 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналы бас редакторының орынбасары қызметіне ауысады және Қазақстан Жазушылар одағы партия ұйымының хатшысы болып сайланады. Осы жылдары жыр алыбы Жамбылдың әдеби хатшысы, кейін Жәкеңнің әдеби мемориалдық мұражайының директоры, Қазақстан Жазушылар одағында халық ақындары секциясының жетекшісі, 1937-1941 жылдары Қазақтың көркем әдебиет баспасында редактор болып істейді.
Қалмақан Әбдіқадыров шығармашылығын талдаған көрнекті әдебиетші ғалымдар М. Қаратаев, Б. Кенжебаев, Р. Бердібаев, М. Қараев және басқалар оның өмірлік ұстанымына, яғни шығармашылығына тән бірсыпыра белгілерді атап көрсетеді. Біріншіден, кешегі жалшы ішінен шыққан қаламгер еңбекшінің жасампаз өмірі мен күресін көрсетуді өзінің негізгі шығармашылық қағидатына айналдырған. Екіншіден, бұрын езгіде болған еңбекші қауымға, соның өкіметіне, партиясына қалтқысыз адал қызмет ету идеясы мен тақырыбынан ешқашан ауытқымай, қоғамдағы жақсы істерді дәріптеуді, кемшіліктерді уақытша деп біліп, жөндеу үшін сын тезіне алуды мақсат тұтқан. Қаламгердің бүкіл өмірі мен істерінде осы ұстанымдар, қағидаттар айқын көрініп тұрады. Үшіншіден, өзімен тұстас қаламгерлердің бірсыпырасы секілді Қалмақан да жүйелі білім ала алмаса да, өздігінен ізденіп, әдебиеттің әр жанрына қалам тартып, елеулі еңбек жасай алған.
Қалмақан жүрегі халқым, Отаным деп соққан жалынды патриот. Оның бұл азаматтық қасиеті неміс-фашистері елімізге тұтқиылдан басып кірген ер сыналар сұрапыл жылдары айрықша көрінді. Ұлт әдебиетінің, мәдениетінің мәйегін сақтап қалу мақсатымен сол кезде Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Әбділда Тәжібаев республика басшылығымен келісе отырып, тәуекелге бел буып, он тоғыз қаламгерді майданға алмауды сұрап И.Сталинге жеделхат жолдайды. Көшірмесін КСРО Жазушылар одағының басшысы А.Фадеевке жібереді. Көп ұзамай көңілді күпті еткен рұқсат беріледі. Сол он тоғыздың ішінен қалтасында броны бола тұра, қан майдан жорыққа өз еркімен аттанып кеткен жалғыз Қалмақан еді.
Соғыста соғыс ерлерше,
Жан қалмасын, ар қалсын!
Өлердегі күшіңе,
Өлтіруші таңғалсын! – деп ұрандады ақын. Ол жауға қарсы қаруын да, қаламын да жұмсады. Оның жорықты жылдары жазған әрбір өлең, баллада, поэмаларынан жауға өшпенділік, туған елдің қаһарман ұл-қыздарын дәріптеу, жеңіске деген сенім асқақ естіледі. Халық поэзиясының құнарымен құлпырған Қалмақан жырлары қанатты сөз, афоризмге толы, жауынгер жүрегіне дөп тиеді, жігерлендіреді.
Жалпы, Қалмақанның майдан жырлары туралы айтқанда, ол халық поэзиясының дайын үлгілерінен ұзап кете алмады деген үстірт пікір бар екендігін айта кеткен жөн. Егер байыптап қарайтын болсақ, халықтық дәстүрді дамыта түсуі, оны жаңа сапалық деңгейге көтеруі Қалмақан шығармашылығының кемшілігі емес, ерекшелігі екенін байқау қиын емес. Туған халқының ауыз әдебиетімен және Шығыстың классикалық әдебиетімен қаныға суарылған Қалмақан поэзиясының құнары оқушысын немқұрайды қалдырмайды. Оның шұрайлы тілі әрқашанда тартымды, баурап алар құдіретті. Әуелде пулеметші жауынгер, кейін аға лейтенант, қазақ тілінде шыққан майдандық газеттердің тілшісі болған Қалмақанның жеке мұрағатында сақталған майдангер қазақтардан алған хаттары, соғыс ардагерлерінің естеліктері осы пікірімізді дәлелдей түседі.
