Аймақтар • 15 Мамыр, 2019

Әкем отырғызған алма бақ

2146 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жас кезімде көнекөз, кәрі­құ­лақ қариялар­дан естіген мына бір әңгіме есіме жиі түседі.

Әкем отырғызған алма бақ

Ертеде бір патша уәзір-нө­кер­лерімен аңға бара жатып, бір белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жатқанын көреді. Патша әлгі ақсақалға бұрылып келеді де сәлем беріп тұрып мынадай сұрақ қояды:

– Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой, – дейді. Сонда ақсақал:

– Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін бі­лемін. Бірақ мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін емес пе? Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаш­тарымның жемісін жесін, – деп жауап беріпті. Патша қарияның айтқан жа­уабына аса риза болып, бір қалта алтын береді. Сонда ақсақал:

– Міне, көрдіңіз бе, менің еккен ағашым казірдің өзінде жемісін бере бас­тады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.

– Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет же­міс береді, – деген екен сонда ақса­қал.

Осы әпсана-аңыз әңгімені еске ала отырып қазақтың: «Қолдан келсе көп ағаш өсіріп, жүрген жерін жасыл желекке айналдыру, көріктендіру әрбір пенденің игілікті ісі» деген сөзінің бекер айтылмағанын ұғасың.

Менің балалық шағым қазы­на­лы да киелі Қаратау өңі­рін­дегі табиғаты әсем Көсегенің Көк­жо­нын­дағы Үшбас аулында өтті, яғни, көк майса белді көрпе ғып, тау етегін жас­танып жүріп өтті десем қателеспеймін. «Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» – деген екен көрнекті қаламгер Ғабит Мүсірепов. Бұл – бос айтылмаған сөз. Туған жерден артық жер жоқ. Өйткені туған жерің – тірегің, атажұртың – алтын бесігің. Сұлу, мөлдір дүние сол! Жүрегіңе жағымды тылсым жаратылыс! Туған жер – екінші анаң. Рас қой. Туған жер топырағының құдіретін басқа дүниемен алмастыру мүмкін емес қой. Ол – біздің көңіл күйіміздің емшісі. Онда өткізген балалық шақ, әй, бір тәтті, әй, бір бал-шекер күндер екен-ау, шіркін!

Осы жерде ел аузында сақта­лып қалған мына бір аңыз-әңгіме еске түседі. Желмаяға отырып, өзіне қара қобызын серік етіп, қоңыр күйді аңыратып Жерұйық іздеп, төрткүл дүниені кезген Қорқыт баба Қаратаудың қырқа­сын­дағы шырайлы мекен, көрікті Көсегенің Көкжонына қызыға қарап тұрып:

«Басқаның бәрін қисаң да,

Көкжонды, шіркін қимайсың.

Өңгеріп алып кетер ем,

Ат сауырына сыймайсың»,

– деген екен жарықтық. Осы бір шумақ­тың өзі менің алтын бесігім, атамекенім Көк­жонның биік бағасын беріп тұр емес пе?!

Туған жер көкірегіңнен еш шықпайды ғой. Оған деген сағы­ныш қанша жылдар өт­песін еш ба­сыл­­­майды екен. Ауылдың май­­­да желімен шашымды тарап, мөл­дір бұ­ла­ғы­мен сусынғаным қанша жыл­дар өтсе де еш естен кетпейді. Осы­дан да болар, мен та­биғатты аялап, оған әрдайым қамқорлықпен қа­раймын, тіпті оған ғашықпын десем де­ болады. Табиғатымнан әсемдікке, саф та­за­лыққа, кіршіксіз пәктікке құмар, сәби жү­рек­ті болғанымнан болар, ауылын, ауласын көр­кейту, жайқалған ағаштан, оның мәуелі же­місінен нәр алу – жанымның қалауы. Рас. Ағаш өсіруге бала кезімнен әуес болдым. Оған әкем себепкер болғанын мойындаймын. Мен ту­ғанда әкем менің құрметіме үй жанынан екі­ алма ағашын егіпті. Өзім үйде жалғыз, жалқы болдым, баламмен бірге жайқалып өссін, кейін үлкен бәйтерек болып, бала-шағаларым, ұрпақтарым саясында сайрандап жүрсін деген ниетпен еккен болуы керек, сірә. Көзімді ашқалы табиғат аясында, тау-тасты аралап, шөптің, ағаштың неше түрімен таныс болып өстім. Қаратау шатқалдарында жабайы алма, өрік, шие, долана және де басқа мәуелі ағаштар топ-топ болып өсетін. Ауыл балалары бірігіп, бірде жаяу, бірде есекке мінгесіп тау қойнауындағы әлгі жеміс бауларға барып, ащы-тұщы­сына қарамай алма мен өріктерін қалта-қалта, қоржын-қоржын етіп үйге алып келіп, біраз күн тұшырқанатынбыз.

