Сайлау • 17 Мамыр, 2019

Үгіт жұмыстары белсенділікпен жүргізілуде

1413 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президенттікке кандидаттардың өңір-өңірдегі қоғамдық штабтары үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Сайлауалды бағдарламаларды таныстыру барысында әр аймақтың тұрғындарын толғандырған мәселелер де назарға алынуда.

Үгіт жұмыстары белсенділікпен жүргізілуде

«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Дания Еспаеваның сайлауалды аймақтық штабы Атырау қаласындағы  «Рауан Налко» кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Бұл «Рауан Налко» ЖШС – мұнай-газ өндірісіне арналған химиялық реагенттерді өндіруші, әлемнің 160 елін қамтитын халықаралық «Налко Чемпион» (Nalco Champion) компаниясымен бірлескен отандық кәсіпорын.

Кездесуді кәсіпорын директоры Бауыржан Әжіғалиев ашып, кәсіпорынның қазіргі әлеуеті туралы хабардар етті. Бұдан кейін «Ақ жол» демо­кратиялық партиясы облыстық филиалы­ның жетекшісі Ермекқали Юсупов кандидаттың бағыт-бағдарлары және сайлауалды мақсаттарымен бөлісті. Ол Д.Еспаева бағдарламасының бас­ты бағытының бірі кәсіпкерлікке қолдау көрсету екенін, өнеркәсіпті өркендетуге дем беру ел экономикасын көтеретінін атап өтті.

Сондай-ақ жиында облыстық филиалдың саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішов, облыстық саяси кеңестің мүшесі Серік Ерубаев сөз сөйлеп, барша жиналғандарды үміткерді қолдауға шақырды. Кәсіпорын жұмысшылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауаптарын алды.

Ал бүгін кандидат Д.Еспаева республикалық штаб мүшелерімен бірге Қостанай облысына жол тартады. Олардың арасында Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев та болады. Насихатшылар тобы Ы.Алтынсарин ауылына атбасын бұрып, сондағы ауылдарды, «Темте» ӘКК соғымдық орнын, машина-трактор шеберханасын, «Олжа-Белявка» ЖШС, Селантьев орта мектебін аралап, сайлаушылармен кездеседі.


* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан сайлауға қатысып жатқан Төлеутай Рақымбеков Нұр-Сұлтан қаласында С.Сейфуллин атындағы қазақ Агротехникалық университетінің ұжымымен кездесті. Кандидаттың бұл оқу орнына келуі бекер емес. Өйткені бұл жерде тек ауыл шаруашылығы мамандарын даяр­лап қана қоймай, салаға қажетті озық ғылыми жобалар жасалады. Әсіресе иммунды химия, тағам микробиологиясы және топырақты талдау бағыттарында теңдессіз бастамалар бар. Бірақ оны өндіріске енгізу оңай болмай тұр. Т.Рақымбеков өз бағдарламасында осындай жобаларды өндірісте кеңінен қолдануға ерекше басымдық берген. Бұған қоса ғылыми жұмыстарды қаржыландыруды күшейту керек дейді. Себебі экспортталатын та­уарлар сараптамасының өзіне миллиондаған қаржы шетелге шашылады. Ал егер осы зертханалар жұмысын жүйелесек, қанша қаражатты өзімізде қалдыруға болатынын алға тартады үміткер.

Т.Рақымбектовтің сайлауалды бағдарламасы тек ауыл шаруашылығымен ғана шектелмейді. Онда жұмыссыздықпен күрес, баспана мәселесі және инфрақұрылымды дамытуға қатысты да тетіктер бар. Бұл университет қабырғасында өткен жиында жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар Алматы қаласында Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында кездесу өтіп, аграр­лық сала ғалымдары баяндама жасап, азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық мәселеге айналып бара жатқанын атап өтті. Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға ұлттық және аймақтық ерек­шеліктерге қарай қазақстандық азық-түлік қауіп­сіздігі стандарттарын әзірлеу жөнінде ұсыныстар айтылды. Сол отырысқа жиналғандар кандидат Т.Рақым­бековтің сайлауалды бағдарламасын тал­қылап, сайлауда қолдау білдіретіндерін жеткізді.


