Аймақтар • 14 Мамыр, 2019

Қостанай қалалық іKomek орталығы ашылды

872 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай қаласында іKomek орталығы ашылды. Енді қала тұрғындары күнделікті өмірдің барлық саласында өздерін мазалаған мәселе бойынша 109 номеріне телефон шалып, тез жауап ала алады. Орталықта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй қатынастары, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, сауда мен кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, ветеринария салаларының барлығы қамтылған.

Қостанай қалалық іKomek орталығы ашылды

«Адамдардың өмір сапасын жақсарту іKomek орталығын ашудың да, жұмысының да басты мақсаты. Төтенше жағдайлардан басқа мәселелердің барлығына орталық жауап береді», дейді іKomek орталығының директоры Марғұлан Алқуатұлы.

Орталықта 28 адам жұмыс істейді, олардың төртеуі әкімшілік топта, қалған 24 адам оператор, инспектор, сарапшы ретінде қызмет көрсетеді. Орталықтың ашылу салтанатында Марғұлан Алқуатұлы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке қызмет сипатын баяндап берді.

«Алдағы уақытта тұрғындар сұрақтарын коммуникацияның барық салалары арқылы, нақтырақ айтсақ, барлық әлеуметтік желілер, WhatsApp, мобильдік байланыс арқылы да қабылдайтын боламыз. Мұның сыртында facebook, Instagram секілді әлеуметтік желілер арқылы мониторинг енгізілді, сонымен қатар «Смарт Костанай» мобильдік қосымшасымен де тізе қосу ойда бар. Біз ашылған тәуліктің өзінде 20 тұрғыннан қоңырау түсті. Адамдар қойған мәселелердің барлығы дерлік компьютер базасына енгізілген. Егер ол анықтауды керек ететін болса, оны сарапшылар алып, тиісті органдармен, мамандармен жұмыс істеп, 7 күн ішінде жауабын береді» деді Марғұлан Алқуатұлы.

Орталықта бір мыңнан аса қызмет түрі енгізілген. Барлық атқару органдары мен коммуналдық қызмет түгел қатыстырылған. Мамандардың айтуынша, Қостанай қаласы тұрғындарынан тәулігіне 1,5 мыңдай қоңырау түсуі ықтимал. Орталық тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Егер сұрақ көбейіп, қызметкерлер үлгере амайтындай болса, онда штатты кеңейту де ойда бар екені айтылды.

«Алғашқы айда іKomek орталығының жұмысын ерекше бақылауға алу керек. Рас, жаңа құрылым, жұмыс енді қолға алынғандықтан тәжірибе жинақтау керек екені де түсінікті. Бірақ қызмет өте сапалы көрсетілуі тиіс. Қала тұрғындарының өтініштері мен сұрақтарына жылдам құлақ асып, оның орындалуы да тиісті орындар тарапынан тездетілсін. Бір ай жұмыс жақсы жүрсе, одан арғы уақытта қалыптасады, ретке келеді», деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы қараша айының соңындағы ҮШ Азаматтық форумда берген тапсырмасына орай, іKomek орталығы алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында ашылып, өткен жылдың аяғында жұмыс істей бастады. Қостанайлық мамандар Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, орталық тәжірибесін үйреніп қа         йтқан болатын. Соның нәтижесінде мұндай орталық Қазақстанда екінші рет Қостанайда ашылды.