Спорт • 20 Мамыр, 2019

Футбол: «Астана» алда келеді

880 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 11 туры өз мәресіне жетті. Осы кезеңде ең тосын нәтиже Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесуде тіркелді.

Футбол: «Астана» алда келеді

Жарыс кестесінде жеке-дара көш бастап тұрған «Астана» Қарағандының «Шахтерын» қабылдады. Бастапқыда алаң иелерінің басымдығы анық байқалды. 35-минутта Роман Мұртазаев есеп ашқаннан кейін олардың жеңіске жететініне күмәнданған жанкүйерлер кемде-кем еді. Алайда үзілістен кейін қарқынын күрт күшейткен қонақтар көздеген мақсаттарына қол жеткізді. 78-минутта Марат Шахметов пенальтиден гол соқса, 87-минутта Сергей Зенев өз командасын алға шығарды. Осылайша, бұл кездесу 2:1 есебімен «Шахтердың» пайдасына шешілді.

Ал осы турдағы өзге бәсекелер мынадай нәтижелермен аяқталды: «Оқжетпес» – «Қайсар» 1:2, «Тобыл» – «Атырау» 3:0, «Жетісу» — «Ақтөбе» 1:1 және «Қайрат» — «Ертіс» 2:1.

Жарыс кестесінде «Астана» әлі де көш бастап тұр. Нұр-Сұлтандықтар 13 матчтан кейін 28 ұпай жиды. Екінші және үшінші орындарды «Қайсар» мен «Тобыл» өзара бөлісуде. Олардың әрқайсысында 23 ұпайдан бар. Төртінші орында – «Ордабасы». Шымкенттік клуб 20 ұпайды еншілеуде. Бұл командалардың барлығы да 11 кездесуден өткізді. Үздік бестікті «Қайрат» қорытындылап тұр. 12 ойыннан кейін алматылықтар 19 ұпайды иеленуде. Ал көш соңындағы «Ақтөбе» небары 5 ұпайды қанағат тұтуда.