Үкімет • 14 Мамыр, 2019

Премьер-Министр электронды коммерцияны дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды

885 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында электронды сауданы дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С. Сәрсенов баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-Министр электронды коммерцияны дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды

«Электрондық коммерция – бұл әлемдік тренд, сервистік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі», деді А. Мамин.

Үкімет басшысы электронды сауданы экономиканың өсуінің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Дамыған инфрақұрылымды ескерумен, электронды сауда көлемін арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бүгінде аталмыш және іргелес салаларда 33 мың адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 314 мың адамға дейін жеткізу көзделген.

Болжамдарға сүйенсек, 2025 жылға қарай қазақстандық интернет алаңдардағы сатып алу көлемі 153 млрд теңгеден 2 трлн теңгеге дейін өсіп, бөлшек сауданың 25% құрайтын болады. Электронды коммерция аясында логистикалық компаниялардың транзиттен күтілетін кірісі 2025 жылға қарай 1270 млрд теңгеге дейін өседі.

«Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізінің дайын инфрақұрылымын ескерумен, контейнерлік тасымалдар мен логистиканың өсуімен қатар автотасымалдаушылар үшін үлкен әлеуеті бар бағыт ашылады,  деді А. Мамин. - Электронды сауда-саттықтың экономикаға тигізетін мультипликативті әсері жалпы ішкі өнімге жыл сайын қосымша 1,1% деңгейінде үлес қосады деп болжауға, 2025 жылға қарай Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға тасымалдар қарқынын тәулігіне 2 мыңнан 21 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді».

Премьер-Министр электрондық сауда арқылы отандық ауыл шаруашылығы өндірісінің және басқа да өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін шетелдерге, оның ішінде Қытай нарығына өткізу әлеуетін атап өтті. Мысалы, ауыл шаруашылығы тауарлары мен тамақ өнімдерін электронды сауда-саттық арқылы өткізу жыл сайын 20%-ға өсетін болады.

«Қазіргі кезде әлемде ірі сауда желілерінің жабылып, олардың электронды коммерция қоймалары ретінде пайдаланылуын ескерсек, алдағы уақытта логистикалық орталықтар нарықтың негізгі бағытына айналуына мүмкін», деді Асқар Мамин.

Осыған байланысты, Үкімет басшысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық ірі қалаларында көлік-логистикалық орталықтарды іске қосу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. А. Мамин атап өткендей, бұл жұмысқа отандық және шетелдік инвесторларды, соның ішінде мемлекеттік жекешелік әріптестестік тетіктерін қолдану арқылы, тарту керек. Сондай-ақ, Қорғаста қазір жұмыс істеп тұрған инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігін де қарастырған жөн.

Кадрлар дайындау мәселесіне жекелеген көңіл бөлінді. Жұмыс орындарының жоспарланған өсіміне сәйкес 2025 жылға қарай 280 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Үкімет басшысы «Қазпошта» АҚ және логистикалық компаниялар колледждер мен басқа да білім беретін мекемелер базасында мамандарды дайындауды өз қарамағына алу мәселесін қарастырулары қажеттігін атап өтті.

«Электронды сауда экономиканың одан әрі өсуіне серпін береді. Біз транзиттік мүмкіндіктерді және көлік-логистикалық инфрақұрылымды тиімді пайдалана отырып және отандық нарық әлеуетін ұлғайта отырып, оның тұтас экожүйе ретінде дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек»,  деді Асқар Мамин.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр 2025 жылға дейінгі электронды коммерцияны дамыту жөніндегі Жол картасын  әзірлеуді тапсырды.