Қондыгер-қаңлы (жалғасы)
Сәрсенбі, 9 қаңтар 2013 7:23
Aлғаш хабар келгенде Астиаг сенбеген көрінеді. Көтерілісшілерге қарсы тіпті әскер шығаруды керек деп таппаған екен. Осының арқасында Құрыш бастаған, енді белгілі бір тәртіпке бағынып, жүйеленіп, әскер болып қалыптана бастаған жасақ жергілікті жердегі Мидияның бірнеше гарнизондарын талқандап, қолдары қаруға жетіп, енді басқа ұлттарды, уәлаяттарды өзіне қосып ала бастайды.
Сәрсенбі, 9 қаңтар 2013 7:23
Aлғаш хабар келгенде Астиаг сенбеген көрінеді. Көтерілісшілерге қарсы тіпті әскер шығаруды керек деп таппаған екен. Осының арқасында Құрыш бастаған, енді белгілі бір тәртіпке бағынып, жүйеленіп, әскер болып қалыптана бастаған жасақ жергілікті жердегі Мидияның бірнеше гарнизондарын талқандап, қолдары қаруға жетіп, енді басқа ұлттарды, уәлаяттарды өзіне қосып ала бастайды. Оның үстіне Астиагты қайткен күнде соғысқа ұрындыруды көздеген әскерилер, көтерілісшілердің істерін, олардың жетістіктерін әлденеше есе өсіріп жеткізеді. Империяға қауіп төнгенін сонда ғана түсінген Астиаг үлкен әскер жарақтап Құрышқа қарсы аттандырыпты. Адамды Құдай ұрарда, әуелі оны ақылынан алжастырады ғой. Астиаг патша жер қайысқан әскерге бас сардар қылып өзінің уәзірі Гарпагты тағайындапты. Гарпаг осы әскермен, Аншаннан аулақта, ала-құла қаруланған жасақты бастап әрі-сәрі күйде тұрған Құрышқа келіп қосылады. Осылайша, бозбала Құрыш, көзді ашып-жұмғанша әлемдегі ең күшті армиялардың бірінің сардары болып шыға келеді.
Сұмдық хабарды естіген Астиаг күйіктен өліп кете жаздапты. Ең алдымен, тындырған ісі – бүкіл сәуегейлерін, жұлдызшы ғалымдарын жинап алып, жалынып-жалбарынып, жылағанына қарамай барлығын қырып салыпты. Кир туралы жазылған көп романдардың бірінде мынадай эпизод бар. Астиаг сәуегейлерге ақырып, «Сендер мені алдадыңдар, сол үшін осы жерде барлығыңның басың шабылады» дейді. Сәуегейлер мен ғалымдар жылап-еңіреп патшадан рақым сұрайды. Сонда бір ғалым басын биік ұстап үндемей тұрады. «Сен неге жалбарынбайсың?» депті Астиаг. «Оның не керегі бар» депті ғалым, «Сен тек тұрғанды да, жалбарынғанды да өлтіресің». Содан соң күледі. «Неге күлесің?» дейді Астиаг. Сонда ғалым, «Баяғы аспаннан түскен аян орындалып, бірнеше күннен кейін сендей қанішердің билігінің аяқталатынына қуанып күліп тұрмын» дейді. Әрине, бұдан кейін оның басы шабылады. Осы шаруаны тындырып болған Астиаг шұғыл сауын айтып, Мидияның қалған әскерін ең соңғы сарбазына дейін бір тудың астына жинайды. Сөйтіп, қол бастап жауға қарсы өзі аттанады. Бірақ, басынан бақ тайған патша алғашқы ұрыста Құрыштан, дәлірек айтқанда, өз ақшасымен жарақтаған әскерден масқара болып жеңіліп, майдан даласынан шегініп, астанаға қайтып келеді, қақпаның барлығын бекітіп, орды суға толтырып қорғанысқа көшеді. Ар жағы тіпті оңай. Құрыш келіп астананың алдына ту тіккенде қала халқы қақпаны ашып береді. Месопотамияда алғаш құрылған, заманына лайық озық экономика, биік мәдениет қалыптастырған империялардың бірі болып саналатын Мидия осылай құлаған екен. Жаңадан құрылған Парсы империясының құрамына осылай кірген.
