Әлем • 21 Мамыр, 2019

Аймақтың Жапониямен ынтымақтастығы жалғасады

847 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен «Орталық Азия + Жапония» диалогы (ОАЖД) Сыртқы істер министрлерінің 7-отырысына қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.

Аймақтың Жапониямен ынтымақтастығы жалғасады

Аталған алаңда Бейбіт Атамқұловтан өзге Қырғыз­стан­­ның Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков, Тәжік­стан­ның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбек­станның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Ками­лов, Жапония Сыртқы істер министрі Таро Коно, Түрік­менстан Сыртқы істер минист­рінің орынбасары Вепа Гаджиев бас қосты.

Алғашқы отырысы Нұр-Сұл­тан қаласында 2004 жылы өткен «Орталық Азия + Жа­по­ния» диалогы биыл 15 жыл­дығын атап өтті. Бұл форматта диалог халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ Жапонияның қаты­суымен аймақаралық ынты­мақ­тастықты нығайту жолдарын ұсынады.

 Қатысушылар «сағатты теңестіруге» және диалогты дамыту үшін нақты міндеттерді белгілеуге уақыт келді деген ортақ ой білдірді. Орталық Азия елдерінің экономикала­рын одан әрі жаңғырту мен әртарап­тан­ды­руда қол­данылуы мүмкін Жапонияның эконо­микалық және технологиялық әлеуеті айтар­лықтай қызығу­шылық тудырады.

Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Б.Атамқұлов біздің еліміз Жапонияның Орталық Азия аймағына деген қызығу­шылығын, сондай-ақ жапон үкіметінің екіжақты түрде және ОАЖД аясында ынты­мақтастықтың практикалық жолдарын табуға күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап өтті. Қазақстан бұрынғыдай өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық үшін жағдай жасауға және сенімді нығайту үшін күш-жігер жұмсауға дайын екендігін көлденең тартты.

«Орталық Азия – стратегия­лық орналасуы ұтымды аймақ, сондай-ақ адами және жоғары экономикалық әлеуеті, табиғи және өндірістік ресурстары бар әлемнің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірінен саналады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ елдерімен бауыр­ластық және тату көршілік қа­ты­­­настарды нығайтуға ерекше на­зар аударады», деді Б.Атамқұлов.

Душанбедегі биылғы кездесу үш сессиядан тұрды, оның барысында сауда-саттық, көлік, инвестиция, туризм және аймақтық қауіп­сіздік салаларындағы ынты­­­мақтастықты дамыту мәсе­лелері талқыланды. Оның ішінде аймақтың транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға ерекше назар аударылды, ол –теңізге шығу мүмкіндігі жоқ Орталық Азия мемлекеттері үшін аса маңызды мәселе.

Сессияда туризмді дамыту мәселелері бойынша Орталық Азия елдері соңғы жыл­дары шетелдік туристердің қызы­ғу­шылығын тудырғаны, бұл аймақтың жоғары әлеуетін көрсететіні атап өтілді. Қазақстан тарапы қатысушыларды біздің еліміздегі туризмді дамыту бағытын­дағы іс-шаралармен кеңінен таныстырып өтті. Тұрақты және орнықты туризм секто­рын құруда Жапонияның озық тәжірибелерін енгізу Орталық Азия елдері үшін кең мүмкіндіктер ашады.

Аймақтық қауіпсіздік мәсе­ле­­лері жеке блок аясында қарастырылып, оған Ауған­станның Сыртқы істер ми­нистрі Салахуддин Раббани қонақ ретінде шақырылды. Қатысушылар терроризмге қарсы іс-қимыл, азық-түлік және экологиялық қауіпсіздік мәсе­ле­лерін талқылады. Кездесуге қатысушылар Қазақ­­стан­ның «Жусан» опе­рациясы, сондай-ақ халы­қаралық қоғамдастықтың Ауған­стан­дағы қауіпсіздік және ахуалды тұрақтандыруға қосқан үлесі туралы жұмысымен мұқият танысып шықты. Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерін Нұр-Сұлтанда штаб-пәтері орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы қызметіне қатысуға шақырды.

Іс-шара қорытындысы бо­йынша Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы әріптестікті тереңдетуге бағыт­тал­ған Бірлескен мәлімдеме қабылданып, өзара тиімді ынты­мақтастықты одан әрі ілгерілете беру керектігі атап көрсетілді.

Орталық Азия елдерінің өкіл­дері Жапония­ға эконо­микалық инфра­құ­рылымдарды жетілдіру, ден­саулық сақтау, табиғи апат­тар­дың алдын алу, аймақтық даму, терроризм және есірткіге қарсы күрес сияқты салаларда қаржылық және техникалық көмек көрсе­тіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

«Орталық Азия + Жапония» диалогы Жапонияның бастамасы бойынша құрылған болатын.