Руханият • 15 Мамыр, 2019

Алматыда академик Қилыбай Медеубековтің 90 жылдығына арналған конференция өтті

1096 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Академик Қилыбай Медеубековтың есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де жақсы таныс. Қазақ қой шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаған дарынды селекционер саналы ғұмырын қазақ ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне арнады. Ғылым Академиясының қабырғасында Қазақ ССР ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған айтулы ғалымның 90-жылдық мерейтойына арналған конференция өтті.

Алматыда академик Қилыбай Медеубековтің 90 жылдығына арналған конференция өтті

Ғылыми конференция көрнекті ғалымның елеулі еңбегін, ғылым саласындағы жаңа бағыттар мен шығармашыл жас ғалымдардың ізденістерін паш етуге бағытталды. Академик Қилыбай Медеубеков шәкірттерімен бірге ағылшынның бағалы майда жүнді ет-жүн қойының линкольн, ромни-марш, бордер-лейстер, гемпшир, суффольк, оксфорддаун, шевиот, саутдаун тұқымдарының климатқа бейімделуі мен пайдаланылуы бойынша ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Табанды еңбектің нәтижесі көптеген жылдар бойы еліміздің түрлі аймақтарында кроссбредті қой шаруашылығын жасау үшін жүзеге асырылатын асыл тұқымды қойларды репродукциялауға қызмет еткен импорттық қойлардың бірегей табынын қалыптастырды. Кейіннен ғалымның ғылыми беделінің арқасында Қазақстанға австралия мериносының ірі партиясы және алғаш рет аналық мал басы әкелінген болатын. Осылайша, Австралия мериносын Қазақстанның оңтүстік-шығыс жаңа биотоптарында жерсіндірудің оң әсері, оларды таза тұқымды етіп өсіру мүмкіндігі пайда болды.

Ғылыми ізденіс пен жауапты басшылық қызметтерді қатар ұштастырған Қилыбай Медеубеков  Қазақ қой шаруашылығы және Қазақ қой шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институттарын басқарған жылдары талантты ғалымдар шоғыры бұл салада жемісті жұмыс істеді. Осының арқасында Қазақстанда қой мен жылқының 8 тұқымы мен 10 тұқымдық және зауыттық сүлелері, көптеген желілері шығарылып, мал өсіру мен өнім өндірудің, оларды тиімді азықтандырудың ғылыми технологиялары игерілді.       

«Қилыбай Үсенұлының бүкіл ғұмыры мен атқарған еңбек жолы, оның ғылыми өмір мектебі кейінгі буын жастар үшін тұнып тұрған өнеге деп айта аламыз. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының әлі де шешімін таппай жатқан күрделі кезеңінде қажырын аямаған қайраткер ел үшін пайдалы жолды жаңылмай таба білді. Ол ең алдымен ірі ғалым, дарынды селекционер, практикалық мал шаруашылығының  білікті басшысы болды. Қойды асыл тұқымдастыру мен селекцияландыру, оның ішінде шетелден әкелінген мал тұқымдарын жер жағдайына бейімдеу  мен соның негізінде өнімділігі жоғары жаңа Қазақстандық қой тұқымын алу тәсілі зоотехникалық ғылымға қосқан баға жетпес үлесі екенін ұмытпауымыз керек»,–дейді «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институтының директоры, профессор Әбдіғани Бегманов.    

Айтулы ғалымның білім беру саласында болашақ жас мал шаруашылығы мамандарын дайындауға орасан үлес қосқанын тілге тиек еткен ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов, таяу арада Қилыбай Медеубеков тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылатынын жеткізді. Оның сөзінше, Алматы қаласынан ғалымның атына көше беру ісі де ономастикалық комиссияның қарауындағы шешімін күткен мәселенің бірі.        

Ғалымның шығармашылықтағы  үлкен ізденістерінің нәтижелері 700-ге жуық ғылыми мақалалар, әдістемеліктер, кітаптар мен монографияларда жарыққа шығып, ауыл шаруашылығы өндірісінде, еліміздің ауылшаруашылығы бағытындағы жоғары және арнайы оқу орындарында оқу құралы ретінде кеңінен қолданылып келеді.