Қоғам • 21 Мамыр, 2019

Отбасы – ұлттың тірегі

54377 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Бұл қызметте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның алатын орны ерекше. Комиссия бірнеше жылдан бері отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп келеді.

Отбасы – ұлттың тірегі

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеу­меттік орта. Отбасы белгілі дәстүр­лер­дің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отба­сында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі.

Адамның жеке басының алғашқы қа­лып­тасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп өсуі, бойындағы алғаш­қы адам­гершілік белгілер отбасында қалып­тасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақ­талып, мәңгі есінде жүреді. Жеке адам­­ның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қаты­наста, мәде­ниеттілікті тәрбиелеуде отба­сы­ – алғашқы қадам. Сондықтан отба­сы – өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өз­гер­­туге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сый­­ластық, жарастық орнаған орта. От­ба­сы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.

Отбасының ең маңызды қызмет­те­рінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге кел­тіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеумет­тік-мәде­ни ортаның құндылығын қабылдат­тыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұр­пақ­қа жеткізу, бойына сіңірту, яғни бала­ларын өздерін қоршаған ор­таға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – әке-шешенің ең маңызды мінде­ті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүше­лерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұры­сы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бүгінде құл­дырауға ұшырауына байланыс­ты қо­ғам­­да бірқатар керітартпа әрекеттің пай­да бола бастағанын байқауға болады.

Оның бірі қазіргі тұрмыс құр­ған жастардың ажырасуға деген бейімді­лігі. Елбасы Н.Назарбаев Жастар жы­лының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдерге және отбасылық өмірдің шы­найы­лығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастау керек. Ана институтын қолдаумен бірге, әке институтын дамыту, жасөспірімдерде өз отбасына жауап­кершілік сезімін қа­лып­­тастыру ма­ңызды. Отбасылық қаты­настардың бар­лық аспектілері бойынша қолжетімді психологиялық және кон­сультациялық көмекті қамтамасыз ету қа­жет. Отба­сы­лардың ажырасуы біздің ерек­ше алаң­даушылығымызды тудыруда. Ғалымдар, қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге елеулі назар ауда­руы тиіс», деп атап өткен еді.

Қазақстан Республикасы Әділет министр­лігінің ақпаратына сәйкес 2016 жылы елімізде 140 840 неке тіркеліп, 51 775 неке бұзылған, 2017 жылы 141 785 неке тіркеліп, 54 948 неке бұзылған, ал 2018 жылы 138 876 тіркеліп, 54 859­ неке бұзылған. Бұзылған некелер сәй­кес жылы тіркелген некенің 2016 жылы 36,8%-ын, 2017 жылы 38,7%-ын, ал 2018 жылы 39,5%-ын құраған. Жыл сайын ажырасу санының ұлғаю үрдісі байқалады. Мәселенің күрделісі, 2018 жылдың ішінде шаңырақтары шай­қалған 109 мыңға жуық адамның 80 пайыз­ға жуығында балалары бар.

Отбасы – баланың әлеуметтенуінің алғаш­қы факторы. Толық емес отбасын­да, бұл процесс отбасының қалыпты құры­лымының жоқтығынан өзгереді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйен­сек, кішкентай бүлдіршіндер ата-анасының ажырасуы салдарынан пси­хологиялық зардап шегетіні анық­талды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан бала­лар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша ажырасу фактісі бала­ны ауыр психологиялық салдарға (құ­қық бұзушылыққа, суицидке, өз-өзіне сенім­сіздікке) душар етеді. Толық емес отбасының проблемасы – баланың әлеуметтенуінің бұзылу проблемасы.

Қоғам ішін жегіқұртша кемірген бұл мәселе қатаң шаралар қабылданып, дер кезінде шешімін таппай, осылай жалғасын таба беретін болса, өте қиын. Сон­дықтан ұлттық құндылықтарды қастер­леудің заңдық жауапкершілік нор­масын енгізу бүгінгі күннің талабы деп есептеймін.

Некенi бұзу туралы талап қою арыз­­да­рынан алынатын мемлекеттік баж салығының жоғарылауы ерлі-зайып­ты­лардың ажырасуға деген ниетін төмен­дету шараларының бірі болары анық.

Мысалы, көрші мемлекеттердің тәжі­ри­бесіне сүйенетін болсақ, ажырасу көлемі 10% шамасында ғана екендігіне қарамай, 2018 жылы некені бұзу туралы талап арыздардан алына­тын мемлекеттік бажды төрт есеге ұл­ғай­ту туралы шешім қабылдағандары бар. Егер бұрын ажы­расқысы келетін адам­дар ең төменгі жалақы мөлшерінің 50%-ын төлеген бол­са, енді оларға 200%-ын төлеу керек. Сонымен қатар некені қайта бұзу туралы арыздардан мем­лекеттік баж ең төменгі жалақы мөл­шерінің 120%-нан 400%-ға дейін артқан.

Ал біздің елімізге келсек, Салық кодек­сінің 610-бабына сәйкес, некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан 0,3 ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 757,5 теңге ғана мемлекеттiк баж алынады.

Сонымен қатар «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» Қазақ­стан Республикасы Кодексі­нің­ 19-бабы 3 тар­мағында ерлі-зайып­тылар некені бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бас­тап бір ай өткен соң неке сот тәртібімен бұзылады делінген. Іс жүзінде соттар ерлі-зайыптыларға та­туласуға қосымша уақыт беретін бол­са, неке бұзылу саны азаяры сөзсіз. Кеңес Одағы кезінде соттарда неке бұзу туралы талапты шешер кезде 6 айға дейін міндетті түрде та­ту­ласуға мерзім берілетін және ол тә­жі­ри­бе отбасын сақ­тап қалуға едәуір мүм­кін­дік беретін.

Одан басқа Жоғарғы соттың бастамасымен «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы 2018 жылдың қыркүйек айында жұмысын бастады. Аталған соттың судьялары ажырасу, алимент өндіру сынды тек неке-отбасылық іс­тер­ді қа­рауға мамандандырылған. Су­дья істі қа­рап қана қоймайды, басты ұс­та­ным ретінде ерлі-зайыптыларды қай­та та­быстыруға күш салады. Яғни, мін­детті түрде сотқа арнайы тартылған пси­хологтің көмегіне жүгінуге кеңес бе­реді. Нәтижесінде, ерлі-зайыптыларды та­туластырумен аяқталған істер саны артқаны байқалады. Осы жоба еліміздегі барлық сот жүйесіне енгізілсе, оң нәтижеге қол жеткізетініміз анық.

Біздің қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, ұр­пақ­тар сабақтастығының жалғастыру­шысы болып табылатын ұлттық құнды­лық. Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайып­тылардың ажырасуы – тек сол от­басы үшін моральдық зардап қана емес, ел демографиясына төнген қа­тер деп қабылдануы керек. Осы мәселе­нің заң­дылық өлшемін, қоғамдық жауап­кершілігін нақты айқындау қажет деп есептеймін.

Ендігі бір еліміздің өзекті мәсе­ле­­ле­­рінің бірі – жетімдік мәсе­лесі. Бала­лардың, оның ішінде же­тім балалар мен ата-анасының қам­қор­лы­ғынсыз қал­ған балалардың құқық­тары мен заң­ды мүдделерін қорғау мем­лекетіміз ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таң­да Қазақстан Республикасында осы санатт­ағы балалардың құқықтарын қорғау саласына қажетті нормативтік-құқықтық база жасалды. Нәтижесінде балалар үйінің саны соңғы үш жылда 24-ке азайып, 122-сі қалғаны туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өкілдері ақпарат беруде. Сонымен қатар жетім балалардың саны жыл сайын 1000-1500 балаға азайып келеді. Қазір онда көп жағдайда үлкен балалар қалған. Патронаттық отбасы жүйесі іске қосылған. Қуантатын тағы бір жайт, соңғы үш жылда бірде-бір бала шетелге әкетілмеген екен.

Тағы бір көкейкесті мәселе – қарт­тар үйі. Ақ сақалды аталарымыз бен­ ақ жаулықты аналарымызға бұл орталық­тардың қарашаңыраққа айналып бара жатқаны жанымызға батады.

