Руханият • 20 Мамыр, 2019

Дәстүр білген адаспас

1498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Шымкентке келін болып бара жа­­тырсың. Ертең біздің солтүстікті масқара­лап, ата-енеңе тоңқаңдап сәлем салып жүрме!» Министрлікте бірге жұмыс істейтін бірі оңтүстіктен, бірі солтүстіктен келген екі жас Астанада табысып, отау құрмақ ниет­пен екі ара құдаласып, алдағы аптада Әсел Шым­кентке ұзатылады дегенде әріптес құрбы­ларының осылай айтып жатқан ақылын естіген сол бөлмеде отыратын жасы үлкен кісі шыдап отыра алмаған.

– Қыздар, сендер осы сөзді Әселге қан­дай ниетпен айтып отырсыңдар? Достық па бұл? Басқа-басқа, дәл сендердің көз ал­дарыңда екеуінің бір-біріне деген тап-таза сезімдері оянды. Алғашында әріп­тес ретінде тіл табысып, артынан жылы­ұшырай қараған көзқарастарының бара-бара махаббатқа айналып, екеуінің отау құратындарын, бірін-бірі қалай сыйлап, жақсы көретінін біліп жүрсіңдер. Сон­да сендер Әселдің сүйген жарының алдында беделді болуын, ата-анасының ал­дында сүйкімді, жақсы келін болуын неге қаламайсыңдар? Сахнада әртіс иіліп сәлем берсе, оны дұрыс қабылдайсыңдар, шығыс халықтары қолдарын қусырып, ата-ене түгілі, иіліп-бүгіліп мейманын қарсы алғанын мәдениеттілікке балайсыңдар да, ғасырлардан бері келе жатқан өте ұлағатты, мәні бар ұлттық дәстүрімізді өз­дерің мансұқтағандарыңмен қоймай, неге сендер ақ тілеулі сапарға кетіп бара жатқан қызға сондай «ақыл» айтасыңдар? Келін барған жерінің үлкеніне сәлем етсе, олардан «бақытты бол, үбірлі-шүбірлі бол, қоса­ғыңмен қоса ағар» деген бата алады. Ал жас келін үшін сәлем салу дегеннің мәні – жа­рының амандығын тілеуінде жатыр. Жесір қал­ған әйелдің сәлем салуы дәстүрде жоқ. Тек күйеуі бар келіншек қана сәлем салып, ері­нің ұзақ ғұмырының тілеуін сол сәлемінде алған батамен күнделікті бекітіп отырады. Қайта құрбыларыңа қайткенде барған жерінен жақсы бата алатын келін болуына ақыл қосыңдар! – деді.

Тағы бір мысал. «Бүгін құрбымның үйіне ба­рып келдім. Қиналып жүр екен. Ата-ене­сімен бірге тұрады, олар кәрі кісілер де емес, алайда жасап берген шайды өздері құйып ішпей, күніне неше рет дастарқан жайыл­са соның басында отырып, шай құюын қалай­ды екен», деп жас қыз әңгімесімен бөлісті. «Қызым, мен саған бір әңгіме айтып бе­рейін­ші, – деп тағы да бір әже әңгімесін бастаған. 

– Әрбір үйде «Жоқ» атты кіп-кішкентай қап-қара бірдеңе болады екен. Сол кішкентай қараның бар азығы «жоқ» деген бір ауыз үн. Әлгі үйде «жоқ» деген сөз айтылған сайын ол қуанып, орнынан секіріп түсіп, бірде бойы, бірде көлденеңі өсіп, сол үйде барға, берекетке орын қалдырмай, бәрін жоқпен толтырып тастайды екен. Ал ол жоқтың да қорқатыны бар көрінеді. Ол не дейсің ғой. Сол үйде күнделікті дастарқан жайылғанда оның үстінде қанатын жайып, айтылған жақсы сөз, бата-тілектерді қорып, әрбір жақсы сөзге әумин деп қанатын қағып тұратын періштеден қорқады екен. Өйткені періште қанатын желпіген са­йын, жақсы сөз, береке көкке қарай тоқтаусыз өтіп, Жаратқан дас­тарқан басындағы ұлағатты әңгімені оны қайырғандағы бата-тілекті қабыл етіп, жаңағы жоқтың тобы кішірейіп, өлімсіреп қалатын көрінеді. Сондықтан дастарқан басына отбасы мүшелері түгел отырып, тілек­тер тоғысып, бата жасалып, дастарқан жиы­луының өз тағылымы, өз мәдениеті бар. Егер дастарқанның уақытында батасы жасалмай, үсті жиылмаса періштенің қанаты талып әлсірейді, жоқ күш алып, шаңырақтың берекесі азаяды деген дәстүрде қазақы ұғым бар. Ал сенің құрбың ұлттық дәстүрден аулағырақ өскен, орыс мектебінде оқыған жан болса, осы әңгімені айтып бер. Мәселен, мен үшін де, егер жайылған дастарқан басына отбасымның мүшелері тегіс жиылып, берекені ұйытар әңгіме айтылып, Алладан тілек тілеп, дастарқан қайырылмаса көңіліме алаң кірер еді. Құрбыңның ата-енесі де егер сондай тәрбиені қанына сіңіріп өскен адамдар болса, жасап бердім ғой, енем атама өзі ша­йын құйып бере береді ғой, деп жатын бөлмеге кіріп кетіп, өз ісімен болу сол үйдің дәстүрін балталау, ұғымын тамырынан қиғанмен тең.

Әр отбасына келін келгенде сол шаңырақ­ты өз тәртібіммен, танымыммен жүргіземін деп келмейді. Келін деген сөздің өзінде келіп енген деген ұғым жатыр. Әрине келінмен бірге ол үйдің тұрмысына, дастарқан жаю мәдениетіне де қандай бір жаңалықтар енеді, бірақ түбірімен өзгертемін деу қате пікір. Сондықтан «қызым саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендей бұл сенің өзіңе де сабақ болсын», деді ұлағатты сөз қозғаған әже.

Жер бетіндегі әр халықтың өзінің таным­д­ық­ дүниесі, дәстүрі бар және оның тамыры тереңдеген сайын, сол тереңнен суырып нәр алған ұлттың болмысы анау-мынау жел-құзды елең етпейді, ауырып-сырқамайды. Өйткені оған қарсы тұра білетін иммунитеті ғасырлардан жеткен дәстүрінде сақталған. Дәстүрін танып, оны қасиеттей біліп, рухани жаңғырып отырған ұлт бағытынан адаспақ емес. Дәстүрді білу – өз-өзіңді, болмысыңды, тегіңді тани түсу болса керек.