Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Елімізге көпфункционалды Авантрон емдік аппараты әкелінді

1436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығына көпфункционалды бірегей экстракорпоральді магниттік ширықтыру (ЭМШ) жамбас бұлшықеттеріне арналған аппарат – АВАНТРОН әкелінді. Енді ол жамбас бұлшықеттерін емдеу үшін ғылыми орталық пациенттеріне қолжетімді.

Елімізге көпфункционалды Авантрон емдік аппараты әкелінді

Бұл жүйе пациенттер үшін өте қолайлы, өйткені  терапия барысында арнайы медициналық құралдарды (пластырь, гель, контакт, зонд) қажет етпейді. Алғаш рет экстракорпоральді магниттік ширықтыру аппараты АҚШ-та пайда болған. Қазіргі таңда әлемнің 47 мемлекеті бұл аппаратты қолданысқа енгізді. Еліміз бойынша бұл аппарат тек Б.О Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында ғана бар.   3 миллионнан астам науқас бұл аппараттың жоғары  тиімділігімен қоса қауіпсіз әрі ауырсынусыз жүзеге асатынына  емнің нәтижесінде көз жеткізді.

Аталмыш құрылғы ер адамдардың  созылмалы жамбас ауруы, уақыттан бұрынғы эякуляция, эректильді дисфункция (белсіздік), жалпы простатэктомия операциясынан кейінгі оңалту жағдайларында қолданылады.

Ал әйел адамдарда зәр ұсталмауы, жыныстық дисфункция, аноргазмия, гинекологиялық дерттерде (созылмалы эндометрит, жатырішілік синехиялар, жүктілік кезіндегі қиындықтар, жатырдың гипоплазиясы,  сәтсіз ЭКҰ (ЭКО), операциядан кейінгі жамбас астауындағы спайкалық асқынулар кезінде көп көмегін тигізеді.

«Электромагнитті импульстар жамбас бұлшықеттерінің кезекті тартылуы мен босаңсуына, сондай-ақ тоқішек, қуық, жатыр, қуықасты безіне тікелей әсер етеді. Нәтижесінде қан айналым жақсарып, іркілістің жойылуы мен бұлшықеттің жаттығуына септігін тигізеді. Емдік шара 20-30 минуттай болады», -  дейді Б.О Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы басшысының  клиникалық істер бойынша орынбасары Шарафаддин Азизов.

Урология ғылыми орталығының уролог-дәрігері Досжан Слямқұлов Авантрон аппаратының балаларға да пайдасы зор екенін айтады. Дәрігердің сөзінше, балалардың өздігінен отыра алатын 3-4 жасынан бастап іш қату, зәр ұсталмауы (энурез), үлкен дәреттің ұсталмауы (энкопрез) секілді түрлі жамбас  аурулары кезінде  Авантрон таптырмас құрал.

АЛМАТЫ