Сайлау • 20 Мамыр, 2019

Сарапшылар Президенттікке кандидаттардың үгіт-насихат жұмысына баға берді

1101 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда алдағы Президенттік сайлауға қатысты жиын өтті. Басқосу барысында отандық зерттеушілер мен сарапшылар сайлау науқанына, үміткерлердің әзірлік жұмыстарына байланысты өз пікірлерін ортаға салды.

Сарапшылар Президенттікке кандидаттардың үгіт-насихат жұмысына баға берді

Бүкіл ел халқы елеңдеп отырған Президенттік сайлау жақындап келеді. Мемлекет басқару ісіне үміттілердің сайлауалды бағдарламалары қай деңгейде? Олардың үгіт-насихат жұмыстары, жұртшылықпен жүздесулері қалай жүріп жатыр? Кандидаттардың идеялары қаншалықты көңілге қонымды немесе қонымсыз? Осы тақырыптарды саралаған сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдары  үміткерлердің үнін халыққа жеткізуде барынша белсенділік танытуға тиіс дейді.  Олардың пікірінше, бұл мақсатта, әсіресе, ғаламтор қуатын оңтайлы пайдаланған жөн. Ең бастысы, халық назары нағыз лидерге түсуі керек.

«Бағдарламаны толықтай саралап шықтық. Әрбіріне әр түрлі дәрежеде пікір айтуға болады. Бәлкім, уақыттың тапшылығы, форматтардың кемшілігі деген мәселелер ықпал еткен болуы керек, кейбір кандидаттар жанын аса қинамағандай болып көрінді. Кейбір сайлауалды бағдарламалардың өне бойынан әйтеуір тез арада жазып, жұртқа тапсырайық деген ишараттар да байқалып қалды. Кем дегенде жұрт есте сақтай алатындай 5-10 қағидатпен  ғана шыға салайық деген кандидаттар да кездесті. Өзінің бағдарламасын біршама тереңнен іздеп, әр түрлі бағытта негізгі деген бүкіл саланы қамтыған жақсы бағдарламалар да бар. Солардың біразын даралап айтуға да болады. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы толыққанды бағдарламаның бірі деп баға берер едік. Екінші кезекте Төлеутай Рахымбеков пен Әміржан Қосановтың, еліміздің тарихында тұңғыш рет сайлауға тіркелген әйел Дания Еспаеваның да бағдарламаларын шын мәнінде жақсы жазылған, бірқатар маңызды мәселе қамтылған деп айта аламыз. Кейбір кандидаттардыкі, сөздің ашығы қажет, өте бір популистік сарындағы, жеңіл-желпі дәрежеде дайындалған дүниелер секілді көрінеді», - дейді талқылауға қатысқан саясаттанушы Айдос Сарым.

Сайлау науқаны басталғалы бері сарапшылар қауымы Алматыда бірнеше мәрте бас қосып, саяси науқанның мақсат-міндеттері, дайындық шаралары туралы өзара пікір алмасқан болатын. Жиында сөз алған Алматы қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі, саясаттанушы Марат Шибутовтың пікірінше, сайлаушылар елімізде болып жатқан әр өзгеріске біздің тікелей қатысымыз бар деген ұстанымда болуы керек. Осылай деген сарапшы, үміткерлердің сайлауалды бағдарламасына қатысты ой білдірді.

«Бірер күн бұрын кандидат Сәдібек Түгелдің өз бағдарламасын түбегейлі өзгерткені бәрімізді таңғалдырды. Көріп отырғанымыздай, сайлау тарихындағы ең қысқа бағдарлама Амангелді Таспиховқа тиесілі болды.  Бағдарлама бар-жоғы 220 сөзден тұрады. Тағы бір тілге тиек етер жайт, үміткерлердің бағдарламаларын саралап отырып, көпшілігінікі нақты бір саланы ғана қамтығанын байқадық. Мәселен, Дания Еспаева ханым кәсіпкерлерге, Төлеутай Рахымбеков ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне, Әміржан Қосанов пен Сәдібек Түгел тек нақты бір аудиторияға көбірек көңіл бөліп отырғандай көрінді. Меніңше, оларға аудиторияны барынша кеңейту қажет. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жамбыл Ахметбеков өздерінің ауқымды  бағдарламасымен бүкіл жұртшылыққа үн тастап, сан саланың мамандарын өзін қолдауға шақырып отыр. Дегенмен, дәп қазіргі кезеңде бұқара халыққа бағдарламалардан көрі бейнеконтенттік қадамдар өтімді секілді. Үміткерлер осыны ескерсе», – дейді саясаттанушы.

Өз ойын білдірген басқа да сарапшылар экономика, әлеумет сынды мемлекеттің негізгі тірегі саналатын салаларды өрістетуге күш салатын көшбасшы ғана саяси тұрақтылықты одан әрі жалғай алады. Сондықтан Президенттікке үміткерлер сайлаушыларды нағыз көшбасшы екеніне сендіруі керек дегенді жеткізді.


АЛМАТЫ