Егіз өрім
Жұма, 1 ақпан 2013 7:23
1913 жылы Орынбор қаласында араб қарпімен жарық көрген – қазақтың тұңғыш қоғамдық, саяси және әдеби газеті «Қазақ» пен оның тұңғыш Бас редакторы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, ақын, публицист, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойлары биыл қатар келіп отыр.
Жұма, 1 ақпан 2013 7:23
1913 жылы Орынбор қаласында араб қарпімен жарық көрген – қазақтың тұңғыш қоғамдық, саяси және әдеби газеті «Қазақ» пен оның тұңғыш Бас редакторы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, ақын, публицист, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойлары биыл қатар келіп отыр.
Бүгінде «Қазақ» газеті десек, алдымен Байтұрсынов есімі ойға оралады. Сол сияқты, Байтұрсынов туралы әңгіме қозғағанда «Қазақ» газетіне соқпай өте алмаймыз. Бұл екеуі кәдімгі егіз ұғым-егіз өрім десек, артық айтқандығымыз емес. Сондықтан, «Қазақ» газетінің қайталанбас қысқа ғұмырын санамызда қайта бір жаңғырту үшін әңгімемізді Ахмет Байтұрсыновтың өмір жолдарын еске алудан бастағанымыз дұрыс болар.
Қазақтың мүддесі үшін патшаға қарсы шыққан Байтұрсыновты 1909 жылдың 1 шілдесінде губернатор Тройницкий өз бұйрығымен Семей түрмесіне қамағаны белгілі. Бірақ, арыстан мінезді Ахаң абақтыда да айға атылуын қоймады. «Қазақ өзін-өзі басқару керек!» деген арқыраған үні түрмедегілерді шырт ұйқыдан оятты. Бұдан сескенген патша жандармдары 1910 жылдың 9 наурызында оны енді қазақ арасынан оқшаулау мақсатында Орынборға жер аударды. Алмас қылыш қап түбінде жатқан ба?! Ахаң бұл жақта да жай жатқан жоқ. 1913 жылдың 2 ақпан күні «Қазақ» деген газет жарқ етіп дүниеге келді. Бас редакторы – Ахмет Байтұрсынов! Осыдан кейін патшаның жандайшаптары қалайда газетті жауып, Байтұрсыновтың көзін құртуға ұмтылды. Бірақ одан ештеңе шықпады. Алаштың Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қайраткерлері «Қазақтың» төңірегіне шоғырлана бастады. Осылай қазақ зиялылары дүркірей көтеріліп, «Қазақтың» туын желбіретті. Жас басылымның айдарынан жел есті.
Осы тарихи кезеңде ұлт өміріне қатысты бірде-бір өзекті мәселе, елеулі оқиға бұл басылымның назарынан тыс қалған жоқ. Бүкіл қазақ жұрты «Қазақты» оқып, оңы мен солын тануға тырысты. Жаңа қалыптасып келе жатқан ұлт зиялылары «Қазақты» оқып, қайраттанды.
Революциялық өзгерістерге дейін-ақ ұлт мүддесі жолында табанды күрескер ретінде танылған Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш зиялылары қазақ жеріне мысықтабандап кіріп келе жетқан қарашекпенділердің түпкі ниеттерін әшкерелеуге кірісті. Қазақтың өрісі мен қонысын тарылтып, шұрайлы жерлерді пышақ үстінен бөліп алған отаршыл биліктің өкілдерін сын қаламымен шаншыды. Сөйте отырып, қазақ ауылдарын жедел, жаппай отырықшы тұрмысқа көшуден сақтандырды. Жеке қожалық иелерін егін және мал шаруашылығын жүргізудің, тауарлы өндіріспен айналысудың озық үлгілерімен таныстырды. Өктемшіл биліктің түрлі саяси айласына ұлттық бірлік пен парасатты қарсы қоюға үндеді. Туған жердің байлығын өз игілігіне жарату үшін халқын өнер, білімді игеруге шақырды.
Қазақ елінің дағдарып, белгілі бір тоқтамға келе алмай қиналған тұсы – орыстың басқа елдермен соғысына қазақтан әскер жинау мәселесі еді. 1916 жылдың жазында майдандағы қара жұмысқа қазақтың 19-21 аралығындағы жастарын алу жөніндегі патша жарлығы шықты. «Қазақ» газеті осы тұста тайсалмастан өз пікірін ашық айтты. Халық арасында пікірталас ұйымдастырды. Байтұрсынов бастаған біраз қазақ зиялысы осы пікірлерді тұжырымдап, жинақтағаннан кейін бүкіл қазақ халқының атынан Ресей Мемлекеттік кеңесі мен Соғыс министріне жеткізді. Бұдан кейін Ресей Мемлекеттік думасындағы мұсылман фракциясының төрағасы К.Тевкелев Бас редактор Байтұрсыновты Мәскеуге арнайы шақырып, фракцияның мәжілісіне қатыстыруға мәжбүр болды. Думада сөз алған Байтұрсынов қазақтарға жеке мүфтилік ашу, егер қазақтарды әскерге алса, оны қара жұмысқа жекпей, атты әскерлер сапына қосу, қазақ жеріне Ресейден қоныс аударушыларды дереу тоқтату керектігін кесіп айтты. Бірақ, ақ патша оған құлақ аспады. Оның соңы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске әкеліп соққаны тарихтан белгілі.
«Қазақ» газеті осының бәрін өз оқырмандарына бүкпесіз жеткізе білді. Орынборда аптасына бір рет, ал 1915 жылдан аптасына екі реттен шыға бастаған «Қазақ» газетін Қазан, Уфа, Мәскеу, Томскі, Петербор жұртшылығымен қоса Қытай, Түркия қазақтары да алдырып оқыды. Бұл Ресей жандармдарын одан сайын үрейлендірді. «Қазақтың» тиражы күн сайын көбейе түсті. Осы тұста мына бір жағдайды айта кетпесек, әділетсіздік болар еді.
Алғашқы кездері қаржы тапшылығына байланысты «Қазақты» үш-ақ адам шығарғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Олар – редактор А.Байтұрсынов, техникалық редакторлары және таратушылары – Ахаңның жұбайы Александра Ивановна мен қызы Шолпан еді. 1918 жылы газет жабылды. Осы аралықта 265 нөмірі жарық көрді. Тиражы 3 мың данадан 8 мың данаға жетті. Алаш арыстары – Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Жанша және Халел Досмұхамедовтер, тағы басқа елге танымал қаламгерлер «Қазақ» газеті үшін аянбай тер төкті.
Осы орайда Ахаңның жары Александра Ивановна жайында аздаған ақпар бере кеткен артықтық етпейтін сияқты. 1878 жылы Ресейдің Челябі облысында дүниеге келген. Бұл кісінің ұлты орыс. Бірақ, Ахаңмен отау құрғаннан кейін мұсылман дінін қабылдап, Бадрисафа деген есімді иеленген. Осы есіммен ел есінде сақталып қалды. Қазақ жеріне қоныс аударған әке-шешесі Қостанай қаласынан 100 шақырымдай жердегі Әулиекөл ауылына табан тірейді. Ресейде арнайы білім алған Александра Ивановна осы жердегі орыс-қазақ мектебіне мұғалім болып орналасады.
Ал, Ахаң Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін 1891 жылы Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895 жылы Қостанай облысындағы Әулиекөл ауылындағы орыс-қазақ мектебіне мұғалім болып қызметке тұрады. Осында өзінің болашақ жары Александрамен танысады. Ақыры, 1896 жылы екеуі Тройцк қаласындағы мешітте некелерін қидырады. Мешіттің имамы Зейнулла ишанға Александраның ұлтын – татар, аты-жөнін – Байтұрсынова Бадрисафа Мұхамедсадыққызы деп жазғызады. «Бадри» – арабша «толған ай» деген мағынаны, «сафа» – «мөлдір, тұнық, таза» деген ұғымды білдіреді. Ел арасында ақ келін атанған Бадрисафа өмірінің соңына дейін шариғат заңдарын пір тұтып, сүйген жары үшін басын бәйгеге тігіп өтеді.
