Негізінен ауыл балалары оқитын университетте тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Қайраткер тұлға осында оқитын ауылдан шыққан студенттермен жиі кездесіп, әртүрлі мәдени-көпшілік, спорттық шараларға қатысып тұрады. Студенттермен кездесулерде көрнекті ақын әдебиет пен мәдениет, ұлттық патриотизміне бейбітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады.
Биыл да Олжас Омарұлы туған күні қарсаңында өзінің атымен аталатын интситутқа келіп, университеттегі әр ұлттың жастарынан құралған студенттік «Достық» ассамблеясы мүшелерімен кездесіп, руханият тақырыбында әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Өнерлі жастар Олжекеңнің өлеңдерін әр ұлттың тілінде оқып, шығармаларынан композициялық көріністер ұсынып, батасын алды.
Биыл университеттегі «Олжас Сүлейменов атындағы гуманитарлық тәрбие, білім беру институтына» 15 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында институт көптеген рухани, мәдени, спорттық шаралар өткізіп келеді. Соның бірі – жыл сайын, дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ардагер командалар арасындағы халықаралық волейбол турнирі. Бұл жарыстарға Олжекең өзі де қатысып, жастарға үлгі көрсетіп келеді. Осы іс-шарадан кейін университетіміздің Спорт кешенінде өткен турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде «Олжас және оның командасы» атты деректі фото, құжаттарға негізделген арнайы альбом-кітаптың таныстырылымы болды. Бұл кітапта біз 13-інші рет өткізіліп отырған ардагер волейболшылар турнирінің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері мен әр кездердегі жарыстардың сәттері бейнеленген.
Шығармашылық кездесуден кейін университеттің Спорт кешенінде дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» үшін волейболдан ардагер командалар арасында ХIII Халықаралық турнир тартысты өтті. Турнирді ұйымдастырушы – университет ректоры, академик Тілектес Есполов.
Олжекеңнің қол добы – волейбол ойынына құмарлығын дүйім жұрт жақсы біледі. Ақын студенттер арасында салауатты өмір салтының үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте ардагерлердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізу дәстүрге айналған.
Биылғы турнирге «Ташкент» (Өзбекстан), «Спартак» (Қырғызстан), «Ардагер» (Түркістан облысы), «Ардагер» (Жамбыл облысы), «Номад» (Нұрсұлтан қ.), «Жетісу» (Талдықорған қ.), «Байқоңыр-Қызылорда» (Қазақстан-Ресей), Еуразия технология университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ардагер волейболшылар командалары қатысты.
Үш күн бойы тартысты өткен турнирдің нәтижесі бойынша үшінші орынды қырғызстандық «Спартак» иеленсе, екінші сатыға Тараз қаласынан келген «Ардагер» табан тіреді. Ал бас жүлдені Қазақ ұлттық аграрлық университеті олжалады. Жеңімпаз команда құрамында тәжірибелі ардагер волейболшылар – әйгілі ақын Олжас Сүлейменов (капитан), Алматы облысының әкімі, Алматы және Алматы облысы волейбол федерациясының президенті Амандық Баталов, ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов сынды тұлғалар шебер ойын өрнегін көрсетті.
Алмат ИСӘДІЛ
Суретті түсірген М.Ботабеков