Шараны тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев жүргізіп, Олжас Омарұлының шығармашылығына қатысты мазмұнды ойларымен көпшіліктің назарын аударды.
Олжас Сүлейменов туралы жазылған мына бір жолдарды осы ретте пайдалануды жөн көріп отырмыз. «Ақын туындыларынан қазақ халқы бастан өткерген жарқын жылдардың қуанышқа толы сәттері мен қайғыдан көңілі қалған ұлы өмірінің беттерін құрауға болады. Қанша ғасырлар бойы үлесіне тиген көптеген ауыр сынақтарды басынан өткере отырып, өзіндік төл мәдениетін толық дерлік алғашқы қалыпта сақтай алған таң қаларлық және бірегей қазақ елі тағдырының куәсі болады. Ақынның өзі «Біздің ұрпақ кристалдану үстінде. Халық арасында намыс қозғалысы жүріп жатыр. Қорлықта жүргендерде қуаныш ұғымы болуы мүмкін емес. Ақындар халыққа намыс қозғалысына күш-қуат жеткізіп тұруға міндетті». Олжас - ақын, ойшыл, ғалым, саясаткер. Олжас саяси, әлеуметтік және мәдени ортада белгілі бір поэзияға ие ақынның тек о баста өзіне арнап берілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып қана әрекет етуі қажет екендігін жақсы түсінді. Оның қаруы - сөз. Ол әдебиетке ерекше дауыспен енді».
Іс-шараны Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова құттықтау сөзбен ашып, кітапхана ұжымы атынан Олжас ақынға арнайы сыйлық табыстады.
Ал өз өмірі мен шығармашылығы жайында баяндап, жаңа өлеңдерін оқырмандарына паш еткен Олжас Сүлейменов поэзия кешіне жиналған оқырмандарының сұрақтарына жауап беріп, кітаптарына қолтаңбасын қалдырып, естелік суретке түсті.
Ақынның шығармашылық кешіне Сафар Абдулло, Бақытжан Қанапиянов, Ғалымқайыр Мұтанов, Ермек Тұрсынов, т.б зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысып, ізгі-тілектерін білдірді.
Оқырмандар Ұлттық кітапхана қорынан Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін, сондай-ақ «Игра» театрының актерлік мектеп оқушыларының ақын өлеңдерінен арнайы сахналық қойылымын тамашалады.