Жарыс қожайындары ретінде айтулы жарысқа Швейцарияның қатысатыны белгілі. Тағы екі жолдаманы Нұр-Сұлтанда жалауы желбіреген бірінші дивизион командалары арасындағы әлем біріншілігінде алғашқы екі орынды олжалаған Қазақстан мен Беларусь құрамалары жеңіп алды. Сонымен қатар, бұл күндері Словакияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Ресей мен Германия хоккейшілері дәл сондай құрметке ие болды. Өйткені, олар осы жарыста қатарынан төрт кездесуде жеңіске жетіп, әзірге өз топтарында бірінші орынды иеленуде. Тіптен, қалған матчтарда тегістей ұтылған жағдайдың өзінде олар элиталық дивизионда қалады.
Ал келесі жылғы дүниежүзілік додаға қатысатын қалған командалар Словакиядағы жарыстың қорытындысы бойынша анықталады.