Сайлау • 20 Мамыр, 2019

Үгіт-насихат жұмыстарының бір аптасы қорытындыланды

1612 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының бір аптасы қорытындыланды. Президенттікке кандидаттар пен олардың сенім білдірілген адамдары біраз өңірді аралап, сайлауалды тұғырнамаларын таныстырды.

Үгіт-насихат жұмыстарының бір аптасы қорытындыланды

«Ақ жол» демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева үгіт-насихат жұмыстарының аясындағы кезекті сапарын Қостанай облысына жасады. Кандидатпен қатар насихатшылар тобында республикалық штаб мүшелері – партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаев және «Ақ жол» партиясының аймақтық белсенділері болды.

Д.Еспаева бастаған делегация алдымен Алтынсарин ауданына табан тіреді. «Олжа-Белявка» – аудандағы ірі серіктестіктердің бірі. Мамыр айы – қостанайлық диқандар үшін қызу науқан кезі. Егістіктің жалпы ауданы 145 мың гектар, оның ішінде 111 мыңы егіс алқабы болса, 34 мыңы – жайылым. 2019 жылғы егіс алабы 66 мың гектарды құрайды. Серіктестікте 600-ге тарта жұмыскер қызмет етеді. Дания Еспаева механизатор, прораб, мотористермен машино-трактор шеберханасында сөйлесіп, ауыл азаматтарын қандай мәселе мазалайтынын білді. «Мұндай кездесулердің орны бөлек. Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерде тұрады. Маған кандидат ретінде сіздерге ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі ұстанымымды жеткізу маңызды болды. Себебі ауылдағылардың еңбегі қаржылай лайықты бағаланып, фермерлік шаруашылықтағы жұмыскерлер қалалық кәсіпорындардан аз жалақы алмауы тиіс. Осылай ғана біз өмір сүру көрсеткішін көтеріп, жастарды сырт жаққа емес, өз ауылдарында еңбек етуге қызықтыра аламыз», деді партия кандидаты.

Бұдан кейін кездесу Селантьев орта мектебінде жалғасты. Онда көбіне ауыл инфрақұрылымын жақсарту туралы талқыланды. Өңірді аралау мұнымен шектелмей, кандидат «Сарыарқа АвтоПром» және «Агромашхолдинг» кәсіпорындарына да барып, сайлаушыларға сайлауалды бағдарламасын кеңінен таныстырды. Соңында Қостанай қаласындағы М.Горький атындағы мектеп-гимназияға соқты.

* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Төлеутай Рахымбековтің сайлауалды бағдарламасы Қызылордадағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында қызу талқыланды. Әсіресе аграрлық ғылымды дамыту, селекциялық орталықтарды қолдау және заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері өте өзекті екені аталып өтті. Аталған институттың директоры міндетін атқарушы Бақытжан Дүйсенбеков бұл бағдарламаның көңілден шыққанын айтып, Елбасының «Ауыл шаруашылығы – біздің экономикамыздың драйвері» деген сөзін еске салды.

Ал кандидаттың Батыс Қазақстан облысындағы сенім білдірілген адамдары «KazConstruction Group» ұжымымен кездесті. Онда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Болатқали Төлебаев президенттікке кандидаттың басты ұстанымдары туралы оның әлеуметтік желілердегі жеке парақшалары және сайты арқылы әр сайлаушының танысуға мүмкіндіктері зор екенін айтты. Онда кандидат аграрлық сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, жалпы ел экономикасының қазіргі жағдайын, проблемаларын және оларды шешудің нақты жолдары туралы ой бөліскен.

Сондай-ақ үгіт-насихат науқанының аясында өңірлерде «Өз талыңды отырғыз!» атты экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді жастар ағаш егіп, қала көшелерін жасыл желекке бөледі. Атап айтсақ, Түркістан, Шымкент, Қостанай, Талдықорған қалаларында өткен қоғамдық жұмысқа жастар білек сыбана кірісті. Шараға қатысушылар өз шаһарларын көгалдандырумен қатар, саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалады. Акция барысында «Ауыл» партиясы атынан саяси науқанға қатысатын кандидаттың бағдарламасы таныстырылды.

* * *

Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Амангелді Таспиховтың аймақтардағы қоғамдық штабтары белсенді жұмыс істеп жатыр. Маңғыстау облысындағы қоғамдық штабтың жетекшісі Киікбай Жаулин мен кәсіподақ ардагері Марат Дәулетов «CaspiBitum» кәсіпорнының еңбек ұжымымен жиын өткізді. Онда кандидаттың сенім білдірген адамдары А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын және өмірбаянын таныстырды. Әсіресе жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы бөлімін кеңінен қозғап, жиналғандардың бірқатар сұрағына жауап берді.

