Қаһарман қолбасшы, жылнамашы жырау
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:13
Тарихтың талай толқынды кезеңдері мен қасірет-қырғынды тұстары өтсе де ғасырлар қойнауынан бізге Қожаберген Толыбайұлының есімі келіп жетті. Бұл тегінде: «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді, Шебердің заты өлмейді», деген тәлімді тәмсілдің дәлелі болса керек. Демек, халық ешқашан да өзінің жақсылары мен жайсаңдарын, батырлары мен бағландарын, жыраулары мен ақындарын ұмытпайды. Олардың жасаған істеріне, көрсеткен ерліктеріне, сіңірген еңбектеріне, қалдырған мұраларына қарай сый-құрмет көрсетіп, бағалап, қастерлеп отырады.
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:13
Тарихтың талай толқынды кезеңдері мен қасірет-қырғынды тұстары өтсе де ғасырлар қойнауынан бізге Қожаберген Толыбайұлының есімі келіп жетті. Бұл тегінде: «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді, Шебердің заты өлмейді», деген тәлімді тәмсілдің дәлелі болса керек. Демек, халық ешқашан да өзінің жақсылары мен жайсаңдарын, батырлары мен бағландарын, жыраулары мен ақындарын ұмытпайды. Олардың жасаған істеріне, көрсеткен ерліктеріне, сіңірген еңбектеріне, қалдырған мұраларына қарай сый-құрмет көрсетіп, бағалап, қастерлеп отырады. Бұл ретте: «Қожаберген кім? Оның қазаққа сіңірген қандай еңбегі бар? Біз оны несіне құрметтеп, қадір тұтамыз?» деген тәрізді сауалдардың туары хақ.
Өмір мен қоғамдық тіршілікте әр ұрпақтың атқарар міндеті, көтерер жүгі болады. Өйткені, ол өткен мен келешектің арасындағы өткел-көпір. Сондықтан кешегіні тереңнен зерделей зерттеп, бүгінгі тәжірибені жинақтап қосып, болашаққа аманат етіп жеткізу оның дәнекерлік парызы мен қарызы. Қай салада болмасын, экономикада да, саясатта да, тарихта да, мәдениетте де осындай алуан-алуан міндеттер мен шаруалардың бар екенін ойлағанда жауапкершіліктің зіл батпан салмағын түсініп, түйсінгендей боламыз.
Даму мен өрлеу, дәстүр-салт, әдет-ғұрып әркез бір-бірімен саралас та сабақтас. Бірінен-бірі үлгі-өнеге алып жалғасып кете береді. «Атаңа не көрсетсең, алдыңнан сол шығады». Біз ата-бабамызды қалай құрметтеп, қастерлесек кейінгі ұрпақ соны қайталап, жалғастыратын болады.
Кемеңгер қайраткер, ержүрек батыр, ділмәр шешен, ақиық ақын-жырау Қожаберген Толыбайұлы хақында біраздан бері айтылып әрі жазылып келеді. Бірталай мұралары кітап болып жарыққа шықты. 2000 жылдың аяғында Петропавл қаласында оның өмірі мен қызметіне арналған арнайы ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Басқа да игілікті істер мен өнегелі шаралар атқарылып, жалғасын табуда. Бірақ мұның бәрі Қожаберген бабамыздың тарих пен руханиятымыздағы орны мен рөлін белгілеп, тұлғасы мен бейнесін толық танып болдық дегенді білдірмейді.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Өз тарихыңның түп-тамырын танып-білу, ата-бабаларыңның ауқымды іс-әрекетін мақтаныш ету, өктем дәуірдің әртүрлі кесапат-кемшіліктерінен арылу, қазіргі заманға лайық сананы қалыптастыру, ұлттық бірігуге қуатты серпін береді», деп айтқаны еске түседі. Мұндай тұжырым мен ұстаным Отанымыздың келешекке бағдарланған мақсаты мен мұраты жолындағы жаңа іс-әрекеттерге жетелейді.
Еліміздің таяуда қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында терең ойды, елдік бірлік пен тірлікті меңзейтін мынадай жолдар бар: «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі.Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс. Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ». Сондай-ақ мұнда: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек», деген тұжырым да бар.
Демек, біз береке-бірлігі жарасқан ел, іргесі берік мемлекет боламыз, ұлттық тарихи санамызды қалыптастырамыз десек, Қожаберген сынды тұлғаларға рулық, тайпалық тұрғыдан емес, кең көлемде, биік деңгейден қарап, қазақтың батыры, қазақтың қайраткері және қазақтың ақын-жырауы деп тануға тиіспіз. Ол соған лайық та.
