11 Қаңтар, 2013

Қондыгер-қаңлы (жалғасы)

518 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Қондыгер-қаңлы (жалғасы)

Жұма, 11 қаңтар 2013 7:38

Мiне, құрметтi оқырман, бiздiң аталарымыз өздерiн өздерi «қондыгер» немесе «қаңлы» деп атапты. Ал әлемдiк ғылым әлi күнге дейiн пайдаланып келе жатқан «скиф» терминi – ол гректiң экзоэтнонимі. К.Т.Витчек пен С.В.Кулланда бұл сөзді көне гректің «skuda-te», яғни «лучники» – «садақшылар» немесе «жебелі жауынгерлер» деген сөзінен шыққан деп түсіндіреді («Википедия»).

Жұма, 11 қаңтар 2013 7:38

Мiне, құрметтi оқырман, бiздiң аталарымыз өздерiн өздерi «қондыгер» немесе «қаңлы» деп атапты. Ал әлемдiк ғылым әлi күнге дейiн пайдаланып келе жатқан «скиф» терминi – ол гректiң экзоэтнонимі. К.Т.Витчек пен С.В.Кулланда бұл сөзді көне гректің «skuda-te», яғни «лучники» – «садақшылар» немесе «жебелі жауынгерлер» деген сөзінен шыққан деп түсіндіреді («Википедия»). Ендi «хұн» этнонимiне келейiк. Сол парсының жазбаларының кейбiреуiнде «қондыгер» сөзi «хондыгер», «хондикяр» немесе «хундикяр» болып жазылады. Бұл парсы тiлiнiң өзiне ғана тән сингармонизмiнiң әсерiнен пайда болған әдепкi тiлдiк эффект. Яғни «қаңлының» басқа тiлде (мысалы, парсы тiлiнде) «хунлы» болып кетуi әбден мүмкiн нәрсе. Өкiнiшке орай, совет заманында «хұн» этнонимi жеке этимологиялық проблемаға айналып, осы өнiмсiз бағытта қаншама ғалым өмiрiн, ақылын сарп етiп, уақытын босқа өткiздi. Еуропаша «скифтер», бiзше «қаңлы» немесе «қондыгер» ешқайда кеткен жоқ, осы кең далада қонысын ғана ауыстырып, «өркениеттi» халықтарға бiр көрiнiп, бiр көрiнбей кетiп жүрген. Бiрақ ешқашанда қондыгер немесе қаңлы жойылып кетiп, орнына хұн пайда болған емес. Қондыгер – қаңлы мен хұн үшеуi бiр-ақ халық. Төңiректегi көршiлес халықтар бiз туралы ешқашан ұмытпаған. Бәрiн былықтырып, бүлдiретiн терiс ниеттегi сарай тарихшылары. Ал сингармонизмнiң, дыбыс үндестiгiнiң аударылып-төңкерiлген, мидай сапырылысқан құбылыстары кезiнде «қондыгер» мен «қаңлының» пәленбай рет «хұнға» да, басқаға да айналып кетуi оп-оңай, күнiне әлденеше рет болатын, қайталанатын нәрсе. Этимология, этногенез деген ұшы-қиыры жоқ батпақты тауып берiп, бiздi соған батпақтатып қойған – совет ғылымы. Қазақ ғылымы әрiпке таласып жүрiп, басынан тұтас бiр ғасыр өткiзiп алыпты. Осы керауыз дауға кеткен күш басқа, өнiмдi бағытқа жұмсалса, бiз қазiр қайда отырар едiк?

Бiздiң мұратымыз – совет ғылымы ойдан шығарып алдымызға тартқан, шиесi ешқашан шешiлмейтiн жын-перi жұмбақты шешiп әуре болу емес. Себебi, бұл «жұмбақтың» соңына түсетiн болсақ, ендi бiр ғасырымыз босқа өтедi, босқа кетедi.
Ең басты нәрсе – басқалардың бiз жайлы пiкiрi емес. Ең басты нәрсе – бiздiң өзiмiз жайлы пiкiрiмiз.
Бiздiң тарихымызды бөгде тарихшылар қалай бөлшектесе де, қиыннан зорлықпен қиыстырылған «дәлелдер жүйесi» бiр нәрсенi – көшпендi «қаңлы-қондыгердiң» о баста бiр-ақ нәсiл болғандығын жоққа шығара алмайды.
Ал ендi бiздiң көне, нәсiлдiк атауы­мыздың қазақтың Ұлы жүзiндегi бiр рудың атауы ғана болып қалуын екi түрлi жоруға болады.
Ол жорудың бiрiншiсi мынадай: тоқ­тау­сыз жүрген этногенез процесi кезiнде қондыгер-қаңлы рулары әртүрлi тағдыр жетегiнде жан-жаққа тарағанда, әрқайсысы өзiне жаңадан этникалық ат иемденген. Осы есiм, ат үлестiру кезiнде қондыгер-қаң­лының бiр руы өзiнiң ескi атымен қал­ған. Ал көнеден келе жатқан қондыгер заңы – «миноратты», яғни кенже ұлдың қара шаңырақты иемденiп қалатын заңын ескеретiн болсақ, онда Ұлы жүздегi қаңлы руы қондыгердiң (скифтiң) кенже ұлынан тараған қара шаңырақ иесi болып шығады.
Екiншi жору тарихтағы Қаңлы мем­ле­кетiмен байланысты. Осы Қаңлы мем­ле­кетiнiң негiзiн қондыгер-қаңлы руларының әйтеуiр бiреуi қалаған ғой. Бұл саяси құ­рылым неге «Қаңлы мемлекетi» деп аталады? Жауап бiреу-ақ: жаңа мемлекеттiң ұйытқысы болған тайпа, ру, байырғы, көне елдiктi қайтадан қалпына келтiру мақсатында өзiне «қаңлы» деген ат алған. Өзiн қондыгер-қаңлы санайтын барлық ел жаңа байрақтың астына жиналсын, баяғы төрт тараптың барлығы айбынған айбарлы мемлекетiмiздi қайтадан құрайық деген көне ұран бұл. Ол кезде қазiргi түрiк халықтары қалыптаспаған. Қазiргi ру аттары жоқ, сол себептi «қаңлы» деген ұран әр көшпендiнiң жүрегiне жақын. Ол кездегi «қаңлы» ұраны қазiргi қазақтың «Алаш» деген ұраны сияқты болған. Содан берi ондаған ғасырлар, дәуiрлер өттi. Бiрақ ештеңе де өзгерген жоқ, ағайын. Бiз баяғыдай қондыгер-қаңлымыз. Бiз баяғыдай қондыгер құба жұртпыз.

Ханың қаңлыдан болсын

Ендi жоғарыда аталған мақалдарды еске түсiрiп, хан сайланғанда неге қаңлыдан ғана сайланатынын пайымдауға тырысайық. Әлбетте, бұл қазақтың мақалдары емес. Бұл, қондыгер-қаңлы заманынан келген және көшпендi дәуреннiң аз ғана мұрагерлерiнiң бiрi болып саналатын қазақта ғана сақталған мақал болуы мүмкiн. Әйтеуiр, якут немесе әзербайжанда мұндай мақалдың жоқ екенi анық.
Қаңлыдан хан сайлау – қазақта жоқ жосық. Өйткенi, қаңлы қазақтың көп руы­ның бiрiне айналды. Ал Шыңғыс хан көшпендiлер әулетiн толықтай бағын­дыр­ғаннан кейiн бүкiл билiк жүйесi төре атанған осы Шыңғыстың тұқымдарының қолына өттi. Бұл ежiктеудi қажет етпейтiн әмбеге аян нәрселер.
Құрметтi оқырман, қаңлыдан хан сайлау дәстүрiн түсiну үшiн, бiз, кейiнгi 3 мың жылдың беделiндегi заңсыз елдiктер, заңсыз егемендiктердiң күйкi тарихынан бас тартып, азырақ болса да дәстүрлi дүние тарихына жанасуымыз керек.
Баяғыда Шығыстың бiр ғалымының айтқаны бар, «Дүниеде Индияның бар бол­ғаны қандай жақсы. Егерде Индия бол­мағанда бiздiң сөзiмiздiң пәтуасы, дәле­лiмiздiң таянышы болмас едi» деп. Бұл жерде ғалым, Байырғы Iлкi Дәстүрдiң Индияда сақталып қалғанын айтып отыр. Иә, Индия көне, байырғы дүниенiң қатып қалған бiр үлгiсi сияқты. Баяғыда қолданыстан, айналыстан шыққан, өзiнiң барлық мағынасынан айрылып, ендi түсiнiксiз аномалияға, кейде құбыжық құбылыстарға айналған көне дағдылар, ғұрыптар мен заңдарды сiз осы Индияның бүгiнгi тұрмысынан ұшы­растырасыз. Мiне, осы Индияда, о бас­тағы бар бiтiмiмен бұзылмай сақталған құ­былыстың бiрi – дәстүрлi дүниедегi қоғамдық бөлiнiс үлгiсi.
Ендi осы жайында қысқаша болса да айтып кетейiк. Осыдан ондаған мың жыл бұрынғы байырғы заманда да дүние осындай күрделi болған. Ол заманда да жер бетiнде қаптаған қалалар болған, мән-мағынасы, мүддесi бiздiкiнен аспаса, кем емес өмiр болған. Бiзден бар айырмасы – ол кезде нәсiлдер, милләттар, халықтар бол­маған. Әулеттер ғана болған. Көне үндiнiң жазба тiлi санскритте бұны «варна» дейдi. Голландияның ғалымдары «кас­та» деген терминдi пайдаланады. Ал бiз қазақ ұғымына жақын «әулет» деген сөздi алайық. Бұндай әулет төртеу екен. Бiрiншiсi, және ең жоғарғысы – брахмандардың, бiзше сахабалардың әулетi. Бұлар Құдаймен, яғни Абсолютпен тiлдеседi, фәни дүние жайында көп ойланбайды, бар ақылы тек қана бақиға бағышталған. Бұдан кейiнгi «кшатрийлер», бiзше әскери әулет. Бұлар бақи жайлы көп ойланбайды, бар керегi фәниде. Әрекеттi ғана мойындайтын бұл қажырлы әулеттен әлемдi билеген патшалар шыққан. Үшiншi әулет – «вайшьялар», еңбек адамдары, қолөнершiлер, саудагерлер, т.т. Төртiншi әулет – «шудралар», ең төменгi тап. Бұлар негiзiнен құлдықта жүретiн әулет.
Қондыгер-қаңлы, әскери қоғам болған­дық­тан екiншi топ – «кшатрийлер» тобына жатады.
Соңғы зерттеулерге қарағанда дәстүрлi дүние, немесе қарапайымдап айтсақ, Iлкi Дәстүр, осыдан 11500 жыл бұрын күйреген екен. Бiрақ, бүкiләлемдiк апаттан аман қалған халықтардың көбi өздерiн басқаратын, билеп-төстейтiн патшаларды мiндеттi түрде әскери әулет, «кшатрийден», немесе, бiзше айтқанда қаңлыдан, қондыгерден қалап сұрап алу дағдысын, дәстүрiн ұмытпаған. Құрметтi оқырман, сiз осы мәлiметтерге сенуiңiз керек, ақиқат деп қабылдауыңыз керек. Ал сенбесеңiз, онда бұдан кейiнгi әңгiмеде ешқандай мән-мағына қалмайды. Бүкiләлемдiк апаттан кейiн де адамзат есiн жия бастаған мыңжылдықтар барысында дәстүрдi ұмытпаған халықтар қаңлыдан, қондыгерден барып өздерiне патша сұрап алатын болған.
Әрине, осы жолдарды оқып отырған адам «Автор жаңа ғана дәстүрлi дүниеде милләттар, халықтар болмаған – тек кас­талар, әулеттер ғана болған дейдi де, содан соң аунап түсiп, халықтар қаңлыдан, қондыгерден өздерiне патша сұрап алатын болған дейдi. Сонда қай сөзге сенемiз? Халықтар сонымен болды ма, болмады ма?» деп таңғалуы мүмкiн. Таңданыс орынды. Алайда, бұл таңданысқа жауап та дайын.
Құрметтi оқырман, кешiрiм өтiнемiн, бiрақ мен «халық» дегендi, әңгiменi жеңiлдету мақсатындағы шартты термин ретiнде алып едiм. Алдыңғы айтқаным дұрыс. Милләттар, халықтар болмаған. Ұлттар, ұлттық мемлекеттер кейiн пайда болған, дәлiрек айтқанда, кейiнiрек, және қолдан жасалған. Ал бiз айтып отырған қаңлы заманында адамзатта ұлттық сана емес – тек әулеттiк сана ғана болған.
Қаңлыдан патша сұрап әкелу көзкөрiм жердегi кешегi ғана тарихта болған құбылыс. Алысқа бармай, Ресейдi-ақ алайықшы. Борис Годунов таққа заңсыз отырарға дейін Ресейдi Скандинавиядан келген Рюриктер әулетi билеген. Иван Грозный мен оның ұлы Федор – Рюрик әулетiнiң соңғы патшалары. Годунов өлгеннен кейiн неше жылға созылған бұлғақтан соң боярлардың құрылтайы таққа Романовтар әулетiн отырғызды. Романовтар – орыстың өзiнен шыққан «ұлттық патшалар» әулетi. ХХ ғасырдың басында өзiнiң 300 жылдық торқалы тойын тойлап тақтан тайған бұл әулеттiң осы үш ғасырлық билiгi кезiнде Ресейде ешқашан береке болған емес.
Әрине, скандинавтар – қаңлы емес. Бiз бұл жерде, скандинавтардың, маңайындағы халықтарға патша үлестiретiн әскери әулет екенiн ғана айтқымыз келдi.

Құрыш деген кiм едi?

Олжас Сүлейменов өзiнiң «Аз и Я» атты еңбегiнде Құрыш патшаны бала кезiнде асырап-сақтаған сүт анасының есiмiн талдайды.
Құрыштың өгей анасы Спако – өмiрде болмаған адам екен. Үндi-еуропа тiлдерi деп аталатын тiлдiк жүйеде «спако» немесе «собака» – «ит» дегендi бiлдiредi. Ал ит пен қасқыр – екеуi бiр тотем. Одан әрi қарай тереңдеген ғалым «собака-спаконы» түрiк тiлдерiндегi (мысалы, қазақ тiлiндегi) «иiс бақ», яғни, «иiсшiл, iзшiл, мақұлық» деген сөзден шыққан деп дәлелдейдi.
Мәдениетте бiр құбылыс бар, оны шартты түрде «прессинг-диффузия» («сығылу-кеңею») деп атайық. Үлкен оқиғалар, текс­тер, т.т. кейде ықшамдалып, кiшiрейiп отырады. Күндердiң күнiнде ұлттық мәдениет өзiн-өзi пайымдап, жаңа сюжеттер iздей бастағанда осы таңбалардың жұмбағын шешедi. Сол кезде таңба өзiнiң алғашқы текст қалпына келедi, ұлғаяды. Құрыш патшаның балалық шағы хикаясын осы заңдылыққа салып пайымдасаңыз, онда «Құрыш патша бала кезiнде итке (немесе қасқырға) табынатын бiр тайпаның тәрбиесiнде болған» деген текст шығады. Ал қасқыр (немесе ит) – қаңлының тотемi екенiн еске түсiрсек, онда Құрыш бала кезiнде «қаңлының», «қондыгердiң» тәрбиесiнде болған болып шығады. Румын ғалымы Мирча Элиаде бiр мақаласында парсы мәлiметтерiне сiлтеме жасап отырып, Құрыштың хаумаварга деген скифтiң руынан шыққандығын атап кетедi. Бұдан нендей қорытынды шығаруға болады? Демек, Құрыштың нәсiлi парсы емес – қаңлы, қондыгер. Парсылар, байырғы салт бойынша қаңлының бiр руынан өздерiне патша сұрап алған.
Олай болса, ендi Тұмар мен Құрыштың соғысы – кiм мен кiмнiң соғысы деген сауал туады. Тұмар – қаңлы, Құрыш – қаңлы. Сонда қаңлы мен қаңлы соғысқаны ма? Иә, дәл солай. Тек аз-маз түзетуi бар. Әрине, Құрыштың әскерi – қаңлы емес (iшiнде Құрыштың аталастары болуы да мүмкiн, болмауы да мүмкiн). Құрыштың әскерi парсы империясындағы жүз түрлi халықтардың өкiлдерiнен жасақталған.
Қаңлының әскерi Құрыш бүкiл әлемнен құрап, жинап алып келген ұлы армиямен соғысқан. Ал бiрiмен-бiрi аяусыз кескiлескен екi армияны да басқарған – қаңлы, қондыгер патшалары. Яғни, бәрi де баяғыдай, кешегiдей, барлық уақыттағыдай, қаңлы, қондыгердiң екi ақсүйек әулетi, екi элитасы бiр-бiрiмен соғысқан. Көшпендi көшпендiмен күрескен.

Бабылдың қазынадарлары

Сасан әулеті заманы тарихшыларының жазбаларындағы ең құнды мәлiмет Ба­был­дың қазынадар-сахабаларына қатысты. Әрине, бұл арада – сахаба ұғымы шартты түрде алынып отыр. Мұхаммед пай­ғам­бардың (с.ғ.с.) серіктерінің атауынан кейін ғылыми айналымға түскенімен, бұл сөздің аса беделді дін иелеріне қолдануға келетіні талассыз болса керек.
Әуелi қаланың атына қатысты бiр-екi ауыз анықтама. Батыс әулетi Вавилон деп, бiз Бабыл деп атайтын қаланың өзiндiк аты – Бабилу. Ұлттық тiлдер, ұлттық мемлекеттер пайда болмай тұрғандағы этимология бойынша Бабилу – «Құдайға апаратын қақпа» дегендi бiлдiредi. «Баб» – қақпа, ал «Илу» – Құдай. Яғни, «Алла» деген Құдайдың аты бұрыннан бар. Мысалы, «Алла» сөзiмен «Иллахи» сөзi қатар жүре бередi. Қазақта да «баб» – «қақпа» деген мағына бередi. Мысалы, «Арыстанбаб» – «арыстанның қақпасы» деген мағына бередi. Кейiннен бұл өмiрде шын болған әулиенiң есiмi деп танылды.
Абайдың «Ескендiр» поэмасындағы Ескендiр келiп қаққан, Аллаға апаратын қақпа – осы Бабыл, соның қақпасы. Хәкiм Абай Бабылдың бiраз құпиясын бiлген сияқты, себебi, аталған поэмадан әлдебiр қорқынышты, тылсым астар сезiледi.
Бабылдың қалай пайда болғандығы, iргесiн кiм, қалай қалағандығы Вавилон тарихына қатысты кiтаптарда егжей-тегжейлi айтылған. Бiрақ бұл кiтаптар бiрнәрсенi – Бабылдың түсiнiксiз, жұмбақ, қорқынышты құдіретi жайында ештеңе айтпайды. Бiз тек қаланы және шағын мемлекеттi патша әулетi емес, сахаба сиқыршылар әулетi билегенiн бiлемiз.
Сахабалар өте бай болған. Олар патшаларды ғана емес, тұтас мемлекеттердi сатып ала алатын болған. Мысалға, қала халқы мереке күндерi ғана тамашалай алатын Бела-Мардука құдайдың мүсiнi саф алтыннан құйылған екен. Салмағы – 8 тонна. Айта кетейiк, 8 тонна алтын – шағын бiр мемлекеттiң бюджетi. Бұл, мүсiннiң өнебойына орнатылған қисабы жоқ гауһар тастың құнын есептемегенде. Ал сахабалардың құпия ғибадатханасында, олардың өздерiнен басқа адам баласы көруге тиiс емес Мардука мүсiнiнiң салмағы 20 тоннадай екен. Әлбетте, бұл мүсiн де таза алтыннан құйылған. Сасан әулеті  тарихшылары, бұл алтын (мүсiндi құюға кеткен алтын) сахабалардың бар қазынасымен салыстырғанда теңiздiң жанындағы там­шы­дай-ақ деп куәландырады. Бабылдың күнтiзбесiнде арнайы бiр күн болыпты. Қазiргiше тамыз айының бiр күнi. Осы күнi Бабылдың барлық құлдарына, қыз­мет­шiлерiне бостандық берiледi екен (бiр күндiк бостандық). Ол күнi олар не iшем, не жеймiн демейдi. Тiптi, еркелеп патша мен уәзiр болып, түрлi сахналық ойындар ойнайтын болыпты. Осындай бiр күндiк мерекенiң кезiнде сахабаның үйiн жинап, дастарқан басында шарабын құйып берiп тұратын бiр қызметшi масайып қалып, «Бiздiң қожайындарымыз бүкiл жерiмен, халқымен, патшасымен қосып сатып алатын бiр лайықты мемлекет таба алмай жүр» деп айтып салады. Ертеңiне сол қызметшi iзiм-қайым жоғалып кетiптi. Осыдан қалған «Қожайының құдіреттi болған сайын, аузың берiк бола түсу керек» деген бабылдық ескi мақал бар екен.
Сахабалардың анық шыққан тегiн, қай әулет екенiн де ешкiм анықтап айтып бере алмайды. Әйтеуiр дәстүрлi дүниеден, ықылымда қалған Алтын Империядан тамыр тартқан тұқым екенi ғана аян.
