Аймақтар • 17 Мамыр, 2019

Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналды

1755 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның ең көне мамандандырылған мекемелерінің бірі – Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 100 жылдығына арналған халықаралық конференция ұйымдастырылды. Шараға Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Өзбекстанның Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрі Шерзод Кудбиев, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы департаментінің директоры Грахам Минтон және тағы басқалар қатысты.

Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналды

Жиынды ашқан вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова әлем­нің барлық елдері мен халықара­лық ұйымдардың күн тәртібінде тұрған еңбек нарығындағы жаһан­дық сын-қатерлерді атап өтті. «Қазақстанда осы мәселелерге ден қоюдың жүйелі шаралары қалыптастырылып, жүзеге асырылуда. Құрылымдық реформалар жос­парлы түрде жүргізіліп келеді. Халық­аралық озық тәжі­ри­беге жақындау үшін ЭЫДҰ стан­­дарт­тары енгізілуде», деді Г.Әбді­­қалықова. Оның айтуынша, Үкімет алдында ауқымды міндеттер тұр: 2025 жылға қарай лайықты еңбекақысы мен қауіпсіз жағдай қарастырылған 1 млн-нан астам жұмыс орнын құру. Барлық қызметкердің біліктілік деңгейін арттыру. Өмір бойы үздіксіз оқыту үлгісіне көшу үшін жағдай жасау.

Осыдан кейін сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев еліміздің ХЕҰ бағытын, сондай-ақ ондағы Жаһандық комиссиясы­ның болашақ еңбек саласындағы мәселесі туралы ұсынымдарын толық қолдайтынын жеткізді. «Министрлік жаһандық сын-қатерлер мен елде қалыптасқан үрдіс­терді ескере отырып, Қазақ­стан еңбек нарығының болашағы туралы болжам әзірледі. Халықтың саны 2025 жылға қарай 19,8 млн-ға дейін немесе 1,6 млн адамға өсуі мүмкін. Жұмыс күшінің саны 6,7%-ға артып, 9,8 млн адам­ды құрайды (2017 жылы 9,0 млн)», деді Б.Сапарбаев. Оның мәлі­метінше, экономикадағы техно­логиялық жаңғыртуды ескерсек, 2025 жылға қарай кадрларға деген қажеттілік 570 мыңнан астам адамды құрайды. Сондықтан орта және жоғары білікті жұмыс орындарының санын 766 мыңға арттыру көзделіп отыр. Біліктілігі төмен еңбекке деген сұраныс қысқарады. Мұндай жұмыс орын­дарының саны экономиканың дәстүрлі салаларын жаңғырту есебінен 530 мыңға азаяды.

Сонымен қатар Б.Сапарбаев кон­ференция барысында бір­қатар екіжақты кездесулер өткізді. Айталық, Өзбекстан Респуб­ли­касының Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрі Шерзод Құдбиевпен жүз­де­сті. Кездесу кезінде Қазақ­стан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы еңбекші-мигранттардың еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы 2019 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған келісімді іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына (жол картасы) қол қойылды.

Жол картасын әзірлеу туралы үкіметаралық келісім Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 15 сәуірдегі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына мемлекеттік сапарында жасалған. Жол картасына қол қою елдер арасындағы еңбек көші-қонын реттеу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығай­туға ықпал етпек.

Үкіметаралық келісім шең­берінде еңбекші-мигранттар қабылдаушы мемлекеттің заңна­масына және еңбек шартының талаптарына сәйкес басқа адамдар үшін қауіпті ауруларға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқығына ие. Еңбек мигранттары үшін ақы төлеу және басқа да еңбек жағдайлары жұмыс беруші мен қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес еңбек шартымен реттеледі.

Кездесу қорытындысы бо­йынша министрлер ведомстволар арасында орнатылған іскерлік және достық байланыстарды жо­ғары бағалайтынын және қол қо­йылған халықаралық құжат аясында одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін тілге тиек етті.

Бұдан бөлек, Б.Сапарбаев БҰҰ Халықаралық әлеумет­тік қамсыздандыру қауымдас­тығының (ХӘҚҚ) мүшелік қызметтері мен байланысын дамыту департаментінің директоры Грэм Минтонмен кездесті. Тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуде министр ХӘҚҚ-мен ынтымақтастықтың маңызын және басым бағыттар бойынша ын­ты­мақтастықты одан әрі кеңей­ту­­ге мүдделі екенін айтты.

Халықаралық конференция барысында қатысушылар аталған тақырыптар төңірегінде жан-жақ­ты пікір алмасты.

Айта кетейік, Қазақстан Халық­аралық еңбек ұйымына (ХЕҰ) 1993 жылдың 31 мамырынан бері мүше. ХЕҰ халықаралық еңбек нормаларын бекітуге және оны орындауға жағдай туғызады, еңбек және әлеуметтік мәселелер бойынша ақпарат беріп, сараптама жасайды.