Тарихи деректер Қожаберген батырдың тек бір рудың немесе ауыл-аймақтың мүддесімен шектеліп қалмай, қалмаққа қарсы соғыста күллі қазақтың ар-намысы, бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескенін, ал 1688-1710 жылдардағы шайқастарда бірлескен қазақ, ноғай және қарақалпақ жасақтарына қолбасшылық еткенін айғақтайды. Оның елінің, жерінің қамын жеген отаншылдығы, жауынгерлік-сардарлық рухы мен серті өзі жырлаған мына бір жыр жолдарынан да анық байқалады:
Қолбасшы батыр болмасам,
Көбелі сауыт кимейін.
Ту ұстайтын болмасам,
Арабы ақ боз мінбейін.
Талапты жігіт болмасам,
Ұрандап жауға тимейін.
Қару-жарақ соқпасам,
Зергер болып жүрмейін.
Майданда жауды жеңбесем,
Қызық дәурен сүрмейін.
Дулығамның төбесі,
Буылмаса маржанмен,
Басыма оны кимейін, – деп тебіренеді.
Тым алысқа бармай-ақ, Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанын зер салып, зейін қойып оқып шыққан адам оның дүниетанымы мен көзқарасын, білім-білігін, ақындығы мен жыраулық талантын анық таниды. Қазақ жұртының өткен ғасырдағы тыныс-тіршілігімен, бастан кешкен оқиғалары және жауынгерлік жорықтарынан хабардар болып, біршама қанығады.
Мәселенің мән-жайы түсінікті болуы үшін осы арада аздап тарихқа тоқтала кеткен жөн тәрізді. Біздің батырлық жыр-дастандарымызда қазақ пен қалмақ үш ғасыр бойы шайқасқаны айтылады. Ал, шын мәнісінде қалмақ пен жоңғардың түбі бір. «Жоңғар» атауы моңғол тіліндегі «Зүүн гар» сөзінен қазақшалағанда: «Сол қанат» деген мағына береді. Бұл елдің, мемлекеттің атауы емес, әскери стратегиялық маңызға ие қорғаныс шебінің атауы. Дәлірек айтқанда, батыс жақты, яғни сол қанатты қорғап тұрған әскери шеп дегенді білдіреді. Жалпы, Жоңғария хандығының Қазақ мемлекетіне қарсы басқыншылық саясат ұстанып, шабуыл жасауы ХVІ ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Ақназар хан тұсында қазақ әскері ойраттарға қарсы бірнеше рет тойтарыс беріп, үлкен жеңістерге жетті. Тәуекел хан тұсында да қазақ жасақтары әлденеше қайта жоңғар әскеріне күйрете соққы берді.
Ал «қалмақ» деп жүргеніміз ойраттың іргелі бір тайпасы торғауыттардың атауы. Осы торғауыттар 1628 жылы қазақ даласы арқылы батысқа қарай үдере көшіп, Тобыл мен Жайықтың жоғарғы сағасын басып өтіп, Еділ бойына барып табан тіреді. Олар содан бастап «халимаг», қазақша айтқанда «үдере көшушілер», яғни Еділ қалмақтары деген атқа ие болды. Қалмақ хандығын Ресей патшалығы өзінің оңтүстік шекарасын қорғайтын қолшоқпар ретінде өте тиімді пайдалана білді. Мәселен, тарихи деректерде 1697 жылы орыс патшасы I Петр қалмақ ханы Аюкеге Ресейдің шығыстағы шептерін қорғауды ресми түрде міндеттегені, Еділ қалмақтары Ресей империясының көптеген басқыншылық жорықтарына белсене қатысқаны жайында айтылады. Орыстар қалмақтарды ауық-ауық қазақтарға қарсы айдап салып, екі халықты бір-бірімен қырқыстырып отырды.
Сондықтан да, қазақ сахарасының жер үшін, жайылым үшін, өзінің атамекен даласында алаңсыз өмір сүруі үшін Еділ қалмақтарына қарсы екі ғасырдан астам уақыт бойы күрес жүргізіп, соғысып отыруына тура келді. Атақты қаз дауысты Қазыбек қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында “Дат, тақсыр!” деп суырыла алға шығып: “Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге — танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – деп қайтпас қайсарлық танытып, теңдік сұрайтыны осы қазақ-қалмақ қатынастарына байланысты. Мұны біз «от ауызды, орақ тілді» шешендіктің үлгісі ретінде жиі ауызға аламыз. Ал, шындығында өз заманындағы дарынды дипломатияның да көрінісі.
