Аймақтар • 20 Мамыр, 2019

Алматыда көпбалалы аналарға пәтер кілті табысталды

1085 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бауыржан Байбек және «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі басқарма төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға пәтер кілттерін тапсырды.

Алматыда көпбалалы аналарға пәтер кілті табысталды

Салтанатты рәсім барысында Бауыржан Байбек соңғы 3 жыл ішінде тұрғын үйге зәру 9 мыңнан астам отбасының баспаналы болғанын, оның ішіне «Нұрлы Жер» бағдарламасының енетінін атап өтті. Олардың тең жартысы – көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, ардагерлер, ерекше күтімді қажет ететін жандар. Жақын арада тағы 2 мыңға жуық алматылық отбасы көптен күткен пәтерлерін алатын болады.

«Елбасы тапсырмасымен біз көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетіп келеміз. 2 апта бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алғашқы Аналарды қолдау орталығы ашылып, 1000-ға жуық отбасы кеңес алды. 400-ден астам бүлдіршін балабақшаға тегін баруда. Үздік оқулары үшін 3 мыңнан астам оқушы мен студент жергілікті бюджет есебінен наурыз айынан бастап стипендия алуда. Жұмыспен қамту және жаңа мамандықтарға оқыту жүргізілуде», - деді Бауыржан Байбек.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін берілген өтініш бір ай ішінде онлайн-режимде http://www.baqytty-otbasy.kz порталында қабылданды. Бұдан соң қала әкімдігі құжаттарды тексеріп, жеңілдетілген несиеге үміткерлердің тізімін бекітіп, ТҮЖҚБ жіберген.

Өтініштер сараптамасы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылардың басым бөлігінің 2016-2018 жылдары пәтер кезегіне тұрғандығын және кезекте 6-10 мыңыншы екенін, олардың пәтерді кем дегенде 5-6 жылдан соң ғана алатынын көрсетті. Ал қалалық бағдарлама оларға жаңа пәтерді бүгін алуға мүмкіндік беріп отыр.

Алматыда үй кезегіндегі 1276 көпбалалы отбасылардың тең жартысынан көбі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын өтініш берді. Қазіргі кезде 195 көпбалалы отбасы банкте пәтер құжаттарын рәсімдеуде, 44 отбасы сатып алу келісімін жасап, тұрғын үй сертификаттарын алды.

«Қазіргі кезде «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі 345 отбасыдан несие өтінішін қабылдады, олардың ішінде 195 отбасы пәтерлерді тапты, енді заем рәсімдеуге дайындалуда. Бүгінгі күні 12 көпбалалы отбасыға жалпы сомасы 163 млн теңге болатын несие берілді, біз оларды құттықтаймыз. Заемды олар еліміздегі ең төменгі 2% мөлшерлемемен алды, алғашқы жарна көлемі 10%. Алғашқы жарнаны төлей алмағандарға Алматы әкімдігі көмектесті, бір миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттарын берді», - деп түсіндірді Жанар Жұбаниязова.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие жаңа үйді сатып алуға беріледі. Заемның жалпы сомасы 15 млн. теңге. Алматы түрғыны Анар Асанбекова екі бөлмелі пәтерді 13,5 млн. теңгеге сатып алды. Өзінің жеке пәтеріне ол күйеуімен және 5 баласымен жақын күндері көшетін болады.

«Бұған дейін біз қала маңында жалдамалы пәтерде тұрдық. «Бақытты отбасы» бағдарламасын білген соң құжаттарды жинап, өтініш бердік, пәтерді таңдадық, енді көшуге дайындалудамыз. Қуанышымызда шек жоқ, Алматыдан үй сатып аламыз деген ойымызда болған жоқ, өйткені қалтамыз көтермейтін еді», - деп қуанышымен бөлісті Анар Асанбекова.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіп, пәтер алу жолын жеңілдету бойынша тапсырма берген еді. Алматы жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, көпбалалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасын қолға алған алғашқы қала.

АЛМАТЫ