Жұмыс сапарының мақсаты – өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қоғамның назарын аудару. С.Айтпаева сапар барысында құқық қорғау органдарының, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, үкіметтік емес ұйымдарының, ата-аналар қоғамдастығының өкілдерімен және балалармен кездесті.
Уәкіл сапар аясында өмірде күрделі жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығында, жасөспірімдер мен балалар үйлерінде, девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнаулы мекемеде, «Қамқор жүрек» қоғамдық қорында болды. Кездесулер барысында бала құқықтарындағы ең жақсы мүдделерді қамтамасыз ету, жетім балалардың тұрғын үйге құқықтары, кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру, тәрбие және ата-ананың жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды.
С.Айтпаева ата-ана үшін ең дана мұғалім бала екенін атап өтті. «Шыдамдылық, ұстамдылық, махаббат пен сыйластықты біз одан үйренуіміз керек. Пайдалы сабақты тек біздің баламыз ғана бере алады», – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Кездесу барысында өңірдегі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету, балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, денсаулық сақтау, сондай-ақ жетім балалардың құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды.