Руханият • 17 Мамыр, 2019

Ақжайықта оқушылардың аймақтық айтысы өтті

1281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында ақын Жұбан Молдағалиевтың келер жылғы 100 жылдығына, «Мен қазақпын» поэмасының жазылғанына 55 жыл толуы құрметіне орай мектеп оқушылары арасында аймақтық айтыс өтті.

Ақжайықта оқушылардың аймақтық айтысы өтті

Суретті түсірген Бекболат ҚАЛЕНОВ

- Ауданда жас таланттарды қолдау жүйелі жүргізіледі. Өткен жылдың өзінде оқушылар арасында үш мәрте аудандық айтыс ұйымдастырылды. Бүгінгі Ақжайық аудандық білім бөлімі және аудандық балалар шығармашылығы орталығы ұйымдастырған бұл сайыс Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларына үн қосу бағытында өткізіліп отыр, - дейді Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев.

Бұл жолғы сайысқа жергілікті оқушылардан бөлек көршілес Атырау облысының Индер және Қызылқоға аудандарынан, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы, Қаратөбе, Теректі аудандарынан да жас ақындар келіп қатысты. Айтысқа ақын Үзілдік Елеубайқызы, облыс ақындары Әсет Бисенғалиев, Болат Өтешовтер төрелік етті. Әуелгі бес жұп ақынның айтысынан кейін екінші турға 4 ақын – индерлік Ертай Кеңес пен қаратөбелік Райымбек Өтепов, оралдық Әділ Ахмет пен теректілік Нұрдана Темір іріктеліп шықты.

Финалдық бәсекеде оралдық Әділ Ахметов бас жүлдеге лайық деп танылды. Оған балалар шығармашылығы орталығының қосымша білім педагогы, белгілі шебер Досжан Бижанов өз қолынан шыққан домбыраны сыйға тартты. І орын – теректілік Нұрдана Темірге, ІІ орын – қаратөбелік Райымбек Өтеповке, ІІІ орын – Атырау облысы Индер ауданынан келген Ертай Кеңеске бұйырды. Ал суырыпсалма сөз сайысына қатысқан өзге ақындарға Жұбан Молдағалиев, Ораз Исаев, Мектеп Досқалиев, Рамазан Ахметов, Сағынғали Сейітов, т.б. атындағы арнайы жүлде, бағалы сыйлықтар берілді.