Қазақстан • 15 Мамыр, 2019

Сайлауалды науқан Қазақстанның барлық өңірін қамтыды

1669 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сайлауалды үгіт-насихат науқанының басталғанына төрт күн болды. Еліміздің барлық аймағында президенттікке канди­даттардың қоғамдық штабтары белсенді жұмыс істеп жатыр. Біраз жұрт үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларымен танысып, алдағы жос­парларынан хабардар болып қалды.

Сайлауалды науқан Қазақстанның барлық өңірін қамтыды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды респуб­ли­калық қоғамдық штабы Павлодар облысына барып, аймақ тұрғындарын кандидаттың бағдарламасымен таныстырды. Nur Otan партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бастаған делегация Достық үйінде жергілікті этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.

«Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев өз жұмысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған ұлтаралық келісім қағидаттарын іске асыруды жалғастырады. Төзімділік, азаматтық әлем мен тұрақты ұлтаралық диалог – Тұңғыш Президент, Nur Otan партиясы Төрағасының бағыты алдағы уақытта да басымдықта болады. Қазақстан Елбасы саясатының маңына топтасуының арқасында бүкіл әлем мойындаған зор нәтижелерге қол жеткізеді. Біздің кандидат – Қазақстандағы ұлтаралық келісімді нығайта түсудегі Елбасының ісін жалғастыра алатын тұлға», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Қызылордада «Невада – Семей» қоғамдық бірлестігінің мүшелері саяси науқанға бейжай қарамайтындарын білдіріп, Сыр халқын еліміздегі жетекші саяси күш, Тұңғыш Президентіміздің сенімді серігі, кандидат Қ.Тоқаевты бірауыздан қолдап, дауыс беруге шақырған үндеу жариялады. Үндеу мәтінінде: «Қасым-Жомарт Кемелұлы – дүние жүзіне мәлім, дипломатиялық қызметтің барлық сатысынан өтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымында еліміздің өкілі болған тәжірибелі саясаткер. Қиын экономикалық кезеңде Премьер-Министр қызметін атқарған. Халықтың өмір сүру сапасы мен табысын қалайша арттыру керектігін жақсы түсінетін жанашыр. Өзінің «Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында Қасым-Жомарт Тоқаев әр қазақстандық азаматқа тең мүмкіндік берілетініне баса назар аударған. Бұл ұстаным қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтиды», делінген.


* * *

«Ақ жол» демократиялық партиясынан кандидат Дания Еспаеваның сайлауалды штабы Ақмола облысының Ерейментау ауданында үгіт-насихат кездесулерін өткізді. №8 Агротехникалық колледжде штаб жетекшісі Азат Перуашев оқытушылар мен студенттерді өз кандидатының сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Онда ел экономикасының негізі ретінде кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі шаралар кешені ұсынылады.

Оқу орнында ауыл шаруашылығы саласындағы болашақ мамандарды, сондай-ақ тігіншілерді, құрылысшылар мен слесарьларды дайындайды. Мамандықтардың бәрі еңбек нарығында сұранысқа ие. Сондықтан мұнда оқып шыққан әрбір маманның болашақта өз ісін ашуға мүмкіндігі зор. Кандидат бағдарламасында ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес үшін несиелердің пайызын төмендету, сондай-ақ қорлар арқылы баламалы, банктік емес қаржыландыруды дамыту басшылыққа алынған. Д.Еспаева басым салалар, оның ішінде ауыл шаруашылығы үшін қосылған құнға салынатын салықты төмендетуді ұсынады. Осы бастамалармен Ерейментау ауданы Малтабар ауылының тұрғындары танысты.

Бүгінде кандидаттың республикалық штабынан бөлек, партияның аймақтық филиалдарын қосқанда, барлығы 17 штаб бар. Олардың құрамына аймақтық белсенділермен бірге журналистер, блогерлер, үгітшілер кіреді. Сайлауалды науқанда үгіт ма­териалдарын тарату, жоспарланған іс-ша­ра­­ларды ұйымдастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

* * *

Президенттіктен үміткер Төлеутай Рақымбе­ков­тің штабы Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл нақыштары» атты фотокөрме өткізді. «Хан Ша­тыр» сауда, ойын-сауық орталығында салтанат құрған көрмеде қала тұрғындары шалғайдағы ауыл-аймақ тұрмысынан сыр шертетін суреттерді тамашалады. Көпшілік назарына ұсынылған туындыларда елді мекендердің қазіргі тұрмыс-тіршілігі, бет-бейнесі және әлеуметтік мәселелері көрініс тапқан. Осы іс-шара аясында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы да таныстырылды.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейітжанов: «Бұл фотосуреттерден ауыл тіршілігін жан-жақты көруге болады. Бәрі бар: ауылдағы тірлік, балалардың өмірі, үлкендер мен жастардың арасындағы қарым-қатынас, кейбір әлеуметтік мәселелер. Әрине, осы фотосуреттердің негізгі жиынында, мазмұнында біздің кандидатымыздың бағдарламалық мақсаттарымен үлкен сәйкестік, үйлесім бар», деді.

