Түп тазалау жұмыстарының мердігері «Павлодар өзен порты» АҚ өз жұмыстарын Жайық өзені сағасындағы Яицкий каналы мен Қиғаштың Ганюшкин және Жарқосын каналдарында жүргізіп келеді.
Бұлар – көктемгі уылдырық шашу үшін балықтардың өзенге өтетін негізгі арналары. Олар он шақты жылдар төңірегінде тазаланбаған, соның салдарынан тайызданып кетіпті.
«Мынау уақтылы қолға алынған жұмыстар және олардың маңыздылығы да өте жоғары» деп атап өтті аймақ басшысы. Түп тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы бұл жерде шамамен 45,5 км. Оның үстіне, теңіз бағытына қарай тереңдігі 2,5 метр, ені 25 метр болатын жаңа арнаның құрылысы қарастырылған.
Осы сапар қорытындысымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Ақ Жайық» табиғи резерваты аумағында туризмді дамыту және қосымша бақылау қосындарын орнату жөнінде тапсырма берді. Қосындарды орнату соңғы әзірде жиілеп кеткен дала өрттерінің және балық саудасының заңсыз айналымының алдын алуға септігін тигізеді.
– Шығынды аз талап ететін бұл құрылым резерват қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, әрі тиімділігін арттырады. Оның үстіне, алыс қашықтықты да қадағалауға мүмкіндік беретін арнайы дрондарды сатып алуды да қарастырыңыздар. Бірақ, мұның барлығы да жергілікті аң мен құстарға кеселі мен кедергісін тигізбеуі керек. Серік Жамбылұлы, осы жылдың соңына дейін қосымша қадағалау қосындарын салу мен дрондарды сатып алып беру жағдайын ойластырыңыз, - деп әкім орынбасарына тапсырма берді.
«Ақ Жайық» табиғи резерватының басшысы Нұрболат Кәрімовтың сөзінше, облыс әкімінің туризмді дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындау барысында, резерват аумағында бірнеше туристік бағыт жасақталып жатқан көрінеді. Сонымен қатар, балық қорғау бойынша да көптеген шара жүзеге асырылып, «Бекіре - 2019» алдын алу жедел әрекеттері бойынша да бекітілген істер атқарылып келеді.
– «Бекіре - 2019» шарасы басталғаннан бері балық саудасының заңсыз айналымына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бағытында 49 факті тіркелген. Мысалы, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26 факті анықталды. Оның ішінде уылдырық шашу кезінде балық аулау мен резерват аумағында болу секілді жағдайлар да тіркелген. Туристік бағыттарға келер болсақ, қорықтық аймақта біз арнайы сүрлеу жолдар жүргізгенбіз. Қызметкерлеріміздің көмегімен туристер резерват аумағында серуендеп, арнайы моторлы қайықтармен Каспий теңізіне де шығуға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, арнайы белгіленген жерлерде салмағы бес келіден аспайтын балықтарды да қармақпен аулау рұқсат етілген. Шетелдік туристер резерватқа зор қызығушылық танытып отыр. Қазір инфрақұрылымды дамыту жағын қарастырудамыз, - дейді Нұрболат Кәрімов.
Бұрынғы «Атыраубалық» зауытына барған кезде анықталғанындай, қазір кәсіпорынның баланстық құнын анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Сырттай қарағанның өзінде де, зауыт нысандары мен ғимараттары тұрғындарға қауіп төндіріп тұрғаны байқалды. Апатты ғимараттар құлаудың аз-ақ алдында тұр.
Бос қалған кәсіпорын аумағында аймақ басшысы цистерналардан мазуттың төгіліп жатқанына назар аудартты.
– Бұл Жайық өзені жағасына таяу жер, ағылып жатқан май табиғатқа зиянын тигізуде. Сіздің қызметтік мақсатыңыздың құзырына болған кемшіліктерді анықтау ғана емес, соларды жою да кіреді. Табиғатқа келтірілген елеулі немесе елеусіз залалдың болмайтыны туралы жауапкершілікті жіті түсінген абзал. Табиғатқа келтірілген залал - орны толмайтын немесе заласыздандырылуы өте күрделі апаттар. Таяу арада жерді мазуттан тазалау керек, - деді Н.Ноғаев.
Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы нақтылағандай, бұрынғы балық өңдеу зауытының аумағы қалалық әкімдікке қарайды екен, баланстық құны анықталған соң, мұнда жаңа ықшам аудан салу жоспарда бар.
Атырау