* * *

Кәсіподақтар федерациясынан кандидат Аманкелді Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов бастаған топ Түлкібас ауданына табан тіреді. Насихатшылар тобы Социалистік Еңбек Ері Мәнтай Жарымбетовтің атымен аталатын шаруа қожалығында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінен және білім беру, мәдениет, кітапхана қызметкерлерінен құралған 150 адамның басын қосты. Ауданның бренді саналатын алма бағында Б.Бекжанов бұл саяси науқанның мемлекет тарихындағы маңыздылығына тоқталып, жиналған көпшілікті сайлауда белсенділік танытып, дауыс беру құқын тиімді пайдалануға шақырды. Сайлауалды шараға салалық кәсіподақ басшылары Бастарбек Пірімбетов, Барлыбай Қуандықов, Гүлдар Есебаева, Тимур Жүнісов те атсалысты.

Сондай-ақ жиында сөз алған білім саласының қызметкерлері Ержан Мақашев пен Гауһар Меңді­баева кәсіподақ атынан аса мәртебелі лауазымға ұсынылып отырған кандидатқа тілеулестік білдіріп, еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері мен Қазақстанның жарқын келешегі туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесуге келген жұрт кәсіп­одақ ұйымының болашақтағы жоспарларымен танысып, жаңа мүмкіндіктерге қанықты. Емін-еркін, ашық-жарқын жағдайда өткен шарада жиналғандар штаб мүшелерінен көңілдерін күпті еткен сауалдарға жауап алып тарқасты.

Ал «Келешек» жастар қанатының мүшелері Түркістан қаласында халыққа насихат парақшалары мен А.Таспиховтың сайлауалды бағдарламасы бар кітапшаларын таратты. Киелі шаһардағы Қ.А.Ясауи кесенесі, орталық саябақ, «Рәміздер алаңы» аллеясы сияқты халық көп шоғырланған орындарға барып зиярат етіп келген соң жұртшылық пен қала тұрғын­дарына кандидаттың ұстанымдарын таныстырды.


* * *

Қазақстан Коммунистік халық партиясынан кандидат ретінде тіркелген Жамбыл Ахметбековтің сайлауал­ды қоғамдық штабы Нұр-Сұлтан қаласын­дағы Астана электртехникалық зауытының еңбек ұжы­мымен кездесті. Елордадағы штабтың жетек­шісі Нұр­дәулет Оразханов бұл зауыт еліміздегі электр­техникалық құрылғылар өндіретін алдыңғы қатарлы кәсіпорын екенін, оның өнімдері өндіріс саласында қашанда сұранысқа ие екенін атап өтті. Қалалық комитет жетекшісі сайлауалды бағдарламаны таныстырып, барлық бағыттарын қысқаша мазмұндап берді. Ол ҚКХП үнемі қарапайым азаматтардың мүддесін қорғауға басымдық беріп отыратындығын атап өтті.

«Коммунистік халық партиясы мемлекеттік деңгейде қарапайым халық мүддесін қорғау бойынша жұмыс атқарып келеді. Коммунистер халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, көпшіліктің шағымдарын қарастырып, мемлекеттік органдар мен министрліктерге әлеуметтік сипаттағы мәсе­лелер бойынша депутаттық сауалдар жолдайды. Еліміздің жер-жеріндегі сайлаушылар біздің экономикадағы, әлеуметтік-саяси өмірдегі ұстаны­мымызды қолдайтынына сенеміз. Сондықтан Қазақ­с­тан Президентін сайлауда біздің үміткерге дауыс беруге шақырамыз», деді Н.Оразханов.

Қатысушылар азық-түлік пен көпшілік қолда­натын тауар бағасының өсуі, медициналық қызмет­тің сапасы, баспана, зейнетақы жүйесі, жалпы әлемдегі және елдегі экономикалық жағдай төңірегінде сұрақтар қойды.

Елордадағы партияның штабы үгіт-насихат жұмысын белсенді атқарып жатыр. Штаб кеңсесі журналистер және сарапшылармен тығыз байланыс­та, үгіт-насихат материалдары жеткілікті және сайлауалды командасының мүшелері қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын.


* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штаб мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына барды. Аймақ негізінен халықты азық-түлік қауіпсіздік базасымен, жеңіл және ауыл шаруа­шылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Nur Otan партиясы штабы­ның жетекшісі Мәулен Әшімбаев Петропавл қаласын­дағы Оқушылар сарайында облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде айтты. Ол президенттікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасына жан-жақты тоқталды.

