Орталықта шағын және орта бизнес, тұрғын үй, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелері, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері туралы кеңес беру кабинеттері мен психолог, әдістемелік және медициналық кеңес беру кабинеттері, сондай-ақ, «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұнда интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, конференц-зал және жаттығу залы бар. Орталықтың жалпы ауданы - 3870 м2, ол ауысымына 670 келушіге есептелген, мұнда 32 маман қызмет атқарады.
Президент орталықтың қызметімен танысып, аймақ жастарымен кездесті. Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің түлегі Жазира Смаилова жас ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлығы мен қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғысын білдірді. Облыста 2014 жылдан бастап аймақ басшылығының бастамасымен қызылордалық мектеп түлектері Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болған еді. 2018 жылы 32 түлек оқуын тәмамдап, аймақ кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылды. 2019 жылы тағы 132 білім алушы оқуын аяқтайды деп күтіліп отыр. Барлығы 520 сырбойылық жас Ресейдің озық инженерлік жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Кездесуден соң бірқатар республикалық және халықаралық вокалдық өнер байқауының жеңімпазы Константин Луца Президентке Сыр жастарымен естелік суретке түсуді ұсынды.