Қоғам • 18 Мамыр, 2019

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогика университетіне 80 жыл толды

1735 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ө.Сұлтанғазин атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің 80 жылдығы білім ордасында салтанатты түрде аталып өтті. Өткен жылы оқу орнында маңызды екі жаңалық болды. Алдымен институт мемлекеттік педагогикалық университет болып қайта құрылды. Сонымен қатар университетке академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді. Білім ордасының мерекесі аясында алдымен Өмірзақ Сұлтанғазинге орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты болды, дәрісхана ашылды. «Сұлтанғазин оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогика университетіне 80 жыл толды

Университеттің 80 жылдық мерекесін атап өтудің салтанатты жиынына білім ордасының ұжымымен қатар, Парламент Сенатының  депутаттары Серік Бектұрғанов пен Жеңіс Нұрғалиев, облыс мәслихатының хатшысы Сайлаубек Есжанов қатысты.

Жеңіс Нұрғалиев Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның университетке құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті қостанайлықтар! Сіздерді академик Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің 80 жылдығымен құттықтаймын. Академик Өмірзақ Сұлтанғазин әлемдік ғылыми ортада өз орны бар аса ірі тұлға. Ол тек Қазақстан ғылымының дамуына ғана емес, жалпы әлемдік ғылымға үлес қосты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик және  Қазақстан ғылым академиясының президенті қызметін атқарған ол ылғи биік зиялылығымен ерекшеленді. Өмірзақ Махмұтұлы «Асар» партиясының құрамында болған кезеңде ғалым терең ойларымен, еңбекқорлығымен партияластарының құрметіне бөленген еді. Әлемдік деңгейдегі ғалымның есімін алу Қостанай мемлекеттік педагогикалық унверситеті ұжымын ғылыми зерттеу жұмыстары мен педагогтар дайындауда аса шабытқа бөлейді деп ойлаймын» деп жазылған Дариға Нұрсұлтанқызының құттықтауында. 

  Сенатор Серік Бектұрғанов та қостанайлықтарды білім ордасының 80 жылдығымен құттықтады. Ол сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің атынан университеттің дамуына зор үлес қосқан педагогтар мен қызметкерлерді «Ы.Алтынсарин медалімен» марапаттады.   Университет ректоры Еркін Әбіл университеттің дамуына үлес қосқандарға және құрметті қонақтарға, оның ішінде академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің жұбайы Райхан Ғаниқызына да «Ө.Сұлтанғазин медалін» тапсырды. 

Білім ордасының 80 жылдығы мерекесі университет студенттері мен Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің ән-күй, биімен өрнектеліп отырды. 

Қостанай