Спорт • 14 Мамыр, 2019

Алматыда «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті

1159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда орналасқан Армияшылардың Орталық спорт клубында (АОСК) әскери-қолданбалы спорт түрлерінен қалалық «Айбын» әскери -патриоттық жастар жиыны өтті.

Алматыда «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті

Бұл шараның негізгі мақсаты – жастардың әскери қызметке даяр болуы үшін жан-жақты тәрбиелеп, қазірден бастап әскери өмірге барынша бейімдеу. Олардың физикалық даярлығын жетілдіріп, моральді-психологиялық қасиеттерін арттыру. Жас өрендерді патриоттық және отансүйгіштік рухта тәрбиелеу. Спортқа көптеп тартып, салауатты өмір салтына ынталандыру. Президенттік тестті тапсыруға дайындау және әскери қызметтің имиджін көтеру.

– Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрілігіне қарасты Армияшылардың Орталық спорт клубы және Алматы қалалық Қорғаныс істері департаментінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған тартысты бәсекелер алғашында Алатау бөктерінде орналасқан әсем шаһардың 8 ауданында өткен еді. Сол жарыстарда озып шыққан спортшылар қалалық додада бақ сынау құрметіне ие болды. Ал осы жерде жеңімпаз атанған жас өрендер үстіміздегі жылдың маусым айында Қарағанды облысының аумағындағы «Спасск» полигонында өтетін республикалық «Айбын» жиынына қатысады, – дейді Қорғаныс министрілігінің Спорт комитеті төрағасының орынбасары, оқу-жаттығу орталығының бастығы Еркебұлан Түсіпханов.

Алматыдағы жиын барысында жеті әскери-қолданбалы спорттың жеті түрінен сайыстар өтті. Жарыс жолына шыққандар пневматикалық ату, білтемірге тартылу, жерден денесін көтеру, 1000 метрге жүгіру, арқан тарту, автоматты шашып-жинау және жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию бойынша өз өнерлерін ортаға салды.