Ахаң шығарған «Қазақ» газетін Бадрисафа екінші баласындай аялайды. 1914 жылы А.Байтұрсынов газеттің бас мақаласында патша жандармдарын қатты сынға алады. Бұдан шошынған Орынбор губернаторы Сухомлин газетке 1500 сом көлемінде айып төлеуге немесе мақала авторын үш ай мерзімге қамауға алу жөнінде шешім шығарады. Газеттің қаржысын шығарғанша өзім үш ай абақтыда отырайын деген шешіммен Ахаң жандармдарға келеді. 20 қазан күні қамауға алынады. Осының бәрі жүрегін сыздатқан Бадрисафа «Қазақ» газетін шығарыса жүріп, «Алаш» партиясының белсенді мүшелерінің біріне айналады.
А.Байтұрсынов 1917 жылғы революциялық өзгерістер тұсында қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жетекшілік етеді. Оны біз «Қазақ» газетінде басылған әртүрлі тақырыптардағы шығармалардан анық көреміз. Ол бірде былай деп жазады: «Қазақтарға ақпан революциясы қаншалықты түсінікті болса, Қазан төңкерісі оларға соншалықты түсініксіз көрінді. Қазақ халқы алғашқы революцияны қандай қуанышпен қарсы алса, тура сондай үреймен екіншісін қарсы алуға мәжбүр болды. …Біріншіден оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында, екіншіден, олардың өзімізді өзіміз басқарсақ деген ескі үмітінің нығаюында еді». Бұл ойларын ол 1920 жылы Ленинге жолдаған хаттарында одан сайын нығарлай түседі. Мұнда тек қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл түркі жұртының, Шығыс әлемінің ортақ мүдделерін ашық айтады.
Сол жылдың 17 мамырында жазған «Ленин жолдастың ұлт және отар мәселелері туралы тезистеріне қосымша» деп аталатын хатында Қазақ ревкомының құрылғанына 10 ай өткендігін, өкінішке қарай, Мәскеу мен қазақ халқының арасында өзара сенім орнамағандығын, Ресей коммунистерінің қазақ халқына алуан түрлі үстемдігін жүргізіп отырғандығын, сол себепті Қазақстанды тек қана халық толық сенетін қазақ зиялылары басқару керектігін батыл ескертеді. Ал тура бір айдан кейін, 17 маусымда жазған бір хатында Ленин тезистеріне өзінің жеке сын-ескертпелерін жолдай отырып: «Бостандыққа жетудің жолын қазақ елі өзі таңдауы керек, оған жетудің бар ауыртпалығы мен жауапкершілігін ұлт қайраткерлері көтеруге тиісті. Коминтерн мен Ресей коммунистерінің Шығысқа «көмегі» күшпен таңылмауы керек! Оның орнына жанашыр қолдау керек!» деп өктем үн қатады.
Егер А.Байтұрсыновтың өмір жолына назар аударсақ, оны «Қазақ» газетіне дейінгі және «Қазақ» газетінен кейінгі деп екі кезеңге бөліп қарастырған дұрыс сияқты. Олай болса, Ахаңның 1913 жылға дейінгі қызметі мен шығармашылығына шолу жасап көрейік. Байтұрсыновтың саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұспа-тұс келеді. Сол жылы ол «Қарқаралы петициясын» жазып, 15 мыңға жуық адамға қол қойдыртып, Ресей патшасына жолдайды. Онда қазақ халқына білім беру, жергілікті басқару, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару, баспахана ашу мәселелері көтерілген. Әсіресе, қазақ даласына орыс шаруаларының қоныс аударуын үзілді-кесілді тоқтату талап етілген. Сол кезден бастап Байтұрсыновтың басына бұлт үйіріледі.