Құрыш өзінің нағашы атасына кеңшілік жасапты, Гарпагтың айтуымен алыс бір уәлаятқа уәли қылып тағайындапты. Астиаг кетерінде Гарпагқа «Кегің қайтты ма, қайтса мені неге өлтіріп тастамайсыңдар?» дейді. Сонда Гарпаг айтыпты: «Сен сияқты бейбақ үшін тақтан айырылып қатардағы құлдың дәрежесіне түсудің өзі өліммен тең емес пе? Ал менің құлмен кек алысатын әдетім жоқ» деп. Астиагтың бұдан кейінгі тарихы бұлдыр. Қартайып өліпті деп куәландырады бір жәдігер. Жеңіліп тақтан түскен күні күйіктен өліпті деп куәландырады енді бір жәдігер. Тағы бір романда мынадай эпизод бар, өтірік-шынын кім білсін. Жылдағы салықты астанаға алып кетуге келген зекетші Астиагтың жер-жебіріне жетіп ұрсады. Мына салықты неге аз жинағансың, мен сені осының үшін дүрелеп алуға хақым бар дейді. Бір кездегі өзінің зекетшісі, өзінің құлы айтқан сөзге төзе алмаған Астиаг сол жерде өзіне-өзі қанжар сұғып өледі.
Қонған бақтың ұшардағы тарихы…
Таққа отырған Құрыш, мемлекет басқару деп аталатын зілдей ауыр міндетті мойнына артады. Вавилон, Ассириямен екі арадағы жер дауы, бұрынғы болған соғыстардың ізі, алыстағы Мысырмен екі арадағы дипломатиялық ойындар, Грекиямен (Юнан) болашақ соғыстарға дайындалу… толып жатыр. Бірақ, жас патша іске ерен қажырмен кіріседі. Әуелі Вавилонға (бізше Бабыл) қарсы соғыс ашады. Бұл соғыс ұзаққа бармапты. Құрыш қаланы қоршауға алады. Содан соң Вавилонның атаусыз патшалары, шын билік иесі дінбасылар Набонид патшаны тұтқындап, қаланың қақпасын ашып береді.
Азғантай уақыттың ішінде Құрыш патша қазіргі солтүстік Индия, Ауғанстаннан бастап жарты дүниені жаулап үлгереді. Осы жеңімпаз соғыстардың тарихын қарап отырсаңыз, таңғажайып бір құбылысты байқайсыз. Көптеген қалалардың тұрғындары қақпаны өздері ашып беріпті. Неге? Әлбетте, жаулаушы, қарсыласпай, соғыспай бас игеннің жаны қалады деп уәде береді. Барлық соғыстарда дерлік солай болады. Қоршауға түскен қалалардың халқы көп жағдайда қаланы қиратпай аман алып қалу үшін және ең бастысы, өз жанын сақтау үшін жауға беріледі. Бұл түсінікті. Бірақ, мұның сыртында тағы бір кілтипан бар. Ол кезде ұлттық мемлекеттер әлі пайда болмаған сияқты. Халыққа кім билесе де бәрібір, әйтеуір, патша өзі билеген жұртына жайлы болса болды. Ал жайлы болмаса, онда мәселе басқаша. Көп жағдайда қала халқының жауға берілген сатқындығына … әміршінің өзі кінәлі. Әскери міндеттен (бітпейтін соғыстарда қолына қару ұстай алатын еркек кіндіктінің барлығын тауысып бітіретін ақымақ патша кімге керек), қолындағы барын сыпырып алатын ауыр алым-салықтан, адамдығын таптайтын езгі мен қорлықтан әбден шаршаған халық ғайыптан келген жаулаушыға қақпасын ашып, патшасын өз қолымен ұстап әкеліп беріп жатса, оның қайран қалатын ештеңесі жоқ. Ол кездегі отырықшы халықтар елдік еркіндік үшін күреспейді – тыныштық үшін, еселі, тірнекті еңбекке кедергі келтірмейтін тыныш өмір үшін күреседі. Құрыш патшаның таңғажайып жеңістерінің сыры, аз уақытта ұлан-ғайыр жерді алып, пәленбай патшалықты бағындыруының сыры осында жатыр. Бірақ, тұтас патшалықтардың, тұтас