Соғыстан кейін Қ.Әбдіқадыров «Келес қызы», «Қажымұқан» повестерін жазды. Балалар әдебиетіне де сүбелі үлес қосты. Әлем әдебиетінің асылы «Мың бір түнді» аударуды аяқтады. Мақта өсіріп, өнім алудан КСРО-да рекорд жасаған Рыскүл Мақатова туралы «Келес қызы» повесі қазақ әдебиетінің еңбеккерлер бейнесін жасауда соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі табысы ретінде бағаланды. Қалмақан шығармашылығының негізгі ерекшеліктері – оның шығармаларының басым көпшілігі жаңа өмірді бейнелеуге, сол арқылы замандастар бейнесін жасауға арналған. Сондықтан да Қ.Әбдіқадыров замана жыршысы. Еліміз өмірінің қырық жылдай кезеңін қамтитын Қалмақан шығармашылығы сол кезеңдегі замандастарымыздың деректі де, жиынтық та бейнесіне бай.
Қалмақан Әбдіқадыровтың белсене атсалысқан тағы бір саласы – балалар әдебиеті. Ол – қазақ кеңес балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Оның тағылымды да тартымды қаламынан әр кезде шыққан «Алатаудың бауырында», «Боранбай ауруханада», «Өміртайдың ауылы», «Есек пен өгіз», «Тапқыш», «Амантай», «Тәтті қауын», «Ертегілер», «Алдар көсе әңгімелері», басқа да туындылары осы күнгі аға буын атанған ұрпақ өкілдерінің әлі де жадында. Оның шебер қаламынан шыққан шұрайлы туындылары әрдайым балалар түгілі үлкендер де сүйіп оқитын шығармалар болып қала бермек. Оның көптеген шығармасы «Мектеп кітапханасы», «Мектеп жасына дейінгі балалар кітаптары», «Менің алғашқы кітабым», басқа да сериялармен әлденеше рет басылды.
Қ.Әбдіқадыровтың аударуындағы төрт томдық «Мың бір түн» хикаялары өз алдына бір төбе еңбек. Оны туған халқына сыйлау үшін Қалмақан жиырма жылдай уақыт еңбектенді. Бұл қазақша аудармалардың ішіндегі ең бір шоқтығы биік еңбек десек, асырып айтқандық емес! Бұл ретте «…дүние жүзі әдебиеті классиктерінің бірде-бірі қазақ ауылының арасында ақын Қ.Әбдіқадыров аударған «Мың бір түндей» тараған жоқ» деп бағалады әдебиет алыбы Ғабит Мүсірепов.
Қалмақан отыздан астам кітап шығарды. Оның өлең, поэма, әңгіме, повесть, ертегілері оншақты тілге аударылды. Қалмақанның «Қажымұқан», «Сәтпаев», «Тапқыш», «Алдар көсе әңгімелері» сияқты еңбектері орыс, өзбек, қарақалпақ, татар, ұйғыр және басқа да ұлттардың рухани қазынасын толықтырды.
«Құлқынымды көздеп кітап жазсам, мені қарғыс атсын» деген екен әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хеменгуэй. Қалмақан да осындай қағиданы ұстанды десек қателеспейміз. Бұған оның өмірі, азаматтық ұстанымдары дәлел. Өзіндей кешегі жалшылардың бүгінгі өскелең тұрмысы оны сүйсіндірді. Ол жаңалықтың, жақсылықтың тез болуына, өмірдің сән-салтанаты арта түсуін қалады, сөзбен де, іспен де үлес қосуға ұмтылды. Сондықтан да, 1951 жылы өз қаламақысына Алматы облысының «Политотдел» (қазіргі Қарасай ауданындағы КИЗ) колхозына радио торабын тартқызды, ауыл кітапханасын толықтырды. Бұл – тек халқын сүйген, жомарт жүректі адамның ғана қолынан келер іс.