Құрыш патша Бабылдың қақпасына келгенде сахабалар Набонид патшаның қол-аяғын байлап, алып шығыпты. Бiр деректе патша өлтiрiлген екен. Ескi салт бойынша қандай жиһангер болса да қалаға кiргеннен кейiн ғибадатханаға келiп, бас сахабаға сәлем берiп шығуы керек екен. Құрыштың оққағарлары ғибадатханаға кiрмек болғанда, сахабалар оларды «сендерге кiруге болмайды, патша ғана кiредi» деп тоқтатыпты. Сонымен, Құрыш алтынмен апталған ауыр есiктен ары өтедi де … iзiм-қайым жоғалады. Жасауылдар ұзақ тосып, ақырында ғибадатханаға бұзып кiргенде, самаладай боп жүздеген шам жанып тұрған үлкен залдың ортасында шалқасынан талып жатқан патшасын көредi. Қабырғаны жағалай үлкен адамның кеудесiнен келетiн ауыр сандықтар. Сандықтардың iшi толған алтын.
Мiне, осы күннен бастап жиһангер Құрыш қанша соғыс жүргiзсе де ешқашан ақшадан тарықпапты. Бiрақ, осы күннен бас­тап ол солтүстiк-батыстағы Дәштiнi мекендеген қондыгер, қаңлы жұртын қайткенде бағындыруым керек, ал бағынбаса, онда жер бетiнен жоюым керек дегендi айта бас­тайды. Жауланған жұрттардан қосылған грек, лидиялық, армян, ассириялық әскер­басылармен қатар Құрыштың сарайындағы әскери кеңестерге бiрнеше сахаба да қа­ты­сып отырады екен. Әрбiр кеңес сайын олар да «жер бетiнде қаңлы-қондыгер (скиф) барда мемлекеттерiң қауiпсiз бола алмайды, халқың тыныш ұйықтай алмайды» деп қоздатып отырады екен. Құрыштың ғибадатханада талып жатқан жайын сасанид тарихшылар былай деп түсiндiредi. Құрыш кiргеннен кейiн бас сахаба оған бiр iшiмдiк берiп ант алады, ант кезiнде, яғни, iшiмдiктiң құрамындағы жады дәрi әсер ете бастағанда қисабы жоқ алтынды көрсетедi. Яғни, алтынның бейнесi мен қаңлы-қондыгердi жаулау, жою идеясы патшаның санасында матаса байланысып бекiген. Сол себептi, армияның түрлi қажетiне деп әрбiр кезектi алтынның сомасын алғанда сол алтынмен бiрге бекiген идея қайтадан жаңғырып отырады. Құрыштың санасындағы қондыгер-қаңлымен соғысу, оларды жою идеясы ақырында мания дәрежесiне көтерiлуiнiң себебi осында жатыр.
Құрыштың жүргiзген жаугершiлiгiн қазiргi жаһандық теориялар тұрғысынан пайымдағанда оның тек дарынды қолбасшы ғана емес, сондай-ақ ұлы саясаткер, ұлы жаһангер екенiн де мойындауымыз керек. Оның Грекияны (Көне Юнан) жаулағандағы түп мұраты – қондыгер-қаңлы, басына күн туғанда аунай салатын Еуропаның құт қонған жасыл жазира жайлауларын басып алу. Содан соң Ауғанстан тараптан жорыққа шығып тықсырса, бiр-екi жылда Еуропаға қарай шегiнген қаңлы нәсiлi Қара теңiздiң маңайында, шамамен қазiргi Қырым, Румыния, Венгрия жерiнде қыспаққа түсiп, екi майданда соғысып, толық қырылуға тиiс.
Мiне, Құрыш патшаның осы жаһандық жобаларын бастан-аяқ қаржыландырған Бабылдың қазынадар-банкирлерi – өзiмiз әңгiме қылған сахабалар.
Бабылды билеген, сиқыршылық-дуа­хан­дықты меңгерген сахабалардың қаңлы-қондыгер әулетiне деген осынша өштiгiнiң сыры неде? Әскери әулет, «кшатрий» немесе бiзше қондыгер-қаңлы әулетi мен брахмандардың бiр тармағы болып саналатын сахабалар әулетi арасындағы бұл жаулық сонау, ұлы апаттан ары ондаған мың жылдар бұрын құрылған Алтын Империядан келе жатқан сияқты. Француздың дәстүршiл ғалымы Рене Генонның айтысына қарағанда, осыдан әлденеше мың жыл бұрын брахмандар әскери әулетке, «кшатрийлерге» қарсы көтерiлiс бастапты. Осы көтерiлiс барысында брахмандар бiраз жетiстiкке жетiп, әскери әулеттiң бiр бөлiгiн қырып жiберген көрiнедi. Артынша қайта серпiлген әскерилер брахмандарды аяусыз жазалаған екен.
Әскери әулеттiң үстемдiгiне төзе ал­ма­ған сахабалар өмiр бойы кек қайтаруды ойлаған. Бiрақ, соғыс өнерiнде өзiне тең жау таппаған қаңлы-қондыгер әулетi сахабалардың қандай әрекетiн болса да жаншып тастаған. Тұмар әженiң ұлы әкесi Ишпақайдың көне Мәуреннахр – Иран мен Ғажам өлкесiне жасаған жорығы, бұл да сахабалардың лаңын тоқтатудың әрекетi едi.

