Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстан Қытаймен тауар айналымын әртараптандыруға мүдделі екенін айтты. Екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келеді. «Біз Қазақстанның тауар экспортын ұлғайтуға дайынбыз. Қазақстандық ұн, май және өзге де өнімдер Қытайдағы ең өтімді тауарға айналды. Қытай халқы Қазақстан туралы көбірек біліп келеді», деді Ә.Смайылов. Қазақстанның шығыс көршісімен көлік-логистикалық саладағы байланысы нығайып келеді. Мәселен, «Достық – Алашаңқай» және «Алтынкөл – Қорғас» темір жол өткелдері Қытай – Еуропа бағытындағы тасымалдың 56 пайызын қамтып отыр. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы шекара маңы ынтымақтастығы сияқты ірі жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда қос тарап өкілдері «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қытайдың қаржы институттары арасындағы стратегиялық байланысты арттыруға дайын. Бұған қоса екі ел арасындағы алыс-беріс кезіндегі кедендік кедергілерді оңтайландыру жайы да назарда.
Ә.Смайылов кеден басқармасымен экспорттық декларациялар бойынша онлайн режімде мәлімет алмасу туралы келісімге келгенін тілге тиек етті. Бұл ақпаратты қазақстандық кәсіпкерлердің импорттық декларацияларымен салыстыруға мүмкіндік береді. «Қазақстанға инвестиция салған мемлекеттердің ішінде Қытай төртінші орында. Қытай іскерлері негізінен көлік және логистика, тау-кен өнеркәсібіне қаржы бағыттайды. Екі елдің сауда-экономикалық байланысы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, соңғы үш жылда өзара тауар айналымы 50 пайызға өсті», деді ол.
Қытайлық делегацияны бастап келген ҚХР Мемлекеттік кеңесі вице-премьері Хань Чжэнь екі елдің басымдық берер бағыттары айқындалып келе жатқанын жеткізді. Мәртебелі қонақтың айтуынша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарларының алғашқы легі Қытайға жете бастады. Мұнай саласында жаңа жобалар пайда болды. Ең басты жаңалық – екі елдің қаласы бір-бірімен тығыз байланыс орнатты.
Хань Чжэнь сондай-ақ өткен айда ҚХР астанасы Бейжіңде өткен экономикалық форумды еске түсірді. Бұл жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен
5 мың делегат келіпті. «Бізге алдағы уақытта бірігіп жұмыс істейтін келісімшарттардың жобасын нақтылау керек. Қазақтың тәтті нанының, қазақ даласында шүйгін шөпке еркін жайылған ірі қара мен ұсақ малдың тәтті етінің дәмі қытайлық нарықты бірден өзіне қаратыпты. Осы бағытта біріккен жобалардың көбейе беруіне мүдделіміз. Жақсы жобаларды қаржыландыруға дайын екенімізді тағы да айтқым келеді» деді ол.
Қытай вице-премьерінің екінші ұсынысы қазақ-қытай арасын жалғап жатқан темір жол, автожол мүмкіндіктерінің екінші кезеңіне назар аудару. «Бұл екі ел арасындағы сауда дәлізінің мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ қазақ-қытай кәсіпкерлерін тек іскерлік байланыс емес, терең достыққа негізделген достықтың да жалғап тұрғанын қалаймын», деп сөзін түйінеді.