Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Балама қуат көзі – ауылда

1572 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола облысы балама энергетика көздерін дамытуда тәп-тәуір табыстарға қол жеткізуде. Бұл күнде таңсық болудан қалған талпыныс кеңінен қанат жайып келеді.

Балама қуат көзі – ауылда

Еліміздегі ең алғашқы жел электр стансасының жобасы Ерей­мен ауданында жүзеге асы­рылғанын айта кетейік. Қазір облыста балама энергия көздерін дамытуда бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Ерейменнен бастау алған жақсы жаңалық Целиноград ауданында жалғасын тауып, Аршалы ауданына қарасты Бұлақ­сай ауылдық округінде де қолға алына бастады. Стансаның әрқайсысы 50 МВт электр қуатын өнді­ретін екі бөлігі биыл және 2020 жылы іске қосылады деп отыр.

Жел электр стансасын толық пайдалануға бергенде ауаға парник газдардың бөлінуі жылына 230 мың тоннаға азаяды. Стансаның өзі 10 мыңнан астам отбасының электр қуатына деген қажетін өтеп, оны өндіруге жұмсалатын шығынды бірнеше есе азайтуға мүмкіндік беруге тиіс. Жергілікті мамандардың біліктілігін көтеру шетелде іске асырылмақшы.

«ВетроИнвест Кокшетау» ЖШС Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылдық округінің аумағында ірге тепкен. Жел электр стансасы «NEG Mison» компаниясының бес генераторынан тұрады. Сөз арасында бұл құрылғылар әлемдегі электрмен жабдық­таушы құрылғылар арасында ең сенімдісі болып есептелетінін айта кеткен ләзім. Астана қала­сында өткен ЕХРО халықаралық көрмесіне осы үлгі қойылған болатын. Жел электр стансасының қуаты 3,5 МВт жасыл энергия өндіруге жетеді. Мәселен, оқырманның көз алдына елестету үшін 12300 тұрғыны бар Краснояр ауылына 2 МВт әбден жеткілікті екенін айта кетелік.

– Жел энергиясының эколо­гиялық және экономикалық артықшылықтары көп, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы Асхат Жақсыбергенов. – Халыққа өте тиімді жобаны үстіміздегі жылдың мамыр айында толық аяқтап, электр қуатын бере бастаймыз. Жо­баның құны 1,7 миллиард теңгені құрайды.

Учаске басшысының айтуына қарағанда, жел электр стансасы салынатын жер алдын ала мұқият зерттелген екен. Бұл жерде қыс айларында жел қуаты күшті, жазда сәл-пәл азаюы мүмкін. Бірақ одан ешқандай қауіп жоқ. Өйткені генераторларда желді күндері жинақталатын электр қуатын жинайтын құрылғы бар.

Жақсы жаңалық ел құлағын елең еткізіп, үміттендіріп отыр.

– Ең бастысы, халыққа тиімді болуы, – дейді Краснояр ауылдық округінің әкімі Нұр­лан Айсин. – Селолық округте әлеуметтік жағынан аз қам­тылған көптеген отбасы бар. Оның үстіне шағын және орта бизнес өкілдеріне де электр қуатының арзан болғаны тиімді. Бұрын-соңды болмаған жақсы жаңалық қарапайым халық үшін тиімді болғаны дұрыс қой.

Стансаның ауыл шетінде орналасу себебі де мамандардың айтуына қарағанда, белгілі бір талаптарға сәйкес екен. Мәселен, қалақшалардың үздік­сіз айналып тұруы тым қатты болмағанымен, бәрібір дыбыс шығарады. Сон­дықтан да жел қондырғылары бір-бір­імен мұнара биіктігімен салыстырғанда он есе қа­шық­тықта орналасуы тиіс. Оның үс­тіне бұл маңда ешқандай ғима­рат, орман болмауға тиісті. Әдетте ашық ландшафтағы төбе, тау жоталарына жел электр стан­саларын орнату тиімді болып есептеледі. Краснояр ауы­лының іргесіндегі жаңа стан­саның қонысы да тым биік болма­ға­нымен, өзге өңірден биіктеу, қоян­жонданып жатқан жота іспетті. Жел қондырғысын орнату үшін орын іздеген мамандар осы жерде соғатын желдің орташа жыл­дамдығын алдын ала есептеген.

Жаңа жоба іске асырылған кезде қазіргі он шақты жұмыс орны сақталады, оған қоса электр энергиясы біршама арзандайды. Жыл сайын қымбаттайтын электр қуатының ақысынан әб­ден зәрезап болған тұрғындар жа­ңа жобаға үмітпен қарап отыр.


Ақмола облысы