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында «Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйін паналауда. Олардың көбінің дені сау, балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету – қазағымызға жат қылық, ата салтымызда болмаған. Бүгінгі қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету – секілді әрекеттерді қатыгездіктің ең жоғары деңгейі деп бағалауы тиіс», деп айтқан болатын.

Қазірде елімізде елуге жуық қарт­тар­ға арналған әлеуметтік қызмет көр­се­ту ор­талықтары бар. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Еңбек және халықты әлеуметтік қор­­ғау министрлігінің ақпаратына сәй­кес Қарағанды облысындағы 5 қарттар үйінде мыңнан астам, Шығыс Қазақстан об­лысындағы 8 қарттар үйінде 700-ге жуық, Қостанай облысындағы 5 қарттар үйін­­де 600-ге жуық ата-әжелеріміз тұ­рады екен.

Бұрындары қарттар үйіндегі қария­ларымыз саусақпен санарлықтай ғана болатын, соңғы жылдары ондағы ата-әже қатарлары қалыңдап келе жатқаны байқалуда. Расында, бұл мекемелердің есігіне қарияларды қатал өмір тағдыры айдап келеді. Жалғыз қалған қарттар үшін аталған үйлерде барлық қолайлы жағдай жасалған. Дегенмен, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ арасынан қазір сол жаққа ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты аналарын ойланбастан апарып өткізіп жатқандар да аз емес.

Елбасымыз елордада өткен VIII Аза­маттық форумда қарттар мен балалар үйлерін біріктіру мәселесін қарастыруды тапсырды. «Біз қартаятындығымызды ешқашан ойламаймыз. Барлығымыз да қарт боламыз. Бүгін жаспыз және алдымызда мыңдаған жыл бардай көрінеді. Бұл өте жылдам өтеді, көз алдыңа елестетіп те үлгере алмайсың. Әсіресе біздің қа­зақтарға ата-анасына қамқорлық жасау деген ата-бабамыздан қалған салт болатын. Қазір мен ақсақалдардың үйіне барып, қазақтың үлкен аталары мен әжелері отырғанда жаным ауырады. «Ақсақал, балаларыңыз бар ма?» деп сұрасаң, «Қай­тесің», деп теріс қарап жылайды. Сонда қалай болғаны? Сонда біз өзіміздің салтымыздан, ғұрпымыздан ажырағанымыз ба? Әке-шешемізді қарт­тар үйіне апарып тастап үйде қа­лай отырамыз?», деген Елбасы батыс­та мұндай үйлердің бар екендігін атап өтті. Бірақ ондағы қарттар өз үйлерінде сұхбаттасар серігі, көршілері, қатарластары болмағандықтан, өз ерік­тері­мен баратындығын айтты.

Қазір әлемнің АҚШ, Канада, Қытай, Сингапур сияқты бірқатар елдерінде қарттар мен жетімдер үйін біріктіру қар­­қынды дамып келе жатқаны белгілі.

Зерттеулер көрсеткендей, мұндай қа­рым-қатынас егде жастағылардың ден­саулығына оң әсер етеді. Айту­лары­нша, күн сайын кішкентай бүлдір­шіндермен сөйлескен қарияның көңіл күйі жақ­сарып, жалғыздық сезімі ұмыты­лып, қан қысымы реттеледі. Олар бірге музыка тыңдап, би билеп, сурет салумен ай­налысып, әңгіме-дүкен құрып, тамақ дайындайды. Осылайша мейірімге зәру балалар махаббатқа бөленіп, ал үлкен­дер өнегесі балапандарға мирас болар еді.

Қорыта айтқанда, жоғарыда атап өт­кен мәселелердің бәрі ұлт тәрбиесіне тіре­ліп тұр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұр­пақ санасына «үлкенге – құрмет, кі­шіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату керек. Бізге тәрбие беріп, бүгінге дейін жеткізген ата-анамызды, ата-әжелерімізді құрметтеп, ала­қанымызға салып, жан жылуымызды молынан сыйлауымыз қажет.


Динар НӨКЕТАЕВА,

Парламент Сенатының депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі