Үкімет • 16 Мамыр, 2019

Асқар Мамин Nokia Директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесу өткізді

1384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

XII Астана экономикалық форумы алаңында Премьер-Министр Асқар Мамин Nokia корпорациясының Директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесті. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Асқар Мамин Nokia Директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесу өткізді

Кездесу барысында цифрландыруды дамытудың қазіргі беталыстары талқыланып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірлескен жобаларды іске асыру преспективалары қаралды. Тараптар телекоммуникациялық нарықты дамыту саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға ерекше көңіл бөлді. Талқылау тақырыбы инфрақұрылымдық сервистер мен бизнестің жаңа мүмкіндіктерін құру үшін үлкен деректерді талдаумен және заттар интернетімен «бесінші буын» байланыс желісін дамыту болды.

Үкімет басшысы А. Мамин телекоммуникациялар нарығын кеңейтіп, 5G технологияларын енгізу көзделіп отырғанын жеткізді, осы мақсатта Қазақстанның бірқатар қалаларында пилоттық жоба іске қосыла бастады. Бүгінде «бесінші буын» байланыс желісі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Ақмола, Алматы облыстарында тестілеуден өткізілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ Nokia-мен бірлесіп әзірлеген 5G технологияларының мүмкіндіктерінің таныстырылымы өтті. Премьер-Министр Асқар Мамин жабдық пен желі жұмысының сапалы көрсеткіштерін тексерді. Жаңа желіні енгізу деректерді тарату жылдамдығын айтарлықтай арттырады, бұл зияткерлік көлік жүйелерін дамытуға, ірі өндірістік компанияларда, логистикада және т.б. салаларда өнеркәсіптік роботтарды пайдалану мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.

Стенд — Қазақстандағы 5G технологиясының алғашқы имплементациясы. Жалпы, Форум қатысушыларына жаңа буын технологияларын сынап көріп, мобильді байланыстың бесінші буынын қолданудың практикалық мүмкіндіктерін, соның ішінде байланыстың жоғары жылдамдығын, аса төмен желілік іркілістерді,  жауап қатудың жоғарғы дәлдігімен нысанды қашықтан басқаруды және т.б. бағалау мүмкіндігі берілді.