халықтардың өз еркімен берілуінің артында сұмдық салдары бар. Қақпасын ашып қаласын өз қолынан берген, жерін өз еркімен ұсынған халық жай қуанбайды, «бізді азат ететін, тыныш өмір беретін патша келді, мұндай патшаны Құдайдың өзі жіберіп отыр» деп аспанмен астасқан мадақ жырларды жырлайды. Жаулаушы өзінің әлемді азат етуге келген жиһангер екеніне шынында да сене бастайды. Содан соң бұл сенім ақыр-соңында үлкен жаһандық идеяға айналады. Содан кейін жаңа патшаның маңайына ұйысқан, билікке, байлыққа аш жаңа элита да оны жаугершілікке итермелей бастайды. Құрыштың Месопотамияны жаулаумен шектелмей, тоқтай алмай ары, Грекия (Юнан) тарабына қарай аттануына осы екі фактор әсер еткен. Жеңімпаз патшалар бітпейтін соғыстың жолына осылай түсетін болған.
Құрыштың грек дүниесіне қарсы аттанып, Кіші Азиядағы жаулаған алғашқы мемлекеті Лидия деп аталған. Мермнад деп аталатын патша әулетінен шыққан Алиатт патша елін белгілі бір кезеңнен асырып көз жұмғаннан кейін таққа оның баласы Крёз отырады. Лидия патшалығы қазіргі жөнмен алатын болсақ, Түркияның оңтүстік-батыс аймағын алып жатқан Измир уәлаятына сәйкес келеді. Патша әулетінің бағына орай мемлекетті қақ жарып суында еріген алтыны көп Паттол өзені ағады екен. Осы өзеннің табанына қойдың терісін төсеп, біраз уақыттан соң алып кептіріп, жүнін қырқып отқа жаққанда, бір қойдың терісінен жұдырықтың үлкендігіндей алтын қорытылып шығады екен. Осылайша тонналаған алтын өндірген Крёз сол кездегі ең бай патша саналыпты. Орыстарда аса бай бола тұра сараң адамдарға айтылатын «Богат, как Крёз, а живет как пес» деген мәтел де бар.
Бірде, көне дүниеде ақылымен, ой-өресімен аты шыққан данышпан Солонды Крёз өзінің астанасы Сард қаласына арнайы шақыртумен алдырады. Ақылгөй философқа тиісті сый-сияпатын жасаған Крёз соңында оны өзінің қазынасы тұрған сарайға алып кіріп аралатыпты. Бірақ, Солон тау-тау болып үйіліп жатқан алтын-күміске, кеспектерді сындыра жаздап тұрған інжу, зүбәржат, гауһар тастарға немқұрайды көз тастап, шығып жүре беріпті. Сәл тіксініп қалған Крёз артынша бір отырыста данышпаннан «Әлемдегі ең бақытты адам кім деп ойлайсыз?» деп сұрайды. Солон өзін айтады деп үміттенгені белгілі. Бірақ, Солон ерлікпен қаза тапқан, өлгеннен кейін халықтың құрметіне бөленген бір адамды, содан соң жегетін ат таба алмай, аналарын арбаға отырғызып Құдайлардың пантеоны тұрған ғибадатханаға жаяу сүйреп келіп, сол жерде ұйықтап кетіп оянбай қалған, халқының аяулы есімдеріне айналған екі бозбаланы айтады. Шамданып қалған Крёз, сонда осынша байлық жинаған, осындай үлкен жұртты билеп отырған мен, менің басыма қонған бақ түкке де тұрмағаны ма дейді. Сонда Солон айтты дейді: «Мен адамның басына дәл осы сәтте қонған баққа көп сене бермеймін, себебі, бақ аумалы нәрсе. Адам өмірінің немен аяқталғанын көріп барып қана оның бақытты я бақытсыз екенін айтуға болады. Сондықтан, сіз жайында мен ештеңе айта алмаймын» депті. Сонда Крёз айтқан «О Солон, Солон, Солон!» деген сөз де даналықты мойындаудың қанатты мәтеліне айналған.
