Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Алматыда «АНА мен БАЛА» халықаралық форумы өтіп жатыр

1234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда екі күндік «АНА мен БАЛА» халықаралық ғылыми-білім беру форумы басталды.

Алматыда «АНА мен БАЛА» халықаралық форумы өтіп жатыр

Биыл екінші рет «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ өткізіп отырған форум ұйымдастырушылары қатарында Денсаулық сақтау министрлігі мен «МедМедиа Қазақстан» Конгресс-операторы  бар.

Форумда «Қазақстан Республикасында босандыру қызметін ұйымдастыру. Мәселелер және шешу жолдары» тақырыбында Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мырзахметова негізгі баяндаманы жасап, әйел денсаулығына қатысты еліміздегі екшелген мәліметтермен бөлісті.

Репродуктивті денсаулықты нығайтуға бағытталған халықаралық жиында емдік-диагностикалық шараларды қолданудағы ғылыми жетістіктер ортаға салынып, клиникалық тәжірибе алмасулар жүріп жатыр.

Акушер-гинекологтардың ұлттық қауымдастығының төрайымы, профессор Нина Қаюпованың айтуынша, бүкіл Қазақстан бойынша осы салада көп жылдар бойы тынбай жүргізілген ғылыми зерттеулер зая кеткен жоқ. Бұл осы саланың өзекті мәселелерін мемлекеттік тұрғыда көтеруге, жетілдіруге жол ашты. Ұлттық қауымдастықтың бастамалары да, оған қатысты қабылданған мемлекеттік бағдарламалар заңнамалық тұрғыда болсын, экономикалық жағынан да жан-жақты қолдауға ие болды.

– Мен акушерлік пен гинекология медицинаның барлық түрлерінің ішінде төтенше жауапкершілікке ие екенін айтудан жалықпаймын. Өйткені біздің мамандар адамдарға әке мен ана атану бақытын сыйлай отырып, жаңадан туылған өмірдің бастауында  тұрады. Акушер дәрігерлер екі өмір үшін де жауап бере отырып, дүниеге дені сау сәбиің туылуына қызмет етеді. Бұл мақсат біздің бүкіл ғылыми ізденістеріміз бен жаңа технологиялардың енгізілуін ақтайды, – деді Акушер-гинекологтардың ұлттық қауымдастығының төрайымы Нина Қаюпова.

Сонымен ІІ Халықаралық форумға 500-ге тарта маман шақырылған. Форумға еліміздегі бүкіл акушерлік, гинекологиялық және перинаталдық орталықтардың өкілдерімен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО өкілдерімен қатар, АҚШ, Ресей, Украина, Беларусь елдерінің акушерлік, гинекология және перинатологиялық орталықтарының мамандары мен сарапшылары қатысуда.

Форум аясында екі күн бойы осы саланың ең өзекті мәселелеріне қатысты шетелдік мамандар мен отандық ғалымдардың шеберлік дәрістері жүреді.