Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің шешімімен елорда тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында кешенді жоспар әзірленген. Оның ішінде коммуналдық қызмет төлемдеріне көмек, мүмкіндігі шектеулі жандарды алып жүретін адамдардың жолақысын төлеу, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету, көп балалы отбасылар балаларының колледжде тегін оқуы, тұрғын үй сертификаттары, көп балалы отбасыларының мектеп, колледжде оқитын студенттерінің жолақысын төлеу, көп балалы отбасыларының балаларын мектепте тегін тамақтандыру, сауықтыру лагерьлеріне жолдама беру, мектеп формасы мен канцеляриялық тауарлармен қамтамасыз ету, т.б. көмек түрлері бар.
Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін қосымша 13 шара қолға алынып, оған 6,5 млрд теңге бөлінді.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік салаға бөлінген қаржы сомасы 150 млрд теңгені құрап отыр. 2019 жылдың сәуірінен бастап қаладағы емханаларда әр сенбі сайын көп балалы отбасыларды қабылдау ұйымдастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлеріне барып көмек көрсетуге қарастырылатын қаржы 6,5 АЕК-тен 10 АЕК-ке (25250 теңге) дейін артты. Бұл шара бойынша 228 адамды қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар білім беру қорынан да әлеуметтік көмек алуға болады.
Жергілікті атқарушы орган әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды жан-жақты қолдау үшін 30-дан астам төлем жүргізуді қолға алған. Бұл мақсатқа бөлінген қаржы – 12,2 млрд теңге. Баспана мәселесін шешуге төленетін төлемдер орташа алғанда 18%-ға артты, ол үшін тағы 34 млн теңге бөлінген. Көп балалы 1300 отбасы мамыр айында қоныс тойын тойлайды. 1300 білім беру, денсаулық сақтау саласы мен полиция департаменті қызметкерлерінің баспана мәселесін шешуге 2 мың тұрғын үй сертификатын беру көзделген.
Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік әлсіз топқа қосымша қолдау көрсетілетін болады. Әлеуметтік жоба аясында аутизммен ауыратын балаларға арнайы қызмет көрсету үшін бюджеттен 40 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 100-дей балаға осындай көмек көрсетіледі.
Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 2019 жылы 1,2 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде қоғамдық жұмысқа тартылатын азаматтар саны 500-ден 1 мың адамға дейін артады. Қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілген адамдардың жалақысы 48 мыңнан 84 мыңға дейін көбейді.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»