Аймақтар • 18 Мамыр, 2019

Қостанайдағы білім ордасында академик Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды

1154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің атындағы дәрісхана ашылды.

Қостанайдағы білім ордасында академик Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды

Оның ашылу салтанатына белгілі академик Кенжеғали Сағадиев, сенатор, ғалым Бақытжан Жұмағұлов және ғалымның отбасы, туыстары, студенттер, оқытушылар қатысты. Университет проректоры Гүлвира Мұсабекова ғалым атындағы студенттер дәрісханасының ашылуы білім ордасы студенттері үшін айырықша оқиға екенін айта отырып, ғалымның ғылыми қызметіне тоқталып өтті. Оның білім қуған әр студент өміріне темірқазық етіп алатын үлгі екенін баса айтты. 

«Өмірзақ Сұлтанғазин әлемдік математика ғылымының дамуына үлес қосты. Ғылымның жолы – қия жол, ол ауыр еңбектің нәтижесі екені жұртқа аян. Өмірзақ Махмұтұлы қазақ мектебін бітірді,орыс тілімен қатар, ағылшын тілін өз бетімен үйреніп, сол арқылы өзінің математика, физика ғылымдарындағы еңбегін дүниежүзілік ғалымдар қауымдастығына алып шықты. Егемен еліміздің ертеңі ғылыммен, біліммен тығыз байланысты. Біздің Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті білімді мамандар дайындайды. Өмірзақ Сұлтанғазин есімінің біздің білім ордамызға берілуі заңды деп білеміз. Оның өмірі мен ғылымдағы қызметі біздің студенттерге тамаша үлгі. Ғалымның есімін алғалы университетте көптеген жұмыстар атқарылды» деді Гүлвира Айдарбекқызы.

Ғалымның жұбайы Райхан Ғаниқызы берген материалдар, сирек суреттер арқылы университет студенттері Өмірзақ Сұлтанғазин туралы видеоматериалдар, көрнекі материалдар жасады. Оның өмірімен, қызметімен терең танысты. Салтанатта тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, ғалымның жұбайы Райхан Ғаниқызы, тағы басқалар да сөз алып, естеліктер айтты. Барлығының пікірі еңбектерін әлем математиктері мойындаған ірі ғалымның дәрісханасы студент жастар үшін қасиетті мекендей орын болуы тиіс деген ойға тоғысты.

Ғалым атындағы жаңа дәрісхананың ашылуына халқымыздың дәстүрімен шашу шашылды, өнерлі студенттер қуанышты жырмен жеткізді. 

Қостанай