«Еліміз бойынша жоғары сапалы көлік жолдарын салу және жөндеу, барлық апатты жағдайдағы мектептерді пайдаланудан шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар 650 мың отбасының баспана мәселесін шешіп, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, білім беру сапасын жақсарту және әлемнің ең үздік ЖОО-ларында оқуға мүмкіндік жасау – мұның барлығы өрлеуге апаратын жол. Бұл біздің кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасында егжей-тегжейлі қамтылған», деді Мәулен Әшімбаев.

Бұған қоса республикалық штаб атбасын тіреген келесі нысан Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко және К» ауыл шаруашылығы кәсіпорны болды. Штаб мүшелері елімізде агроөнеркәсіптік кешен­нің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауыл­дықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылда тұруды жылдан-жылға жайлы етуге барлық жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар штаб мүшелері президенттікке кандидат Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ауылшаруашылық саласын қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.


* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың қоғамдық штабы елордадағы Орталық базарда үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Акцияға студенттер, белсенді жастар қатысып, базардағы жүздеген тұрғындар мен астана қонақтарына өз кандидаттарының сайлауалды тұғырнамасын түсіндірді. Қатысушылар парақшаларға басылған науқандық материалдарды таратып, сұрақтарына жауап беріп, тұрғындармен суретке түсіп жатты. Әрі-бері өткен жұрт кандидаттың ұстанымдарына қызығу­шылық танытып, өздері де халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстарын білдірді.

Ал қаладағы Әуезов пен Мәскеу көшелерінің қиылысындағы аллеяда жастар флешмобы өткізілді. Ақ футболка киген еріктілер «Таңдау – Қосанов» деген акцияда үгіт-насихат материалдарын үлестіріп, кандидат ұстанымының бағыттарын түсіндірді, тұрғындармен суретке түсті, сайлауалды ұрандарымен ән шырқап, жиналғандарды жігерлендірді. Мұндай қолдаушы белсенді жастар тек елордада емес, басқа қалалардан да табылып жатыр.

Сонымен қатар Ә.Қосановтың сенім білдірілген адам­дары Орал қаласындағы қарттар мен мүге­дектерг­е арналған интернат үйінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиналған қауымның барлық сұрақтары және тілектері ескеріліп, қарттар мен мүгедек­тердің мәселелері кеңінен талқыланды. Оларға кан­дидаттың сайлауалды тұғырнамасында көтеріл­ген бағыттар туралы айтылып, аталған мәселе­лер бойынша штаб өкілдері алдағы жұмыс барысын­да шешімдер қабылдауға уәде берді.


* * *

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозға­лысынан кандидат Сәдібек Түгелдің сенім білдірілген адамдары Ақкөл қаласында асық атудан турнир өткізді. Қаладағы агротехникалық колледж студенттері арасында өткен сайыста жастар шапшаңдық пен дәл атып тигізуден шеберліктерін көрсетті.

«Бұл ойын түрі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілгенін айта кетуіміз керек. Ұлттық ойындарымызды тек сайыс үшін емес, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білуге дәріптеу үшін ұйымдастыру керек. Бұл ойынның осы күнге дейін ұмытылмай, үзілмей жалғасып келе жатқаны ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді. Ұлттық ойындарымызды жаңғырта білсек, бұл біздің өткенді ұмытпағанымыздың белгісі. Ұрпақ бойына асыл қазыналарымызды ұлттық тәрбие арқылы сіңіре аламыз», деп санайды президенттіктен үміткер, жазушы, Ұлттық ат спорты ойындары федерациясының президенті С.Түгел.

Ал кандидаттың сенімді өкілі Ерболат Съезхан «Дәл көздей білу, икемділік пен шапшаңдықты қажет ететін қазақтың ежелден келе жатқан асық ату ойыны басқа спорт түрлеріндей арнайы алаң мен қомақты қаражат салуды қажет етпейді. Ең негізгісі – ынта мен қызығушылық. Ресми деректер бойынша бұл ойынды елімізде 80 мыңдай адам ойнайды екен», деді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, тұғырын нықтауды мақсат еткен  С.Түгелдің сайлауалды штабы ұйымдастырған турнирде қазақ тілін жетік меңгерген Ақкөл қаласының жас тұрғыны Рүстем Леденов жеңімпаз болды.

Дайындаған Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»