Өмірінің соңғы жылдары Қ.Әбдіқадыров денсаулығына байланысты туған жері Шиеліге келіп тұрды. Көкірек ауруына Алматының дымқыл ауасы жақпай, дәрігерлер күні ыстық, ауасы құрғақ Сыр елі – туған жерінде тұруға кеңес берген екен. Аудандық газетте қызмет атқарды. Ол аудан жерін аралап ел өмірімен, Сырдарияның сол жағасындағы Қызылқұм өңіріндегі малшылар тұрмысымен танысып, пайдалана білсе құт мекен боларлық Қызылқұмды игеру ісіне араласты. Ол Қызылқұм өңірінде малшылар үшін «Таштоп» деген жерде өз қаржысына қызыл отау үйін ашты. Жеке кітапханасын сонда берді, өз қаражатымен кітап қорын толықтырды. Қалекең кітапхана шаруасын жүргізуді Сейілхан Жетібаев деген шәкіртіне табыстады. Ол кісі, кейін оның әйелі бертінге дейін атына мініп, қоржынына кітаптарды толтырып алып Қызылқұм қойнауын жайлаған малшыларға кітап жеткізіп, кітапханашылық міндет атқарып жүрді.
Қалекең малшылардың балалары үшін мектеп-интернат салуға бас болды. Оның да біраз қаржысын өз қалтасынан шығарды. Мектеп «Жүзбай» деген жерден салына бастағанда, 1959 жылы сол өңірді Сырдың тасқын суы басып, есіл еңбекті су шайып кетті. Бірақ ақын арманы шайылған жоқ, орындалды.
Қаламгердің осынау азаматтық ісі туралы оның көзін көрген, лебізін тыңдаған, ой-арманына қаныққан, ісін қолдаған «Қарғалы» ауылының мұғалімі, айтыскер ақын, бұл күнде марқұм Айдар Достияров «Қалмақан аға қандай еді» деген естелігінде жеткізе айтады.
Сол өңірге көп ұзамай «Қарғалы» совхозы орнады, ел көркейді. Ақын арманы ақиқатқа айналды. Осындай азаматтық ерлік халқын шексіз сүйген азаматтың ғана қолынан келмек. Қазақстанның бұрынғы-кейінгі жүздеген қаламгерінің арасында туған ауылының тұрмысын, мәдениетін көтеруге сөзімен де, ісімен де осыншалықты еңбек сіңіріп, қайраткерлік көрсетуде Қалмақанмен барабар келер кім бар екен… Кейбірі елге мерейтойларда келіп, қошемет көруден, көңілі толмаса, өкпелеп кетуден аспайды-ау қазір.
«Көргенім көк сияқты
көрдім жарық,
Адаммын, азаматтан тудым анық.
Жәрдемшім, жарылқаушым,
жазалаушым,
Сүйерім, сүйенерім, тәңірім – халық», – деп жазды науқас меңдеген ақын соңғы шумақ жырында. Блокнотта осы шумақтың астына «23.ІҮ.64» деп күні қойылыпты. Қаламгердің бір апталық ғұмыры қалған еді.
Ол өмірге ғашық еді, халқыма берерім әлі алда деп сенетін. Қалмақан Сыр өңірінің адамдары туралы «Сыр сарбаздары» деген цикл жазуды ойлап жүрсе керек. «Келес қызы» повесі соның бір тарауы болмақ екен. Қалмақан туған халқының рухани қазынасы, оның өзі жоқ болса да, сөзі халық арасында. Қалмақан қайтыс болғаннан кейін де «Тапқыш», «Тәтті қауын», «Қажымұқан», «Мың бір түн» кітаптары, өлеңдері мен поэмалары қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, басқа да тілдерде бірнеше рет басылып шықты. Соның ішінде «Қажымұқанның» қырғыз тіліндегі басылымы 1988 жылы менің алғысөзіммен жарияланып еді. Қ.Әбдіқадыровтың өміршең мұрасы алдағы уақытта да ұрпақтар игілігіне қызмет ете бермек.
Қалмақан армандағанындай Қызылқұм өңірінің игілігін көріп отырған «Қарғалы» ауылындағы орта мектеп, яғни кезінде негізін қалауға өзі бастама жасаған мектеп Қалекең атында. Аудандық балалар кітапханасына да Қалмақан аты берілген. Өзінің туған ауылы – Әбділда Тәжібаев ауылында оның атында көше бар. Сыр елі халқым деп өткен Қалмақанын ұмытпайды.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Қазақстанның мәдениет қайраткері.
АСТАНА.