Осы кезде Кіші Азияның шетінен парсы әскерінің алдыңғы легі көрінеді. Крёз патша пәлекеттің алдын алмақ болып, Дельфтегі сәуегейлерге сияпат ретінде мол алтын жіберіп, мен Құрыш патшамен соғысайын ба, әлде соғыспайын ба? Соғыса қалсам, елімнің, өзімнің тағдырым не болады деп сауал жолдайды. Дельфтің сәуегейлері ешқашан нақты жауап бермеген ғой. Бұл жолы да Крёзге адам түсінбейтін екіұшты жауап беріпті, соғыссаң, сен гүлденіп тұрған ұлы мемлекетті күйретесің, депті.
Бұл сәуегейлікті Крёз өзінше жориды, гүлденіп тұрған мемлекетті Парсы деп шешеді, Құдай жолымды болдырайын деп тұр екен дейді. Сонымен, Крёздің армиясы парсыларға алдымен шабуыл жасайды. Үлкен жазықта болған күні бойғы шайқаста екі әскер тең түскендей екен, бірақ күн түстен ауғанда Крёз өзінің атты әскерін алдыңғы шепке шығарады. Құрыш Лидияның кавалериясына қарсы Азиядан алып келген түйе мінген шерікті қарсы қояды. Лидияның жылқылары бұрын көрмеген жануардың сабалақ жүнінен, жаман исінен шошып, тулап кері бұрылыпты. Осылайша, лидиялық әскердің шебі бұзылып опыр-топыр болады. Осыны пайдаланып Құрыш шешуші шабуылға шығады. Көп ұзамай жарым-жартылай қырылған Крёздің армиясы тізе бүгеді. Крёз тағынан, Лидия егемендігінен айырылады. (Кейіннен Крёз: «Сендер мені алдағандарың не, арандатып соғысқа ұрындырғандарың не?» деп дельфиялық сәуегейлерге өкпе-назын айтқанда, олар: «Біз саған гүлденіп тұрған мемлекетті күйретесің дегенді, яғни сенің өз мемлекетіңді айтып едік» деп жауап беріпті).
Парсылар Крёзді отқа өртемек болады. Биік үйілген отынның үстінде байлаулы тұрған Крёз от алғаш лапылдағанда «О, Солон, Солон, қайдасың данышпаным!» деп айқайлап жылапты. Құрыш бұл не деп тұр, кәне отты өшіріңдер дейді. Аздан соң алдына келтірілген Крёзден сұрапты, Солонның атын айтып неге жыладың деп. Крёз баяғыда болған жайды айтып келіп, мен әлемдегі ең бай патшаның бірі болдым, алтын мен күмісті, гауһарды құм есепті шаштым, бақыт деген осы шығар дейтінмін, бірақ Солонның айтқаны рас болып шықты, сен мені жеңіп, өртемек болып алаудың үстіне шығарғанда сол қисапсыз байлық менің бір сәттік өмірімді сақтап қала алмады, депті. Тамаша ғақлия әңгімеге риза болған Құрыш жарлығын өзгертіп, Крёзді жанына ақылшы қылып алыпты.
