Ермағанбетов Дархан Жанысханұлы 1986 жылы туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген. 2012 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде экономика магистрі дәрежесін алды.
2008 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласына келіп, білім және кәсіпкерлік басқармаларында түрлі қызметтер атқарды. 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап, қазіргі уақытқа дейін индустриялық- инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Сондай-ақ аймақ басшысы кәсіпкерлік басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Жаңа лауазымға Ерлан Назаров тағайындалды.
Назаров Ерлан Асылбекұлы 1983 жылы туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универсиететін, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі, Дьюка университеті сынды оқу орындарын (АҚШ) бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылдан бастап Қызылорда облысындағы статистика басқармасында маман болып бастайды. Кейін Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында мемлекеттік қызмет саласында түрлі лауазымдарда жұмыс жасаған. 2017 жылдың қаңтар айынан 2019 жылдың ақпан айына дейін Ақтөбе облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Сонымен қатар, басқосуда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева өз еркімен қызметтен босады.
Жиын барысында жылу беру маусымының нәтижелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жылу беру маусымының қалыпты өткенін мәлімдеді. Қатты және сұйық отынмен толық қамтамасыз етіліп, үздіксіз жылу берілген.
Облыс әкімі 2019-2020 жылдары жылыту маусымына дайындықты бастауды және бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кету керек, ағымдағы жылы коммуналдық инфрақұрылым объектілерін дайындау үшін 9,4 млрд теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың қазан айына дейін 635 қазандық, 274,5 шақырым жылу желілері, 61,3 шақырым су және кәріз желілері, 173,9 км электр желілері жөндеуден өтуі тиіс. 1553 әлеуметтік 2460 тұрғын үй жылу маусымына дайындалды.
Жиын соңында облыс әкімі қарамағындағыларға Ақтөбе қаласындағы бау-бақша ұжымдарының, сонымен қатар, Шұбарқұдық және Кеңқияқ ауылдарының тұрмысына қатысты тапсырма берді.
«Жазғы бау-бақша маусымы басталды. Бау-бақша ұжымдарының тұрғындарына сумен қамтамасыз етуде тікелей көмек көрсету жолдарын қарастырыңыздар. Шұбарқұдық пен Кеңқияқта да суға қатысты мәселе туындап отыр, бұл – бірінші жыл емес. Тез арада оларды шешу керек», деді Оңдасын Оразалин.
Аймақ басшысы өңірде бірде-бір елді мекен тұрғындары су мәселесінен таршылық көрмеу қажеттігін, егер қандай да бір мәселе туындаған жағдайда мүмкіндігінше тезірек шешу керектігін атап өтті.