Елордадағы бұл көрмеге республикалық жарыста үздік атанған туындылар қойылды. Яғни, осы мақсатта бірер ай бұрын «Ауыл» партиясы арнайы байқау жариялап, оған еліміздің барлық аймағынан 300-ден аса фотосурет келіп түскен еді. Президенттік үміткер Төлеутай Рақым­беков­тің сайлауалды бағдарламасы осындай ауылдар­дағы тұрмысты жақсартып, әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұған қоса шет жақтағы елді мекен­­дердегі рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық дәс­түрді дәріптеу және жастарды жүйелі жұмысқа тарту сияқты мәселелерді де қамтиды. Кандидаттың өзі жақын күндері өңірлерге жасайтын сапарында сайлауалды бағдарламасын кеңінен таныстырмақ.


* * *

Қазақстан Коммунистік халық партиясының атынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахмет­бековтің сенім білдірілген өкілі Бейсен­бай Мә­житов Степногор қаласындағы «Целингормаш» машина жасау зауытының ұжымы­мен кездесті. Зауыт басшылары Ақмола облыстық сайлауалды штабының жетекшісіне өндірістік цех жұмысын таныстырып, кәсіпорынның өнімдерін көрсетті.

Бұдан кейін Б.Мәжитов жиналғандарға канди­даттың сайлауалды тұғырнамасы туралы баяндады. «Қазақстан Коммунистік халық партиясы» бұқараның жақтаушысы ретінде 15 жылдан бері саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Біз шикізатқа тәуелді емес экономиканың дамығанын қалаймыз. Осы арқылы бәсекеге қабілетті болуға ұмтыламыз. Батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту, кедейлікпен күрес, көрші елдермен экономикалық интеграция және қолданысқа әділетті салық салу жүйесін енгізу арқылы жарқын болашаққа қадам жасауға болатынына сенеміз», деді ол. Кездесуге келген қала тұрғындары Б.Мәжитовке өздерін толғандырған мәселелерін айтып, қымбатшылыққа, зейнет жасына, тұрғын үйге, әлеуметтік көмек пен жәрдем­ақыға қатысты сауалдарына нақты мысалмен жауап алды.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында партияның қоғамдық штабы өз кандидаттарын қолдауға шақырған автошеру ұйымдастырды. Қызыл түсті жалаулатқан, дабылды көліктер шебі Қонаев пен Мәңгілік ел көшелерінің қиылысқан тұсынан жол бастады. Елордалық штабтың жетекшісі Нұрдәулет Оразханов бұл іс-шара көлік жүргізушілері мен көшедегі жұрттың назарын ерекше аударатынын, сол арқылы өз кандидаттарының сайлауалды тұғырнамасымен танысуға шақырғандарын жеткізді. Қоғамның игілігі үшін адал еңбекке үндеген коммунистердің тізгіндеген көліктері Есілдің сол жағалауынан оң жаққа қарай ойысып, соңында шаһардың шет аймақтарын да аралады. Штаб өкілдері мұндай автошеру бұрын да өткізілгенін, содан кейін тұрғындар байланысқа шығып, мақсат-міндеттеріне қызығушылық танытқандарын айтады.

* * *

Кәсіподақтар федерациясы атынан президент­тікке кандидат Амангелді Таспихов республикалық қоғамдық сайлауалды штабының жетекшісі Бақытжан Әбдірайыммен бірге Қызылжар өңіріне сапарлап барып, кәсіподақ белсенділерімен кездесті. А.Таспихов өзіне қолдау көрсеткен сол­түс­тік­­қазақстандықтарға ризашылығын білдіріп, сайлауалды тұғырнамасының басым бағытта­рын таныстырды. Онда жұмысшылардың мүддесін қорғау, қалыпты еңбек жағдайын жасау, еңбек миграциясын, ішкі көші-кон үрдісін реттеу сияқты мәселелерге маңыз берілген.

Бұған қоса кандидатты насихаттау іс-шаралары өңірлерде жалғасты. Соның бірі кандидаттың Ақтөбе облысындағы сенім білдірілген адамы статистика департаментінің ұжымымен кездесті. Жиында кәсіподақ мүшелері үміткер тұғыр­намасында көтерілген қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз ету, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру сынды басты бағыттар туралы хабардар болды.

Сондай-ақ Түркістан облысы бойынша қоғамдық штабтың басшысы Берік Бекжанов Ордабасы ауданындағы мәдениет үйінде және кітапханада кездесулер өткізді. Білім, спорт салаларының өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала өкілдері бас қосқан алқалы жиынға 250 сайлаушы қатысты. Басқосуға арнайы келген азаматтар Қазақстан кәсіподағының қызметін жандандыру жолындағы тың мүмкіндіктермен танысып, қолдау білдірді және еңбек қауіпсіздігі мен ұжымдық шарттың әлеуметтік маңыздылығына ерекше ден қойды. Кәсіподақтардың ұстанып отырған көзқарастары мен нақты қадамдары сайлаушылар тарапынан қолдау табатынына сенім білдірді.


* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалы­сынан президенттікке кандидат Әміржан Қосанов кеше Facebook, Youtube, Instagram әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфирге шығып, өзінің сайлауға түсу мақсаты туралы, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары туралы сөз қозғады. Онлайн үндеуді 10 мыңға жуық адам көріп, бірқатары сұрақтарын қойып, бірден жауап алды. Кандидат бұл жолы негізінен саяси еркіндік тақырыбында сөйледі. Енді бұдан былай тікелей эфирге тұрақты түрде шығып, өзінің ұстанымдарын жан-жақты түсіндірмек. Келесіде ұлт болмысы хақында ой өрбітеді.

Ал кандидаттың өңірлердегі насихат жұмыста­рына келсек, Ақмола облысы Степногор қаласын­дағы мәдениет сарайында Ә.Қосановты қолдауға арналған дөңгелек үстел жиыны өтті. Онда үміткердің облыстық штабының мүшелері және сенімді өкілдері ел алдында сөз сөйлеп, сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Жиынға 40 шақты адам қатысты. Кездесуде сөз тізгінін облыстық сайлауалды штабтың басшысы Дархан Шөгшір ұстады. Кандидат бағдарламасының негізгі бағыттарына қаныққан қоғам белсенділері, білім беру саласының қызметкерлері, жастар мен қарапайым тұрғындар өз пікірлерін ортаға салды. Соның ішінде қатысушылар халықты рухани тұрғыда өркендету туралы тармақтарды атап өтті.

Сонымен қатар Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Түймекент ауылында облыстық сайлауалды штабтың үгіт-насихат тобы жергілікті мәдениет залының ғимаратында тұрғындармен кездесті. Басқосуға Ә.Қосановтың аймақтағы сенім білдірген адамдары – облыстық штабтың басшысы Бақытжан Мақашев, филология ғылымдарының кандидаты, Журналистер одағының мүшесі Темірбай Мұқашев, Қазақстан Мәдениет саласы­ның үздігі, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы Бақыт Шағырбаев қатысты. Кездесу барысында еліміздің ішкі және сыртқы саясаты, жергілікті халықтың әлеуметтік мәселелері талқыланды. Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы кеңірек зерделеніп, түсіндіріліп, жиналған қауымның сұрақтарына жауап берілді. Соңында әнші Б.Шағырбаевтың орындауындағы әндер көпшілікке тарту етілді.


* * *

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозға­лысы атынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Сәдібек Түгелдің сайлауалды тұғыр­намасы жарияланды. Ешқандай партияға қатысы жоқтығын алға тартқан кандидат демографияға, шетелдерде тұратын қандастарымыздың оралуына, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оны толық қолданысқа енгізуге, Алашорданың идеяларын жаңғыртуды қолға алуға, жемқорлықпен күресті пәрменді жүргізуге, «Билер сотын» енгізуге күш салмақ. Оның бағдарламасы «Ұлағатт­ы ұрпақ – ұлттық ұстаным», «Ауыл – алтын бесі­гіміз», «Жемқорлыққа тосқауыл қоямыз!» «Біз қыран­дармыз – біз біргеміз», «Жер – жанымыз, тіл – тұғырымыз» атты бөлімдерден тұрады.

Кандидаттың осы ұстанымдарын көпшілікке жеткізу үшін кеше Көкшетаудағы сайлауалды қоғамдық штабы Достық үйінде жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Онда С.Түгелдің сенім білдірілген өкілдері жиналған қауыммен қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына дарыту, ауыл-аймақтың әлеуетін көтеру туралы пікір алмасты.

Бүгін С.Түгелдің өзі Щучье қаласына барып, Мәдениет үйінде шығармашылық кешін өткізеді. Сол іс-шараның барысында сайлауалды бағдарламасын қала тұрғындарына жан-жақты түсіндірмек.

Дайындаған Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»