Бір қызығы, Құрыш скиф даласына өзінің ажалды жорығын бастағанда, оның штабында парсының қолбасшыларымен бірге осы Крёз де болған екен. Бірақ, оның одан кейінгі тағдыры белгісіз, скифтер оны өлтірді ме, әлде өлтірмей қоя берді ме, ол жағы беймәлім. Осылайша, Кіші Азиядағы ең бай және ең қуатты мемлекет құлаған екен. Осыдан кейін аз уақыттың ішінде Құрыш Грекиядағы бөлек-бөлек болып отырған мемлекеттердің барлығын бағындырады. Афина, Милет, ешкімнен жасқанып көрмеген жауынгер Спарта – бәрі-бәрі парсының табанының астына түседі. Эллин әлемі үшін бір заманға созылған кіріптарлықтың, құлдықтың кезеңі басталады.
Құрыштың соңғы жорығы
Күші бойына сыймай тұрған жеңімпаз парсылардың ендігі бағыты көне дүниенің барлық білімін, тылсым сырларын мұраланып қалған, перғауындар билік құрған жұмбақ ел Мысыр еді. Алайда, Грекияны бағындырған Құрыш аяқ астынан нілдей бұзылады, бүкіл әскерді Дәштіге, солтүстік-батыстағы скифтердің даласына бұрады. Жауланған елдерден қосылған соғыс өнерінің білгірлері, әсіресе, гректің стратегтері, басқа да ақылды адамдар Құрышты бұл жорықтан сақтандырмақ болады, дәл қазіргі сәтте қаншама қалалары бар, экономикасы дамыған, қазыналы Мысырды жаулаған жөн, ал тарихта ешкім бағындыра алмаған скифтерді соғысып, жеңіп бағындыру үшін оларды сол қиян даладан әуелі тауып алу керек. Ұшарын жел білетін жұртты іздеп таба алмай, бүкіл әскер аштан, шөлден қырылса масқараның үлкені сол болады дейді. Бір гректің қолбасшысы скифтер бұрын парсылармен жауласып па еді, соғысып па еді деп сұрайды. Жоқ, жауласқан да, соғысқан да емес, деп жауап береді парсылар. Олай болса, соларға тиіспей-ақ қойсақ қайтеді, дейді аталған қолбасшы. Бірақ, Құрыш ешкімнің уәжін тыңдамайды. Сонымен парсы империясының әр жерінде дамылдап жатқан қалың әскер батыс шекараға қарай жылжи бастайды. Күз, қыс өтіп көктем келгенде Құрыштың армиясы Әмудариядан өтіп бұрынғы Бактрия мен Согдиананың немесе қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстанның жерін басып Дәштіге қарай аттаныпты. Дені жаяу шеріктер болғандықтан парсының әскері баяу жылжып шамамен екі ай уақытта қазіргі Қызылорданың Шиелі ауданы тұсында ақыры скифтің әскерімен беттеседі.
Құрыш патшаның әскерінің саны жөнінде әлемдік ғылымда бірауызды пікір жоқ. Біреулер елу-алпыс мың десе, біреулер жүз-жүз елу мың, кейбіреулер екі жүз мың деген сандарды айтады. Тағы бір ғалымдар төрт жүз елу мың әскер дегенді айтады. Біздіңше, осы сан шындыққа жақын. Оның себебі мынада. Құрыш Солтүстік Индиядан бастап батыста Грекияны бағындырып, шамамен қазіргі Балкан түбегіне дейін жеткен. Оңтүстікте қазіргі араб мемлекеттерінің жерін бағындырған, солтүстікте Кавказға дейін жетіп, көне армян мемлекеті Киликияны жаулаған. Осы парсының дәргейіне қараған жұрттан, аталған төрт жүз елу мыңды шығару әбден мүмкін. Оның үстіне Құрыш жеңілген, бағынған елдердің армияларын өзіне қосып алып отырған. Сол себепті төрт жүз елу мың – ақылға қонымды сан.