Осылай есептеп қарағанның өзінде қазақтың әуелі жоңғармен, артынан қалмақпен (1530-1771) екі жүз жылдан астам уақыт шайқасқанын аңғарамыз. Бұл соғыстың қайғы-қасіреті мен зардап-залалын халқымыздың бірнеше ұрпағы тартып, бастан кешті. Майдан даласында қаншама қан төгіліп, қанша батырлар мен ерлер опат болды. Жесір қалғандар мен жетім қалғандардың да есебі болмады. Бір мезет амалсыз шегініп, елден-жерден ауып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға ұшырадық». Бұл қазақ тарихындағы ең қасіретті жыл саналады.
Ендеше, елін, жерін қорғаған азаттық жолындағы қалмаққа қарсы соғыста тек Қожаберген ғана емес, оның әкесі Толыбай сыншы да, арғы аталары Дәулен батыр, Таузар, Қара Ораз, Жаңбыршы батыр да қатысқан деген деректер төске тиіп, көңілге қонады. Оның үстіне халқымыз: «Батырдан – батыр туар шайқасқанда, Алыптан алып туар алысқанда», – деп термелететініндей, тектіден текті, батырдан батыр ғана туады. Бұған қоса, Қожабергеннің нағашы жұртының ерте заманда Самарқанды билеген атақты ордабасы Жалаңтөс баһадүрге барып тірелетіні ой-болжамымызды дәлелдей түскендей. Сондықтан да ол тегіне тартып, ақындықтан азаматтықты жоғары қойып, қажет кезінде елінің, жерінің қорғаны бола білді.
«Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолынан кейін» қазақ даласының Ата заңындай болған әйгілі «Жеті Жарғыны» қабылдаттырған, халық құрметтеп әз Тәуке атаған Тәуке ханның тарихымызда үлкен прогрессивті рөл атқарғаны мәлім. Ол билік жүргізген кезде: «әділеттілік пен парасаттылық салтанат құрып, рулар арасындағы қырқысулар тыйылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды» деседі. Халықтың мақсат-мүддесін, елдің ішкі және сыртқы жағдайын жақсы білген осындай көреген хан бойында сенім артатындай ерекше қабілет-дарыны, жұрт сыйлайтындай абырой-беделі болмаса Қожабергенді өзінің оң қолы болатындай ордабасылыққа сайлатпас және жақсылар мен жайсаңдарды жинатып, «Жеті Жарғыны» жазуды тапсырмас еді. Айтқандай-ақ, Қожаберген әз Тәукенің сенімі мен үмітін ақтап, «Жеті Жарғыны» ақ былғарыға жаздырып, ханның өзіне тапсырады. Мұның бір данасы бүгінде Түркияда Ыстамбұлдың Сүлейман атындағы Канони кітапханасында сақтаулы екені айтылып жүр. Мұның өзі бір жағынан кейбіреулер айтып жүргендей жабайы тіршілік емес, көшпенді өмір сүрген біздің ата-бабаларымыздың өзіндік мәдениеті мен өркениеті болғанының айғағы. Бәлкім, бұл кейінгі кезде табылып, зерттеле бастаған сонау ХVІ ғасырдың жәдігерлігі армян-қыпшақ заңнамасы – «Төре бітігінен» бастау алып, сонымен сабақтасып жатқан болуы мүмкін. Бұдан туатын қорытынды Қожаберген Толыбайұлы жауға шапқан батыр, қол бастаған сардар ғана емес, ел басқару істеріне де белсене араласқан өз заманының мемлекет қайраткері.
Осындай ісі мен қадір-қасиеттеріне қарай қазақ тарихындағы айтулы тұлғалары болған: Абылай ханнан бастап, Бұқар жырау, Қаракерей Қабанбайлар оны ұстаз тұтып, ақыл-кеңесі мен пікіріне құлақ асып отырды.
Тарихи деректердің айғақтауынша, Қожаберген 1710 жылдың жазында өзiнiң орта жасқа таяп қалғанын, ұзақ жылдарға созылған ауыр соғыстарға үздiксiз қатысып, қалжырап-шаршағанын алға тартып, Тәуке ханнан өзiн ордабасы қызметiнен босатуды сұрайды. Әз Тәуке әуелi келiсiм бермесе де, өз орнына қоятын кiсi барын айтқан соң, хандықтың астанасы – Түркiстан шаһарына Үш жүздiң шораларын, бектерiн, билерiн, батырларын арнайы хабар айтып, кiсiлер жiберiп шақыртып алып, ордабасы сайлау үшiн құрылтай өткiзедi. Онда уәзiрлер, шоралар, билер, бектер, батырлар Қожабергеннің ордабасылықтан кетуiн қош көрмейді. Ақыры, олар әз Тәукеге әзер дегенде келiсiм бередi. Сонда Қожаберген баһадүр ақ батасын берiп, ұсыныс жасап, өз орнына Бөгенбай батыр Ақшаұлын қазақ, ноғай, қарақалпақ жұрттарының бiрiккен әскерiн басқаратын Бас қолбасшы етiп сайлатады. Осы сияқты, Қожабергеннің батырлығы мен ерлігі Бұқар жыраудың «Ұстазым» атты толғауында кеңінен баяндалған.
