Аймақтар • 17 Мамыр, 2019

Ырыс негізі қалануда

1081 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақсының жалпақ даласы қарбаласқан еңбек дүбірімен ерекше күйге бөленген. Аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті.

Ырыс негізі қалануда

Астықты өлкеде жыл сайын күзгі жиын-терін кезінде көш бастайтын аудан­ның диқан-механизаторлары биыл тәп-тәуір дайындық жасаған сыңайлы. Жұмыс ауқы­мы да аз емес. 459,3 мың гектар алқапқа бидай, дәнді және бұршақ дақылдары, майлы да­қыл­дар себілмекші. Оның үстіне 472 гек­тар жерге картоп пен көкөніс отырғызу межеленген.

Негізінен жазық дала болғандықтан, көк­темгі дала жұмыстарына дейін топырақ­тың кеуіп кететіні бар. Қыста қар тоқтату­дың да мүмкіншілігі аз. Сондықтан, ендігі­сі ылғал жабу. 224,8 мың гектар жердің ыл­ғалын жабу жоспарланса, оның 32,5 па­йызы ғана жүзеге асырылыпты. Дәнді дақыл­дың негізгі шарты ылғал болатын болса, алқаптарды арамшөптен арылту, күні бұрын өңдеуден өткізу де аса ма­ңыз­ды. Бұл орайда диқандардың ниеті көңіл қуантады. Олар 140 мың гектардан ас­там алқапқа дән сіңірмес бұрын өңдеу жүргіз­бек­ші. Оның ішінде 90 мың гектардан астам алқап химиялық әдіспен өңделмек. Жақ­сы­ның диқандары ылғал жинағыш техно­ло­гияны да қолдануда. Биылғы егісте 308,4 гектар алқапқа осындай әдіс қолданылады.

Әр жыл сайын егіс алқаптарын ты­ңайт­­қышпен байыту да қолға алынған. Аудан диқандары 4,5 мың тонна аммофос, амиактық селитра, сульфоаммофос тыңайтқыштарын сатып алған.

Жыл сайын тұқымды жаңалап отыруға, сапасын жақсартуға көп көңіл бөлеміз. Көктемгі егіске қажетті 55,8 мың тонна тұқым зертханада сараптамадан өткізілді. Сапа­лы тұқыммен өзімізді ғана емес, көр­шілес аудан шаруашылықтарын да қамтуға қауқарымыз жетеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Рүстем Рамазанов, – қазір біздің шаруашылықтарда 15 тоннадан ас­там тұқым сатуға қойылған.

Бір жақсысы, машина-трактор паркі де ішінара жаңару үстінде екен. Өткен жылы 125 қуатты техника сатылып алыныпты. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті әр литрі 183 теңгеден бағаланған 6110 тонна дизель отыны жеткізілген.

Жақсы ауылының іргесіндегі «Айбат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болғанымызда шаруашылық басшысы Асқар Жапаровпен тілдестік. Басшының айтуына қарағанда, өткен жылы серіктестік 26434 тонна астық жинаған екен. Агротехникалық шараларды уақтылы орындауының арқасында гектар берекесі 17,3 центнерден айналып­ты. Бұл жақсы көрсеткіш. Серіктестік диқан­дары шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларының кейбір ақауларын арнайы цехта жөндеу үстінде. Көктемгі дала жұмыстарын 19 мамырда бастап, он күннің ішінде аяқтап шығуды межелеп отыр.

Жақсының жалпақ даласын игілік алқабына айналдырған қажырлы жандар қауырт науқанға тыңғылықты дайындық жасаған екен. Көктен иіп, жерден берсе, ырыздық та мол болары сөзсіз.


Ақмола облысы,

Жақсы ауданы