Марғұлан мұрасы – ұлт мақтанышы
Бейсенбі, 11 сәуір 2013 1:45
Тәуелсіздік сарайында Әлкей Хақанұлы Марғұланның мұраларын насихаттау мақсатында «Әлкей Марғұлан мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты көрме ашылды.
Көрме залында ғалымның көзі тірісінде тұтынған заттары мен құралдары орын алған. Қазақтың салты мен дәстүрін жинақтаған ғалым әнді сүйіп тыңдап, домбыраны да шебер тарта білген. Осы домбыра, сол сияқты, ұзақ жылдар көз майын тауысып құнды ғылыми тұжырымдарды жазған жазу машинкасы, археологиялық жорықтарда дүниесін салған чемоданы және берілген кәдесыйлар қойылған.

Көрмеге келушілер назарына ғалымның жас кезіндегі, ғылым академиясында, экспедициялық жорықтарда, демалыс кезінде, отбасында түскен суреттері де ұсынылып отыр. Әсіресе, ерекше назар аударатын дүние – 1926 жылы Ахмет Байтұрсыновпен, Міржақып Дулатовпен, Жүсіпбек Аймауытовпен, Мұхтар Әуезовпен бірге түскен суреті. Алаш арыстарының бірі Әлімхан Ермековпен, академик Қаныш Сәтбаевпен және қазақтың атақты ақын-жазушылары, ғалымдарымен бірге түскен суреттер өткен күн тарихынан сыр шертеді.
Көрмеде ғалымның өзі қолтаңба жазып, қызына сыйға берген кітабы, Әлкей Марғұланға естелікке берілген құнды кітаптар да бар.
Көрменің ашылу салтанатына Алматыдан арнайы ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы, академик Жабайхан Әбділдин, ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов, «Отырар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, археолог Зейнолла Самашев сынды елімізге белгілі тұлғалар қатысып, естеліктерімен бөлісті. Әлкей Марғұлан мұраларының 14 томдығының тұсаукесері де болды.
2004 жылы ЮНЕСКО көлемінде Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы аталып өтуіне байланысты Астанадағы №40 орта мектебіне Әлкей Марғұланның есімі берілді. 2006 жылы 11 мамырда мектепте академик Әлкей Марғұлан мұражайы ашылды. Көрмеге қойылған құнды жәдігерлер мектептің мұражайынан алынған.
Бекмұрат ӨМІРБЕК,
педагог-ұйымдастырушы.