Соғыстың болған жері жайында да әртүрлі пікір айтылады. Бір топ ғалым Құрыштың армиясы қазіргі Ауғанстанның жерінен көктемде аттанып, шілденің аяғы, тамыздың басында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның жерінде Тұмар патшаның әскерімен кездесті деген пікір айтады. Біз де осы пікірді ұстанамыз. Енді бір топ ғалым Құрыштың әскері қазіргі Түркіменстанның жерімен жүріп отырып Маңғыстаудың жерінде Узбой деген өзеннің жағасында скифтің әскерімен кездесті деген пікір айтады. Құрыш соғысқан массагеттердің қоныстанған жері осы көне Маңғыстау болғандығын бұл ғалымдар басты уәж қылып айтады. Бірақ, бұл маршруттың неге мүмкін емес екенін пайымдап көрейік. Біріншіден, жарты миллион әскерден тұратын армияның интенданттық, яғни азық-түлік және басқа да керек-жарақ қызметінің өзі әлденеше мың адамдардың қызметінен тұратын ұлан-ғайыр жүйе. Әскердің ашығып, көтеріліске шығып, патшаларын өлтіріп жан-жаққа тарап кетуі соғыстардың тарихында талай рет қайталанған оқиға. Армия уақытында керек-жарақпен қамтамасыз етіліп, тоқтаусыз жүріп отырып Маңғыстаудың даласына жетті дейік. Жеткенде скифтер… жоқ болып шықса ше? Отырықшы халықтарды ешқашан адам деп, соғысуға татитын жау деп есептемеген скифтердің, кең даланың басқа бір түкпіріне көшіп кетіп қалуы ғажап емес. Әбден мүмкін. Содан кейінгіні көзіңізге елестетіңіз. Төңірек жүздеген, мыңдаған шақырымға созылып жатқан дала. Күн шіліңгір, күйіп тұр. Ал ең басты қорлық, осыншама әуремен неше ай жүріп жеткенде жаудың жоқ болып шығуы. Содан соң, көптеген жиһангерді қор қылып қорлаған тағы бір нәрсе бар. Ол кәдімгі … іш ауруы. Қазіргі тілмен айтқанда дизентерия. Скиф үшін әрбір тау-тасының ешқандай құпиясы жоқ, кең жайлау жазира, жер жайымен таныс емес басқа адам үшін ажалды мекен болып шығуы мүмкін.
Құрыш та ақымақ емес. Ол әр кезде Дәштіге керуен тартқан саудагерлердің естеліктерін, саяхатшылардың жазбаларын байыптап зерделеп, өзі жаулауға бекінген өлке жайында барынша мол мағлұмат жинауға тырысқанына ешқандай күмән жоқ. Міне, сол себепті парсының әскері Маңғыстауға емес, қазіргі Оңтүстік Қазақстан жеріне шеру тартқан. Ол кездегі Бактрия мен Согдиана отырықшы ел жайлаған, өзен-суы мол, астыққа бай ел. Әскер осы абат өңірмен жүріп отырып діттеген жеріне шаршамай жетеді. Оның сыртында Құрыштың стратегиялық және бір есебі болған сияқты. Парсының әскері скифтің дәргейіндегі осы отырықшы елдерді жауласа, кең далада «қаңғып», ұстатпай жүрген скифтер соғысу үшін парсыларды өздері іздеп келеді. Содан кейін үлкен майдан ашылғанда Құрыштың аңсаған массагеттері өздерінің аталастарына көмекке келеді. Осылайша, ұлан-ғайыр Дәштінің даласында шашырап жүрген скифтер бір майданға жиналып, бала-шағасымен осы жерде қырылуға тиіс. Тамаша стратегия. Және бұл әскери-саяси есеп жартылай іске асқан да. Массагеттер шынында да, Бактриядағы қандас ағайындарына көмекке келген.
Ал енді Томирис – біздің Тұмар әжеміздің әскерінің саны қанша еді? Бұл сауалға жауап беру өте қиын. Салық жүйесі біршама қалыптасқан отырықшы елдердің санын салық құжаттарындағы мәлімет арқылы шамамен шығаруға болады. Содан соң халықтың санына қарап отырып әскерінің санын да шамалап есептеуге болады. Алайда, скиф дүниесіне келгенде статистикалық заңдылықтар жүрмей қалады. Әр кезде Дәштіге келіп-кеткен саяхатшылардың, көне тарихшылардың жазғандарынан ештеңе аңғару мүмкін емес. Біздің заманымыздың кейбір авторлары скиф аса үлкен халық емес еді, сол себепті әскерінің саны да аз болған деген пікір айтады. Кейбіреулері Тұмардың ертіп келген әскері парсының армиясынан екі жарым еседей аз еді деген жорамал жасайды. Осы, таянышы жоқ дерекке сүйенсек, онда Тұмар әже Жиделі-Байсынға жүз сексен мыңдай әскермен келген болып шығады.
Аз ба, көп пе? Скиф үшін немесе әдепкі екі халықтың соғысы үшін көп. Ал парсы мен скифтің соғысы үшін аз. Неге дейсіз ғой? Себебі, бұл соғыс скиф пен парсының соғысы емес. Бұл – скифтің бүкіл әлеммен соғысы. Құрыш Дәштіні қайткен күнде аламын, скифті қайткен күнде жердің бетінен жоямын деп ниеттенген. Скифтің қиын жау екенін білетін Құрыш жаңа империядағы соғысқа жарамды деген еркек кіндіктің барлығын өз туының астына жинаған. Яғни, скиф даласына сол кездегі бүкіл әлемнің әскері жиналған. Құрыштың армиясында Солтүстік Индиядан бастап Балкан түбегіне дейінгі аралықтағы халықтардың барлығының жауынгерлері болған. Осыған қарап біздің бабаларымыздың қандай қан кешкенін шамалай беріңіз.
Соғыстың алдында скифтер үшін, олардың патшасы Тұмар әжеміз үшін бір қасіретті оқиға болған. Тұмардың немересі (баласы емес) Аспара (гректің интерпретациясында Спаргапис) жанындағы азғантай ұланмен, ешкіммен ақылдаспай парсының көшін шауып, тұтқынға түседі. Осының алдында ғана Құрыш патша Тұмар падишаға хат жолдайды, қан төгіспейік, екеуміз үйленіп бейбіт шешімге келейік деген ұсыныс жасайды. Жасы келіп қалған Тұмар әже елшінің сөзін тыңдап болып, күліпті. Содан соң былай деп жауап беріпті: «Сен қу адамсың, Құрыш. Бүкіл өмірі ат үстінде өткен мені қайтесің, гаремің толған сұлу қыз. Саған мен керек емеспін. Саған менің елім мен жерім керек. Бірақ менің елім еркіндіктен басқа ештеңеге көнбейтін асау ел, сен оны бағындырамын деп әуре болма. Ал шынында да, қан төккің келмейді екен, олай болса әскеріңді ал да еліңе қайт».
Аспараның (Спаргапис) тұтқынға түсуінің өзі жұмбақ жайттарға толы. Геродоттың және басқа авторлардың куәландыруы бойынша, Құрыш массагеттердің артынан қуалай-қуалай шаршағаннан кейін мынадай бір қулыққа барады. Ауырған, сырқаған әскерлерді, жандарына торсыққа, сабаларға құйып көп шарап, тұтастай қақталған қой мен сиырдың етін қалап қойып (оны қайдан ала қойды екен?), қалған әскерді алып шегініп кетеді. Түн ішінде Аспара осы ауру-сырқаулардың ауылын шабады, барлығын өлтіріп, содан соң тойлауға отырады. Етті опырып жеп, шарапты төңкеріп ішіп, ақырында мас болып, қылжиып ұйықтап қалады. Қайтып келген парсылар барлығын тұтқындайды.
