– Биылғы жылы біз Азия чемпионатын төртінші мәрте өткізіп отырмыз, – деп бастады өз әңгімесін Қазақстанның WRPF вице-президенті Уәлихан Тен. – Оның үстіне спорттың бұл түрі елімізде керемет қарқын алып келеді. Расында да, Алматы – «рекордтар ұстаханасына» айналады. Осы жарыс барысында көрсетілген нәтижелерді ресми түрде тіркеу жөнінде біз WRPF (Экипировкасыз Дүниежүзілік пауэрлифтинг федерациясы) арнайы хат жолдадық.
Үш күндік сайыстар қорытындысы бойынша ерлер – 44 және әйелдер – 14 алтын медальді сарапқа салды. Ерлер бәсекесінде 140 кило салмақта күш сынасқан алматылық Антон Соловей озды. Ол жалпы есепте 887,5 килоны еңсерді. Ал әйелдер сайысында 82,5 кило салмақта бақ сынаған алматылық Дарья Нестероваға тең келер ешкім табылмады. Ол үшсайыстың қорытындысы бойынша 452,5 килолық көрсеткішке қол жеткізді.