Дарьяуштың басына қонған бақ

Құрыштан кейiн патша болған Дарийдiң парсыша аты – Дарьяуш (Дараявауш). Патша әулетiне ешқандай қатысы жоқ, Гуштасп деген қызметшi құлдың баласы. Осы уақытқа дейiн әлемдiк тарих ғылымы құл баласының парсы тағына қалай отырғандығын түсiндiрiп бере алмайды. Құрыш патшаның әйелi Жаханбанудан туған Камбиз және Бардия деген екi ұлы болған. Екеуi де қалға, тақ мұрагерi. Осылай бола тұра ата-тегiнде хандық жоқ, беймәлiм бiр адамның парсы империясының тiзгiнiне қол жеткiзуi, әрине, таңғажайып нәрсе.
Мысалға, қазiргi Англиядағы король әулетiн қараңыз. Королева Елизавета қартайса да тақтан түсетiн түрi көрiнбейдi. Ұлы – принц Чарльз қартайып кеттi. Ендi королева көз жұмғанда Англияның королi болып оның немересi Эдвард тағайындалады деп жоспарланып отыр. Ал ендi ондай күн келгенде барлығы басқаша болып шықса, мысалы, Англияның королi болып кезiнде королеваның шайын қайнатқан бiр күтушi-малай тағайындалып кетсе, қалай болар едi?
Мiнеки, құл баласы Дарийдiң парсы империясына патша болып, таққа отыруы, шамамен осындай құбылыс. Әлемдiк тарих ғылымы осы оқиғалар кешенiнен аса мәндi және ең басты элементтi алып тастаған. «Алып тастағанның» өзi тура анықтама емес. О бастан есепке алмаған. Әлемдiк тарихтың ең үлкен қатесi, ең үлкен қасiретi, бұдан кейiн де талай қатеге ұрындыратын қасiретi осы.
Тарихшылар осы заңғар оқиғадағы бас­ты персонаж – Құрыш патшаны жарты миллион әскерiмен бiрге жоқ қылған қаңлы-қондыгер әулетiн және осы әулеттiң ұлы әмiршiсi Тұмар патшаны «ұмытып кеткен». Немесе, дәлiрек айтқанда, о баста есепке алмаған, қатыстырмаған.
Осы жерде шағын шегiнiс жасайық. Ба­тыста Карл Ясперс деген ғалым болған. Тарих философиясымен айналысқан. Сол К.Ясперстiң «Тарихтың мәнi мен мұ­ра­ты» («Смысл и назначение истории») ат­ты кiтабы бар. Батыс әулетiнiң, ба­тыс жұртшылығының бiзге қатысты мей­ма­на­сының энциклопедиясы iспеттi тамаша еңбек. Осы кiтабында К.Ясперс тарихтан «осевое время» («кiндiк уақыт») дегендi шығарады. Белгiлi бiр кезеңде адамзаттың содан кейiнгi даму бағытын, бағдарын, адамдық мәдениеттiң мән-мағынасын айқындаған оқиғалар болған. Мiне, осы кезең «кiндiк уақыт» деп аталады. Содан соң К.Ясперс осы өзгерiстердiң басы-қасында тұрған халықтарды iрiктеп алады да, оларды «тарихи халықтар» («исторические народы») деп бөлек сөреге қойып қояды. Бiздiң тарихымыз бұл «кiндiк уақытқа» кiрмейдi. Ал бiздiң өзiмiз «тарихи халықтар» деп аталатын мархаматты тiзiмде, әлбетте, жоқпыз.
Осыдан екi жарым мың жыл бұрын болып өткен, адамзат тарихын мүлдем басқа арнаға бұрып жiберген қондыгер-парсы соғысын зерделегенде батыс және орыс тарихшыларының пайымдау дағдыларынан осы ясперстiк принциптiң салқыны сезiлiп тұрады. Тұмар падиша бастаған қаңлы-қондыгердiң  бүкiл әлемнiң құрама армия­сын талқандауы  мен алыстағы Парсыда құл баласы Дарьяуштың таққа отыруының арасында ешқандай байланыс жоқ сияқты. Байланысыңыз не, тiптi, түк болмаған сияқты. Қаңлылар парсының әскерiн тал­қан­дайды, Құрыштың басын шабады да, тiрi қалған азын-аулақ парсының қолына табыстап шығарып салады. Ал өздерi иен далада … қой құсап жайылып қала бередi. Әрине, олай болмайды. Бұндай соғыстан кейiн жеңген ел өктем болады, жеңiлген ел кiрiптар болады. Жеңген ел жеңiлген елге бүкiл соғыстың шығынын есептеп ауыр салық салады. Содан соң келешек соғыс, қантөгiстi болдырмас үшiн, яғни, пәлекеттiң алдын алу үшiн бұрынғы патшаның әулетiн мүмкiн болғанынша толықтай жояды да, таққа басқа әулеттi, өзiнiң ыңғайымен жүретiн қуыршақ патшаны отырғызады. Барлық уақытта осылай болған, және бұдан кейiнгi барлық уақытта осылай бола бермек. Бұл тарихтың, мемлекетаралық қатынастың мәңгi өлмейтiн, мәңгi өзгермейтiн архетипi.
Құрыш патшаның тұқымы толықтай қырылып кетiп, құл баласы Дарьяуштың тақ­қа отыруын, кейiннен Ескендiр Зұл­қар­найын – Александр Македонскийдiң Дарьяушпен соғысқанда майдан даласында қондыгер-қаңлының атты әскерiмен беттесуiн, тағы басқа жұмбақ жайттердi бiр нәрсемен – кемеңгер Тұмар падишаның Парсы империясын жаулап, оның билiк жүйесiн күшпен өзгерткендiгiмен ғана түсiндiруге болады.
Әрине, бұл мәлiметтер ешқайда кеткен жоқ, құпия қоймаларда, мұрты бұзылмаған күйi сақтаулы тұр. Тек соны қазiргi үстем тарихи мектептер, «ол былай едi, былай болып едi, мынаны былай түсiну керек» деп интерпретациялап жеткiзедi. Бiрақ ерте ме, кеш пе, ақиқат ашылады…
…Бiрде әншi Жәнiбек Кәрменов пен ғалым Ақселеу Сейдiмбеков екеуi менi бiр үйге қонаққа ертiп апарды. Үй иесi қария бұрын мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарында қызметте болған екен. Зейнетке шыққан адам әңгiмешiл болады ғой. Сол кiсiден естiген хикаяларымның бiрi. Ермұқан Бек­маханов тер­геуде отырғанда, тергеуге қатысып отыр­ған бiр тарихшы: «Осы сендер, қазақтар, кеуделерiңе нан пiсiп неменеге кергисiңдер, бiр-ақ беттiк тарихтарың бар, неменеге кiсiмсисiңдер?» дептi. Сонда Ермұқан аға­мыз жымиып тұрып: «Қондыгердiң сол жал­ғыз-ақ беттiк тарихына бүкiл әлем сыйып кеттi емес пе», депті.

Сөз соңы

1992 жылдың көктемiнде жолым түсiп Түркiстанға бардым. Жұмыс тын­дырылғаннан соң жергiлiктi iскер жiгiттер: «Нендей тiлегiңiз бар?» дедi. «Шиелiге барсақ», дедiм. «Ләббай», дедi үй иелерi. Бiрақ, Шиелi мен ойлағаннан мүлдем басқа болып шықты. Менiң елестетуiмде бұл ұланғайыр жазық жер болуға тиiс едi. Ал менiң көрiп тұрғаным кiлең егiндiк, iркес-тiркес бау-бақша, алма, шие бақтары. Жер өңдеп қайшыласқан халық. Машинамен жүрiп отырып, бiр ашықтау жерге шықтық. Осы биiктеу дөңнен маңайға көз тастадым. Әйтеуiр осы жерде болғанын бiлемiн. Өткен өмiрден iз жоқ. Қазiргiсiн қамдаған бүгiнгi өмiр. Бiрақ бабаларымыз кейiнгi ұрпағым өсiп-өнсiн демеп пе едi. Тек бiз солардың ұрпағы … олардың дiттеген жерiнен шыға алмадық. Бiз тарихтың мүлдем басқа жолына түстiк.
Осы жерге, мiне, мына табанымыздың астындағы қара топыраққа төгiлген қондыгер-қаңлының қасиеттi қаны баяғыда жуылып кеттi. Бабаларымыз шашқан айбынды ұран ауаға сiңiп жоқ болды. Келу, кету, өшу … болмыстың бұлжымас заңы. Қара жердiң белiн қайыстырып қондыгер-қаңлы да өттi бұл дүниеден. Бiз келдiк… Бiз де кетемiз… Басқалар келедi… Жер мәңгi… Мызғымайды… Ел мәңгi…

P.S.
2009 жылы «Бiржан салдың» тұсау­ке­серi өткеннен кейiн режиссер Досқан Жолжақсынов менi шақырып алды да:
– Сен Тұмар мен Құрыштың хикаясын бiлесiң бе? – дедi.
– Бiлем, – дедiм.
– Ендеше сен осы жайында толық метражды көркем фильмнiң сценарийiн жаз. Ендi Тұмар әжемiздi асқақтатайық, – дедi Досқан.
Мәселенi жақсы бiлем. Тапжылмай отырып екi айда сценарийдi даяр еттiм. Iшiнде қондыгер-қаңлының, парсының, Құрыш пен Тұмар әженiң қилы тағдыры, сол кездегi халықаралық ахуал, әлемдiк саясат, соғыстың неден басталғаны, соғыс­тың өзi және оның қалай аяқталғаны, со­ғыстан соңғы қондыгер-қаңлы елiнiң ұлан-ғайыр тойы, тойдан соңғы әскери кеңес, Дарьяуштың таққа отырғаны, тағы да көп жайттер бар. Сценарий Тұмар әженiң өлiмiмен аяқталады.
Оқығандардың барлығы ұнатты. Со­ны­мен сценарийдi «Қазақфильм» киностудиясына өткiздiм. Алайда, бұндай заңғар блокбастердi түсiру үшiн Голливудтың қаржысы керек екен. Сонымен ондай бюджет жоқ, бұл iс тоқырап тұр. Сол екi арада сценарийдi кинохикая қылып, «Жұлдыз» журналына жарияладық, «otuken.kz» сайтына қойдық.
Ойымша, бұл фильм түсiрiлсе, қазақтың ғана емес, бүкiл түрiк нәсiлiнiң даңқы, абыройы асады. Себебi, Тұмар – бүкiл қондыгер-қаңлы әулетiнiң және солардан тарайтын түрiк нәсiлдерiнiң ортақ анасы. Ал әзiрге бүкiл iс өнер төңiрегiндегi аза­маттардың ықылас-пейiлiне, қар­жы қолында тұрған азаматтардың жана­шыр­лығына тiрелулi. Әрине, игiлiктi iс қашанда өз жалғасын табады, түптiң түбiнде мұратына жетедi. Осылай болсын деп сенейiк, ағайын.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.

* «Тұмар патшайым. Жеңіс»

 

 

(Соңы. Басы 4-8, 9-13, 14-ші нөмірлерде).