Туризм • 15 Мамыр, 2019

Қыздар университеті «7 жаңа туристік маршрут» жобасын қолға алды

1643 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары оқу орнының талантты студенттерімен бірлесе отырып, «7 жаңа туристік маршрут» жобасын қолға алды.

Қыздар университеті «7 жаңа туристік маршрут» жобасын қолға алды

Жобаның мақсаты – отандық және жергілікті туризмді дамыту жолдарын қарастыру, аймақтық киелі жерлер мен жәдігерлерді насихаттау.

Жаңа маршруттардың желісіне орай, студенттер мен магистранттар арасында конкурс ұйымдастырылды. «7 жаңа туристік маршрут» стартап таныстырылым байқауына қатысуға өтініш білдірген 19 топтың ішінен алдын-ала іріктеуден өткен 8 топ ақтық кезеңге жолдама алды. Атап айтқанда, жарысқа Жаратылыстану факультетінен «Құрлықтар жұлдызы», «Жалынды жастар», «Қыран» және «Сириус», Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінен «Асу», «Жетісу», Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінен «7Qaz» және «Сұңқар» топтары қатысты.

Сайыс барысында әр команда көпшілікке кеңінен таныла қоймаған, алайда туристік әлеуеті жоғары нысандардың өзіндік ерекшелігін таныстырып, бизнес-жоспарын қорғады. Қазылар алқасы әрбір жұмыстың ерекшелігін, мәні мен маңызын жете сарапқа салды. Нәтижесінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттерінен құралған «Жетісу» тобының«Жетісу–жер жәннаты» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылды. Екінші орынға Жаратылыстану факультетінің студенттерінен құралған «Қыран» тобының «Сырға толы Сыр елі» атты жобасы ие болды. Аталған факультеттің «Жалынды жастар» командасының «Рухы бекем киелі мекен Жетісу» атты жобасы үшінші орынды қанжығалады.

Алдағы уақытта үздік деп танылған маршруттар бойынша арнайы экспедиция ұйымдастырылмақ. Экспедиция барысында сайыс жеңімпаздары өздерінің құрастырған маршруттарымен жүріп, туристік нысандар мен киелі жерлерді гид ретінде таныстыратын болады.

– Туризмді дамыту үшін елімізде барлық алғышарттар бар. Десе де Қазақстан бай туристік-рекреациялық әлеуетке ие болғанымен, елдегі  туризм саласының жеткілікті деңгейде дамымай жатқандығы жасырын емес. Неге? Сауал көп. Қазақстанға келетін туристерге «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» курорттық кешені, Шарын шатқалы, «Көлсай», «Бурабай» сияқты туристік нысандар таныс болғанымен, олардың  тартымдылығы жоғары, ұлттық рухтың қайнар бұлағына айналған киелі де қасиетті орындар туралы біле бермейді. Сондықтан да бүгінде осы тақілеттес сакралды мекендердің аймақтық желісін жасап, бір жүйеге келтірудің маңыздылығы артып отыр, – дейді университет ғалымдары.