Бөгенбай Құттықадамұлы 1761 жылы Зеренді өңірінде дүниеге келген. Бар ғұмыры ел ішіндегі ынтымақты нығайтуға бағытталған, туған жерін келімсектердің табанымен таптатпауға тырысқан қажырлы күрескерлікпен өткен. Топырақ та осы өңірден бұйырыпты.
Ұлы Абылайды көзі көрген, Кенесары ханға үзеңгілес серік болған Әз-Бөгенбай бабамыздың тапқырлығы мен жаужүректігі жайлы аңыз көп. Бір-бірімен сабақтасып жататын естеліктердің негізгі тақырыбы бидің даналығы мен ерлігі. Қазіргі күні аруақты биден тараған ұрпақ Зеренді ауданының Айдабол, әрідегі Сандықтау өңірінде тамыр жайған. Тектіден тараған тегін бола ма? Ержүректігімен, ел қорғаған ерлігімен есімдері ел есінде сақталған Жарылғап, Шауыпкел, Төлебай батырлар туралы ел ішіндегі көнекөз қариялар күні бүгінге дейін ауыздарының суы құрып айтып отырады.
Бидің мазары Зеренді ауылынан оңтүстік бағытқа қарай 25 шақырым жерде. Айдабол өзенінің оң қабағына салынған. Бөгенбай би 105 жасында дүниеден өткен. Болашақты болжай білген көрегендігінің арқасында көзі тірісінде әулие атанған адам. 2006 жылы Зеренді ауданының азаматтары өз елінде Әз-Бөгенбай би мен Әз-Тоғайұлы батырларға арнап биіктігі 7 метрге жуық мазар тұрғызды. Қазір тамылжыған көркем табиғаттың аясындағы еңселі мазар киелі жер санатында.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы