Руханият • 16 Мамыр, 2019

«Жылдар алыстап, жырлар жақындап...»

1047 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Жылдар алыстап,  жырлар жақындап...»
«Арғы атамды сұрасаң – Абай, Жамбыл, 

Өр Махамбет өз ағам – Абайлап жүр! 

Жолдас болдым бөрінің бөрісімен, 

Сырлас болдым серінің серісімен, 

Аруақтандым солардың пері­сі­мен...», деп қазақ поэзиясында өз болмысымен ерекшеленіп, қарышты қаламымен дараланған Есенқұл Жақыпбекті әдебиеттегі ағалары«Есаға» деп еркелеткен сағынышқа толы естеліктерді Алма­­тыда өткен жыр кешінде тың­­дадық. 

Ұлттық кітапхана төрінде өт­кен бұл кештің бір ерекшелігі ес­ен­­құл­тануға бастаған тың жоба­­лардың жүзеге асуында еді. Ақын­ның көзі тірісінде шығар­ма­лары он шақты басылым болып жарыққа шықса, «Ұлы өлең құйылып тұр өзегіме», «Есаға» кітаптары төрт жыл бойы жинақталып, сонау 1970-жылдардан бергі аралықтағы өлеңдері, сондай-ақ айтыстары «Жамбыл» және «Аққайнар» баспаларынан оқырманға жол тартып отыр. 

Жыр оқылып, жүректен тебі­рен­терлік тілектер тізбек­тел­ген жиынның тізгінін ұстаған ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан өмірден өткеніне жеті жылға жуықтап қалған Есенқұл ақынды Суықтөбе баурайында өзі жырлап кеткен қараша айында мәңгілік мекеніне шығарып салған қаралы күнді еске салып, «ақын өлгенмен, хаты өлмейдінің» растығына өлеңсүйер қауымның назарын аударды. 

Өзінен бес-алты жас кішілігіне қарамастан көзі тірісінде Есенқұл Жақыпбекті «Есаға» деп ерке­ле­тіп кеткен ақын, драматург, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин тебіреністі бір кештің куәсі бола отырып, ақынның рухымен тілдесіп, оның жан дүниесіне қайта барлау жасап отыр­ғанын жеткізді. «Бәйгеге тү­се­тін, аламанға шабатын ба­йыр­­­ғының жүйріктері тәрізді Есағаң­ның поэзиядағы орны бөлек еді. Ауызекі әдебиетінің жуһар­ла­ры­нан нәр алған Есенқұл есімі бізге шала жансар болып жеткен айтыс өнеріне жан бітірген сынау жүйріктердің қатарында аталады. Есенқұл кейде бұрап, кейде шаншып, қауып, тауып айтатын айтыскерлік өнерімен елін тәнті етті. Сейдахмет ағамыздың өзі алаңдаушылық білдіріп, осын­дай өлеңдерін де көп жазса екен деп тілеген-ді. Мұқағали қайтқанда қазақ қалай күңіренсе, өлеңді шынайы танитын, бас иетін жұрт­шы­лық Есенқұл кеткенде дәл осылай жиналғаны бар. Есен­құлдың дәуірі енді басталып ке­ле­ді» деп тәмамдады жүрек­жарды пікірін Нұрлан Мырқа­сым­ұлы.

Есенқұл жырларын тыңдауға асығып жет­кен жұртшылық алдында Нұрлан Оразалин бас болып Жұмабай Шаштайұлы, Ғалымжан Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Анарбай Болдыбай жаңа шыққан кітаптардың тұсау­ке­сер рәсімін жасады.

Өз пікірін «Есенқұл танылғанға дейін тәп-тәуір ақын едім» деп әзіл-қалжыңмен бастаған жазушы Жұмабай Шаштайұлы ақынның Оспанхан ағамыз сияқты сықаққа шеберлігін, журналист болуға да әбден машық екенін жеткізді. «Алматыдан жырақта жүріп жаз­ған ақын өлеңдерінің мазмұны ұлттық ерекшелігімен дара. Алма­ты­­да тұрақтап қалған күннің өзін­де оның бұғауға көнбейтін шығар­машылығы еркіндікті аңсап тұратын. Сондықтан да Есенқұл өлеңдерінің бітім-болмысы ерекше», деп атап өтсе, «Күпәйке киген поэзия» кешінде Есағасын сом­даған Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Бекжан Тұрыс «Алдай-ау» әнін орындап, ақын ағасы хақында тебіреністі ойларын ортаға салды. 

Ал он екі жасынан ақын аға­сы­ның шарапаты мен шапа­ға­тын көріп өскен Ақан Әбдуәлиев сонау 2008 жылдар қойнауына бүккен сағынышқа толы сырымен бөлісіп, ақын жырының асқақ екендігін уақыт еншісіне тастады.

Қаламгер рухын бір серпілткен осынау кеш Қадырғали Көбентай, Алма Аманжолова, Данияр Рақым­бай сынды өнер тарлан­да­рымен қатар Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының, «Сүйінбай сазы» фольклорлық ансамблі орын­дауын­дағы әуен­дер­мен әуеледі.

АЛМАТЫ