Ал Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Қазақстан халқы Ассамблеясы үйінде «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты семинар-тренинг өткізді. Іс-шарада кәсіподақтың белсенді жастарын марапаттап, артынан президенттіктен үміткер А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасы туралы баяндалды. Онда жастар еліміздің қозғаушы күші ретінде бағаланып, оларды дауыс беру науқанынан қалыс қалмауға шақырды.

Кандидаттың Қызылорда облысы бойынша өңірлік штабының басшысы, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов облыстық тарихи өлкетану музейі еңбек ұжымымен кездесті. Жиында сенім білдірілген өкіл көпшілікке А.Таспиховтың тұлғасын жан-жақты таныстырып, тарихи маңызды саяси науқанмен тұстас келген 18 мамыр – Халықаралық музей күнімен құттықтады.

Сондай-ақ Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы қоғамдық штаб басшысының орынбасары Серік Әуесханов бастаған топ «ПетроКазахстан Ойл продактс» кәсіпорнында болды. Онда кандидаттың сайлауалды бағдарламасынан үзінді оқылып, бұл жолғы саяси доданың ерекшеліктері талқыланды.

* * *

Елордада Қазақстан Коммунистік халық партиясынан кандидат Жамбыл Ахметбековті қолдауға арналған автошеру өтті. Оған президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков пен республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айқын Қоңыров қатысты. 30 көліктен құралған шеп ҚКХП республикалық штабынан бастау алып, халық көп шоғырланған жерлермен жүріп өтті. Коммунистік нышандармен және қызыл тумен безендірілген көліктер тізбегі жолай кездескен көлік жүргізушілері мен қала тұғындарының назарын ерекше аударды.

«Бұл іс-шара коммунистер ерекше қадірлейтін Пионерлер күні қарсаңында өтті және осы мерекенің құрметіне арналды. Бұл күннің коммунистер үшін маңызы зор. Сондықтан біз Пионерлер күнін автошерумен атап өтуді жөн көрдік. Автошеру қаланың негізгі көшелерінен өтті. Осылайша біз өз жұмысымызға қала тұрғындарының назарын аударттық. Шара шеңберінде қалың көпшілікке партияның сайлауалды бағдарламасы түсіндіріліп, үгіт парақтары таратылды. Біздің партия еңбек адамының мүддесін қорғайды. Біз – халық жақтаушыларының партиясы, 15 жылдан аса уақыт бірнеше маңызды бағыттарда жұмыс істеп келеміз. Біз Қазақстанның көптеген сайлаушылары біздің экономикадағы, әлеуметтік-саяси өмірдегі ұстанымымызды қолдайтынына сенеміз», деді Ж.Ахметбеков.

Ол сайлауалды тұғырнамасы 5 маңызды бағыттан тұратынын жеткізді. Олардың барлығын «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» ұраны біріктіреді. Кандидат автошеру өткізу халықпен байланыс орнатудың тиімді тәсілі екенін айтты.
Дәл осындай автошеруді Қазақстан Коммунистік халық партиясы 14 мамыр күні және бұған дейінгі президенттік, парламенттік сайлау барысында ұйымдастырған. Бұл – ҚКХП үшін дәстүрлі іс-шараға айналған игі бастама.
* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қостанай облысына атбасын бұрды. Бұл өңір бітік егінімен бірге ірі өндіріс орындарымен де белгілі. Солардың бірі – «Соколов-Сарыбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі. Насихатшы топ кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесіп, Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының мәні мен маңызы туралы айтты. Атап айтқанда, олар кандидаттың бағдарламасы сабақтастық, әділдік және өрлеу деген қағидаларға негізделгені, сол арқылы Елбасы жолын жалғастыруды, баршаға бірдей тең мүмкіндік жасауды және қарқынды дамуды мақсат тұтып отырғаны сөз болды.

Сонымен қатар штаб өкілдері «Баян сұлу» кондитерлік фабрика­сының еңбек ұжымымен кездесті. Онда отандық өндіріс пен шағын және орта бизнесті дамыту Қ.Тоқаевтың басты ұстанымы екені айтылды. «Отандық ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнесті қолдау – кандидатымыздың басым бағыттарының бірі. Оның барлық стратегиялық мақсаттарының сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуы үшін біздің партия бар күш-жігерін жұмсайды», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ РҚШ мүшелері облыстағы тағы бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті. Бұған қоса өңірде республикалық штабтың «TeamQazaqstan» жастар қанаты да креативті шараларды қолға алып, белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Жалпы бес күнде штаб мүшелері мыңдаған шақырым жол жүріп, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында болды. Партиялықтар 12 қала және оншақты елді мекенді аралады. 32 ауқымды іс-шара өтті. Ауқымды шараға 14 мыңнан аса сайлау­шы қатысып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қызу қолдады.

* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан кандидат ретінде тіркелген Әміржан Қосанов Алматы қаласында тұрғындармен және қалалық штаб белсенділерімен кездесті. Басқосуды Алматы қаласының сайлауалды штабы ұйымдастырып, республикалық штаб жетекшісі Дәурен Бабамұратов жүргізді. Іс-шарада кандидат сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізді. Қатысушы тұрғындар өздерін толған­дыр­ған сауалдарын қойып, үміткерге тілектері мен қолдауын білдірді.

Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары Өскемен қаласында жалғасын тауып, аймақтағы қоғамдық штаб белсенділері облыс орталығының дамып келе жатқан бір ауданында «Қаланы көгалдандыру» іс-шарасын ұйымдастырды. Аталған акция барысында қала тұрғындары арасында сайлау алдындағы үгіт-насихаты жүргізіліп, жаңа ауданда ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар кейбір тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының бағыттарымен танысып, штаб белсенділерінің қаланы көгалдандыруға арналған бағыттарын құптады.

Бұған қоса 17 мамыр күні сағат 16.00-де президентікке кандидат Ә.Қосанов тағы да әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шықты. Жарты сағатқа созылған трансляциялар Instagram, Facebook және YouTube желілерінде өтті. Кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамасында көрініс тапқан «Саяси бостандықтар» тақырыбын егжей-тегжейлі ашты. Хабар тарату орыс тілінде сөйлейтін аудиторияға арналды. Өткен эфирде бұл тақырып бойынша ол қазақ тілді аудитория үшін сөз сөйлеген еді. Кандидат көрермендердің саяси-әлеуметтік сұрақтарына жауап беріп, олар атаған мәселелер туралы пікір білдірді. Енді келесі эфир шамамен 20 мамырда сағат 16.00-де өткізіледі деп жоспарланып отыр.

* * *

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгел Бурабай ауданында орналасқан Кенесары үңгіріне барды. «Кенесары хан – қазақ тарихында соңғы хан ғана емес, ұлт азаттығы жолында қайтпас қайсарлығы мен өршіл рухымен халық жүрегінен ойып орын алған тұлға. Мына үңгірден айнала алақандағыдай көрініп тұр. Жергілікті көнекөз қариялардан бізге жеткен әңгімелерде отарлау саясатына қарсы шыққан батыр сенімді серіктерімен осында жиналып, алдағы әскери маңызды жоспарларын айтып ақылдасқан екен. Бүгін Кенесарыдай атақты, ерлігі аңыз, өрлігі өнеге болған ханның үңгіріне сіздерді алып келіп, өзім алдағы маңызды кезеңнің алдында тұрып, батырдың рухы алдында бас иіп, құран бағыштасақ деп ойлап едім», деді ол өзімен бірге жүрген сайлауалды штабындағы өкілдеріне.

Одан кейін елордаға оралып, «Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық!» атты дөңгелек үстел жиынын өткізді. Отырыста С.Түгел сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық ат спорты ойындарын дамыту, жемқорлыққа тосқауыл, демография мәселесіне зор көңіл бөлу бағыттары көрсетілгенін, мұның барлығы жас ұрпақ тәрбиесінде өзекті екенін айтты.

«Біз жас ұрпақты ұлттық мүддені қорғауға бағыттауымыз үшін олардың бойына ең алдымен әділдікті орнықтыруымыз қажет. Өзім жылдар бойы Жоғарғы сотта судья болып қызмет атқарғандықтан, жас буын қоғамды ішінен жегідей жейтін жемқорлықтан бойларын аулақ салып, ізгілік пен адамгершілікті басты ұстаным етіп өссе деп ойлаймын. С.Түгелдің бұған дейін де атқарған жұмыстарының басы-қасында жүрдім, бұл жолы да бастамасын қолдаймын», деді кандидаттың сенім білдірілген адамы, сот саласының еңбек сіңірген қызметкері Талғат Омар.