Бабаның өмір жолына қанық болғысы келетін өскелең ұрпаққа оның Үргенші, Бұқара, Самарқан медреселерінде дәріс алып, араб-парсы тілдерін меңгергенін, сонда оқып жүргенде шығыстың жетi жұлдызы атанған Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдоуси, Сағди, Рудаки шығармаларынан нәр алғанын, сондай-ақ Рашид ад-Дин, Мырза Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири және өзiнен аз бұрын өткен Әбiлғазы баһадүр хан сияқты бiлiмпаздардың жазып қалдырған шежiрелерiмен таныс болғанын біле жүргеннің зияны жоқ. Өйткені, Бұқара мен Самарқаннан, көне араб-парсы мұрағаттарынан біздің ежелгі тарихымызға қатысты кейбір деректер табылып жатыр. Солардың арасынан Қожаберген бабамызға байланысты мәліметтердің ұшығы шығып қалуы да ғажап емес. Онда үмітіміздің ақталып, айымыздың оңынан туғаны.
Қазір әдеби айналымға еніп, мамандар зерттеп жүрген оның ақындық-жыраулық талантынан туған ел ішінен, әркімдердің аузынан тірнектеп жинап жазып алынған: “Бағылан баба”, “Фархад баһадұр”, “Ғадыл Танаш”, “Едiге баба”, “Балға-Балта батырлар”, “Ер Аббас”, “Ер Көшебе”, “Ата тек”, “Баба тiл”, “Алтай батыр”, “Елiм-ай” және басқа көптеген дастан, “Қойлыбай әулие”, “Бiлерсiң”, “Күлдiрмамай”, “Жетi жарғы”, “Үш би”, “Қайран, жастық”, “Едiге биге”, “Жастық”, “Ақсауыт” және басқа бiрталай өлеңдер, “Бүркiт қонған”, “Көк Есiл”, “Айша”, “Қызылжар”, “Қайран, Арқа”, “Елiм-ай”, “Қалмақ қырылған”, “Ел айырылған”, т.б. күйлері жүз жасаған баба мұрасының жұрнағы не бір парасы болуы да ықтимал.
Зерттеуші, ғылым докторы, марқұм Шаймұрат Смағұловтың жазуынша, «Қожаберген батырлығына, сардарлығына, жыраулығына қоса суырыпсалма ақын-әнші, күйші, емші-сынықшы, ділмәр шешен, он саусағынан өнер тамған қолөнерші-шебер, түйе балуан, аңшы, құсбегі, атбегі, көріпкел құмалақшы, аттың құлағында ойнаған шабандоз, ауа райын болжаушы сәуегей де болған» көрінеді. Мұны да зерделеп, зерттеп жатсақ артықтық етпейді. Ғылымымызды дамытпаса кемітпейді. Олай болса, Қожаберген бабамыздың көпшілік біле бермейтін өзге қырларын танып-білу алдағы күндердің еншісіндегі мәселе болмақ.
Алла тағала кейде сүйген құлына қабілет-дарынды үйіп-төгіп бере салады. Сірә, «сегіз қырлы, бір сырлы» деген атау-анықтама, осындай тұлғаларға қатысты айтылса керек. Қазірше қолда бар деректер мен мүмкіндіктердің негізінде «Жеті Жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен шығармаларын кітап етіп шығарып елге тарату, оның атын мектеп пен көшелерге беру, көрнекті жерлерге ескерткішін орнату сияқты игілікті шаралар атқарылуда.
Биыл Қожаберген жырау Толыбайұлының туғанына – 350, оның атақты «Елім-ай» жыр-дастанының жарық көргеніне 290 жыл толмақ. Осыған орай қабылданған Үкімет қаулысына сәйкес ұлы бабамыздың мерейтойы ғылым мен мәдениеттің ордасы Алматыда бастау алғалы отыр. Ертең мұнда елімізге жақсы танымал ірі ғалымдардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өтеді. Осындай шаралар елордамыз Астанада жалғаспақ. Осы және басқа мерейтойлық шараларды өз деңгейінде өткізу – баршамыздың борышымыз.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
«Жеті Жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық
қайырымдылық қорының төрағасы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері,
заң ғылымдарының докторы, профессор.