Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Биік әрі тұңғиық аспан

1740 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Биік әрі тұңғиық аспан
Ұшақ қонуға бет алды. Он мың метр биіктіктен бірте-бірте төмендеп, Алматыға жақындағанда қаланың үстін қою түтін секілді қарасұр бұлт торлап тұрғанын көрдік.
Апыр-ай, қазір жердегі адамдар жылы киініп, қолшатырларын төбесіне көтеріп, күздің салқын жаңбырынан бүрісіп, бұйығып бара жатыр-ау деген ой келеді басымызға. 
Ал мұнда, шырқау биікте күн жарқырап тұр. Тұп-тұнық, тұңғиық кеңістікке таңға­жайып бір құдіреттің күшімен ілініп қалған сияқтымыз. Қандай қызық...

Аздан соң ана-а-ау Жердегі екі аяқты, жұмыр басты пенделерге қосылып, қолшатыр көтеріп, үйге қарай асығатынымызға дәл қазір көңіліміз сенгенімен, көзіміз сене алмайтындай...

Иә, Жерге түскенде бар ғой, қарасұр бұлттар­дың ар жағында Күн жарқырап, аспан мөлдіреп тұрғанын, жаңа ғана өзіміз­дің сол жақтан, тү-у сонау биіктен ұшып келгенімізді ойлап, еріксіз басымызды шай­қап, таңғалатынымызды да ақылмен емес, ішкі бір жұмбақ түйсікпен сезетіндейміз.

Несін айтасыз, Күн көзін бүркеген бұлттар көңілге кірбің салып-ақ тұр. Иә, айтпақшы... кірбің демекші, кейде біздің жан дүниеміздің аспанын да мұң торлап, қайғы басатын күндер болады емес пе? Сол кезде мынау иллюминаторға тырс-тырс тамған жаңбыр тамшылары секілді мөп-мөлдір, тап-таза көз жасымызды төгіп, шер тарқатып, жеңілдеп алған соң, күн жарқырап қайта туғандай болмаушы ма еді.

Сонда деймін-ау, біздің ішкі әлеміміздегі аспанның да соншалықты биік әрі тұңғиық екендігін сезбеуші ме едік?!.