Менің Ордабек көкем жер­ді аялап, құрметтеп, ерте көк­тем­­нен қар түскенге дейін бір тынбай, қолынан күрегі, иығы­нан кетпені түспей бау-бақша өсіруді кәсіп еткен аяулы жан еді. Көктем ке­лі­сімен ауыл тұрғындарының басын қосып, тоған байлатып, арық-атызға су шығарып, жерді өңдеп, кеңшар тұр­ғындары үшін картоп, қызанақ, қауын-қарбыз егіп, алма, алмұрт, өрік ағаш­тары­ның көшеттерін отырғызатын. Жаз ай­­ларында олардан жиналған өнім дала қостарына, асханаларға жіберіліп, еңбек­ші­лер сүйсіне, рахаттана жаңа өнімнен ауыз тиетін. Артылғанын қатар жатқан Жаңатас қаласының асханаларына, сауда орындарына жіберілетін.

Өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарында менің өскен Үшбас аулының жанынан біраз жер арнайы алма бағы үшін бөлініп, оған сан түрлі көшеттер отыр­ғызылды. Оларды әкем жарықтық таңның атысы, күннің батысына қарамай уақтылы суғарып, арамшөптерден ажы­ратып, арық-атыздарын тазартып, түбін мезгіл-мезгіл қопсытып, қа­жетті тыңайтқыштармен қо­рек­­­тендіріп жас баланы мәпе­ле­гендей аялап өсірді. Тіпті айсыз түннің қараңғылығына қарамай алма бағын аралап, әр арыққа сылдыратып су жіберіп, суғарып жүргенін көргенде туған жерін, табиғатты соншама сүйетініне бала жүрекпен қайран қалатынмын. Өсе-келе әлгі алма бақ бүкіл ауыл мақтанышына айналды. Сырттан келген қонақтар кімнің болмасын көз жауын алатын сары-қызыл алмалардың жұпар иісіне елтіп, қызыға қарап, тіл үйірер тәттілігіне, ерекше дәм­ділігіне тәнті болатын. Ауыл сыр­тын­дағы жайлауға қоныстанған малшы­лар мен қойшылар балалары тәтті алмаға жаз бойы қарық болып қалатын. Әкемнің сол игілікті зор, ерен еңбегіне ауыл тұрғын­дары ғана емес, кеңшар мен аудан басшылары да қызығып, қолдап отыратын.

– Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді. Біздің адамшылық қасиетіміз айна­ла­дағы, Құдай біздің игілі­гі­міз үшін жаратқан тіршілік иелерінің қадірін білумен өлшенеді. Кейде дүние қуған заманды көріп, «шір­кін-ай» деп өкініп жататын кездеріміз де болады. Сондай бір жабырқау сәттеріңде табиғат аясына шығып, серуендеп қайтсаң, көңілің байып, жаның байыз тапқандай болып қаласың. Адам тәрбиесі мен табиғатқа деген көзқарастың бәрінің өзегі бір болса деймін. Біз үйімізді қалай таза ұстасақ, ауламызды, ауылымызды да солай таза ұстауға талпынуымыз керек. Жүрген жеріміздің бәрінде де сондай бір мәдениеттілік, ізгілік, адамдық, парасаттылық қасиеттер болса тамаша болар еді.., – дейтін Ордабек көкем жайқалып өсіп келе жатқан алма бақтағы жас көшеттерді салалы саусақтарымен рахаттана мәпелеп тұрып.

Әлі есімде, үшінші сыныпта оқитын кезім. Балалармен тауды тауға, тасты тасқа жалғап, серуендеп жүргенімде бірде тастың арасынан қылтиып өсіп тұр­ған алма ағашын көріп, тамырымен қопарып үзіп алып, аулаға әкеліп еккенмін. Оны мәпелеп күтуге әкем жәрдемдесті. Қазір ол ескі үй жанында өсіп тұрған мәуелі жемісі бар зәулім ағаш, мен алпыстан ассам, ол елуден асты. Ағаш егуге құмарлық осы алма аға­шынан басталған еді. Кейін оныншы сыныпты тәмамдап, мектеппен қош­тасар жылы 10-12 түп тәтті алма бе­ре­тін ағаш отырғыздық. Олар да бүгінгі күнге дейін өз жемісін беріп, жайқалып жайнап тұр. Жаз айларында қызметіміздің тым қарбаластығына қарамай немерелірімді қасыма ертіп туған атамекеніме – Үшбасқа тартып кететін кезім жи болмаса да болып тұрады. Сонда немерелеріммен қосылып сонау ертеректе әкем отырғызған алма бақты еркін аралап, тұшымды дәмді алмалардан дәм татамыз, ауасымен рахаттана тыныстап, алыста қалған балалық шақты сағына еске аламын.

Бар саналы өмірін туған жеріне тал-дарақ егіп, бау-бақ­ша салып, көріктендіру мен гүл­ден­­діруге айналдырған әкем­нің дүниеден өткеніне, міне, 40 жыл болыпты. Сонша жылдар өткеніне қарамастан Үшбас аулы­ның тұрғындары бар жиған-терген қаражатына бау-бақша егіп, болашаққа мұра қалды­ру­ды мақсат еткен әкемнің есі­мін ұмытпай «Ордабек қария отыр­ғыз­ған алма бағы» деп іштартып, аса құрметпен еске алып отырады. Алма бағы әлі де бар, әттең, уақыт ағымына сай біраз ағаштар қартайып, күйзеліп, «шаршап» тұр. Кейінгі толқын жас­тар, жергілікті мектеп оқушылары сол қартая бастаған бауды қам­­қор­­лыққа, қорғауға алып, біраз ағаш­тарды жаңар­тып, жаңа көшет­тер отырғызу ісін қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Ауыл­ға барған сайын ескі құлақ қария­лардың: «Бақ отырғызу – бо­лашаққа баға жетпес мұра қалдырумен пара-пар» деген дана сөзінің рас екеніне көзім жетеді.

...Таяуда кіндік қаным тамған жер Үшбас аулына атбасымды бұрдым. Әрине қазіргі ауыл өмірін өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарымен салыстыруға еш болмайды. Күре жолдарға асфальт төселген. Электр жүйесі тартылған. Әр үйде теледидар сайрап тұр. Жастардың қолында бір-бір телефон, смартфон, кіммен, қашан сөйлесемін десе де ерік өзінде.Үй ауласында құдық қазылып, құбыр тартылып, ауызсу мәселесі шешілген. Бұрынғы шатырсыз жатаған үйлер, қазіргі заман талабына сай еңселі үйлер­мен алмастырылған. Егін шаруа­шы­лығына қажетті трактор, комбайн және де басқа техника әр отбасында сақадай сай, дап-дайын тұр. Әр үйде жүйткізген жеңіл көлік-автомашина. Мен ата-бабаларымыздың табиғи сауат­тылығы мен зеректігіне таңға­ламын. Ордабек әкем, жарық­тық, біздің Көкжонда өсетін ағаш, шөптесін өсімдіктердің барлығының атауын жік-жіктеп, қандай қасиеті барын бес сауса­ғын­дай білетін. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді ғой халқымыз. Сондықтан болар, менің әкемнің тәрбиесінен алғаным бүгінгі күнге дейін өз нәтижесін беріп келеді. Қазірге дейін қала орталығындағы үйі­міз­дің маңайын қолдан келгенше көріктендіріп, көгалдандырудан бірде-бір жалыққан емеспін. Жұ­мыстан қолым қалт етсе, ағаш­­тарды күтіп, гүл егіп, олар­ды суғарып, аулаға су шашып, көңілім жадырап, рахат сезімге бөленемін.Тіпті үй маңын­да­ғы көше бойына пайдасыз ағаш­тар­дың орнына жеміс ағаштарын (жаңғақ, өрік, шие, шабдалы) отырғызып, олардың жемісін жеп, пайдасын көріп отырғанымыз бар.

Туған елге қызмет етудің озық үлгісі – айналаңды көркейту, қалаңды, далаңды қадірлеу, оған қамқорлық жасау деп білемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев табиғаты кедей сары далаға астана орнатумен қатар Сарыарқаның кең даласына 70 мың гектардан астам жерге орман отырғызуын, оған қырғауыл, елік және де басқа аң-құстарды өсірту үлкен көрегендік деп есептеймін.

Әдемілікке мән беріп, жердің қыртысына, үйдің орналасқан жағдайына қарай жерді икемдеп, неше түрлі әдемі гүлзарлар, адам тыныстап, демалатын сая­бақ­тар жасап, қала мен ауыл­ды гүлдендіріп отыру әр заманда болған. Ата тарихымызда әрдайым бұл үрдіс көрініс беріп отырғаны белгілі.

Міне, әкеден балаға мирас болған ағаш отырғызу бүгінде менің де сүйікті ісіме айналған. Жаным жабырқаса да, көңілім құлазыса да, тіпті қуанышымды да өз ауламда еккен жасыл желекпен, гүлдермен бөлісемін. Үйімнің ауласында жайқалып өсіп тұрған сандаған гүлдерге, мәуе ағаштарына қарап ләззат аламын. Менің табиғатқа мейі­рім­ділікпен қараймын және сүйіс­пеншілігім ерекше, махабба­тым мәңгі. Ол ешқашан сабырланып, өшпек емес. Өмірімнің жалғасы немерелерімнің де солай болып өсуін қалаймын...

Сонау ертеректе, 1825 жылы орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин Еділ-Жайық бойын аралап жүріп, қазақтың жазық дархан далаларына көз тігіп тұрып: «Шіркін, әр қазаққа қырда бір түп ағаш отыр­ғызу міндет етілсе, жапанд­а орман жайқалар еді-ау!» деп тәтті қиялға берілген екен. Шынында да еліміздің әрбір азаматы осы бір пара­сатты сөзді көңіліне тоқып, жүрегіне аялатып, ағаш егуді алдына мақсат етіп қойып, бұл дәстүрді келер ұрпағының бойына сіңіре білсе, айналамыз жайқалған жасыл желекке оранбас па еді! Қазақ бабамыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген емес пе еді?..

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

 Тараз