Әрине, бұл, парсының нәсілшіл, ұлтшыл тарихи ғылымының тудырған «шежіресі». Астиаг патшаның әкесі Қиақсар да скифтерді осылай ішкізіп-жегізіп, мас қылып барып қырып салады. Көне парсы мен қазіргі Иранның тарихнамасында үнемі қайталанып отыратын бұл эпизодтың көздейтін астарлы мақсаты – скифтерді ішсе тамаққа, кисе киімге жарымаған, қолына шарап пен тамақ түссе өлерін білмей іше беретін, жей беретін, яғни даланың тағы айуаны сияқты тек қана инстингке бағынатын әлдебір мақлұқат қылып көрсету. Түп мұрат – Иранның адамдық, инсаниаттық, мәдени, т.б. тұрғылардан алғанда Тұраннан өлшеусіз биік тұрғанын көрсету, парсының бойында, көңілінде, қанында далалықтарға деген өштікті өшірмей, үнемі қоздатып отыру (Осы орайда Қазақстанның Ирандағы елшілігінде біраз уақыт жұмыс істеп келген бір адамның әңгімесі есіме түседі. Оның айтысына қарағанда, қазіргі Иранның Шираз қаласынан 70-80 шақырым жерде жатқан Парсының ескі астанасы Персепольдің тас сынықтары ғана қалған ескі жұртына жыл сайын наурыз айында мыңдаған адам жиналып, скифтердің парсыны қалай шапқанын баян ететін сахналық қойылымдарды тамашалайды екен. Бұл да бүгінгі қызылбас жұртын ақырындап үстем санаға баулу болып саналады).
Аспараның жау қолына қалай түскенін біз енді ешқашан да біле алмаймыз. Ал өз басым оның мас күйінде тұтқынға түскеніне сенбеймін. Қолына ханзададай қымбат тұтқынды түсірген Құрыш енді саяси шантажға көшеді, скифтерге зор талаптар қоя бастайды. Өзінің саяси саудадағы ойыншық тұлғаға айналғанын көрген Аспара, бірде Құрыштың алдына жауапқа келгенде парсының бейғам тұрған бір әскерінің қанжарын қынынан жұлып алып өз жүрегіне қадап өліпті. Тақтың мұрагері, Ишпақай әулетінің ең соңғы еркек кіндіктісі өмірмен осылай қоштасқан екен. Хабар дереу Тұмар әжеге жетеді. Қайғыдан күйзеліп, ілезде жүдеп қалған Тұмар әже есеңгіреп отырып Құрышқа соңғы сәлемін жолдапты. «Сен аяр, қанішер Құрыш, менің баламды алдап қолыңа түсірдің, қанын төктің. Мен кешеге дейін сені аяп, өлтірмей қоя берейін деп келіп едім. Енді саған ешқандай аяушылық жоқ. Ажалыңа дайындал. Қалай соғысқанды қалайсың? Өзеннің арғы жағасында соғысқың келсе, жағадан шегініп біздің әскеріміз сиятындай жер қалдыр. Бергі жақта соғысқың келсе, онда жағадан біз шегінейік» депті.
Құрыштың армиясы өзеннің бергі жағасына өтеді. Сонымен біздің дәуірімізге дейінгі 529 жылы тамыз айының бір күнінде, су анасы Сырдарияның жағасында, жүзден астам халықтың ұлдары қатысқан әлемдегі ең ұлы қантөгіс басталады. Геродот жазады, адамзат тарихында мұндай соғыс бұрын-соңды болмаған екен деп. Бұл соғыстың қанша күнге созылғаны жайында да әрқилы пікір айтылады. Геродот бір күнде бәрі де аяқталған екен дейді. Кім біледі. Бірақ соғыстың тоқтаусыз қызу жүргені анық. Қадым заманының авторлары скифтің ерлігін сипаттағанда, «ешбір өлшемге симайтын ашу, ыза, кек» деген бейнелі сөзді пайдаланады («ярость, которая не поддается никакому описанию»). Осы ұрыста әлемнің ең ер халықтары скифтің садағы мен жебесі, скифтің найзасы, скифтің семсері дегеннің не екенін таниды. Парсының әскері тұтастай қырылыпты. Соғыстан кейін Тұмар әже Құрыштың мәйітін іздеп таптырыпты да, басын кесіп, «қанға тоймадың ғой, енді қанып іш» деп қан толтырған көн дорбаға салдырыпты.
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.
*”Томирис” Суретті салған А.ДҮЗЕЛХАНОВ.
(Жалғасы. Басы өткен нөмірде).
(Жалғасы бар).