Түрмеден шыққаннан кейін Байтұрсынов журналистикаға түбегейлі бет бұрды. «Қарқаралы петициясы» енді «Қазақ» газетінің негізгі бағдарламасына айналды. Газетте саяси-әлеуметтік тақырыптардан басқа қазақ елінің тарихи шежіресіне қатысты мақалалар да үзбей жаряланды. Абайдың өмірі мен ақындығы туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақала да осы газетте басылды. Қазақ тілі мен әдебиеті жайында өзі жазған шығармаларымен қоса Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың, Ш.Құдайбердіұлының терең ойлы дүниелерін осы газет арқылы халыққа жеткізді. Сонымен қоса, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, С.Дөнентаевтың, Б.Майлиннің, С.Торайғыровтың, Ғ.Қараштың, Қ.Серкебаевтың, Ә.Қоңыратбаевтың өлеңдері, әңгімелері, әдебиет туралы сын мақалалары, Л.Толстойдың, А.Чеховтың, М.Лермонтовтың, В.Короленконың, И.Крыловтың шығармалары қазақ тілінде жарық көрді.
Газет жұмысын ұйымдастырумен бірге А.Байтұрсынов Қазақ съездері мен Қазақ комитеттері жұмыстарына да белсене араласты. Бұл ұйымдарға «Қазақ» газеті арқылы саяси-теориялық бағыт-бағдар сілтеп отырды. Байтұрсынов, Бөкейханов, Дулатов бастаған үштіктің жанкешті ұйымдастырушылық жұмыстарының арқасында 1917 жылы Алаш партиясы мен Алаш үкіметі өмірге келді. Байтұрсынов Алаш партиясы бағдарламасын даярлауға атсалысты. Алашорда үкіметі құрамы бекітілгенде Байтұрсынов оқу-ағарту комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1919 жылға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облыстық бөлімінің мүшесі болды.
Сол жылдың наурыз айында Алашорда үкіметінің атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды. Шілде айында РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Көп ұзамай қайтадан көңіліне кірбің түскен Байтұрсынов Қазақстанды басқару ісіндегі Лениннің саясатына қарсы шықты. Өз пікірін Ленинге ашық хат арқылы жеткізді. Онда ол Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы әділетсіздіктермен келісе алмайтындығын білдіре отырып, Қостанай уезін Челябинскі облысына қосуға болмайтындығын, Қостанайды Қазақстанға қайтару керектігін талап етті. Сөйтіп, Қостанайды қорғап қалды. 1921 жылы өз еркімен РК(б) құрамынан шықты.
1929 жылы Байтұрсынов халық жауы ретінде Архангельскіге жер аударылды. Бадрисафа сүйген жарына адалдығын сақтай білді. Сол үшін қызы Шолпанмен бірге Томск облысына жер аударылады. Патша жандармдарына бұл да аздық етсе керек, біраздан кейін Шолпанды Томскіде қалдырады да, Бадрисафаны Батыс-Сібірге жер аударып, ағаш кесу жұмысына салады.
А.Байтұрсынов 1934 жылы түрмеден шыққаннан кейін отбасымен Алматыға келіп тұрды. Бірақ, қазақ ұлтының көсеміне қызмет табылмады. Денсаулығы нашарлай бастаған жары Бадрисафаны аман алып қалу үшін Ахаң күнкөріс қамына кірісті. Мұражайда күзетші, туберкулез диспансерінде санитар болып та жұмыс істеді. Кеңестік жаналғыштар Ахаңа мұны да көп көрді. 1937 жылдың 8 желтоқсанында ақыры атып тынды. Бадрисафаны Свердлов облысына жер аударды. Қазақ азаматын құлай сүйіп, оның өзіне де, қазақ атты ұлтына да адалдығын айғақтап өткен ару Александра-Бадрисафаны кеңестік жандармдар ақырында жындыханаға апарып тықты. Ол сол жерден қайтып шықпады.
Әулиекөлде Бадрисафаға қазақтар ескерткіш орнатты. Ал Ахмет Байтұрсыновтың есімі көшелерге, мектептерге, жоғары оқу орындарына берілді. Алматыда Ахмет Байтұрсынов мұражайы жұмыс істейді. «Қазақ» газеті қазақ журналистикасының қарлығашы ретінде журналистика факультеттерінде оқытылып келеді, оқытыла береді де.
Егіз өрім өмірдің өнегесі келешек ұрпақ үшін таусылмайтын қазына екендігі даусыз.
Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры,
Қазақстан журналистика академиясының президенті.
Құдайберген ТҰРСЫН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз және электронды
БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор.