Дүбірге толы дүние
Жұма, 11 қаңтар 2013 7:36
Президент таңдауын конгресс қолдай ма?
АҚШ президенті Барак Обама ел үкіметіндегі аса маңызды қызметтерге кандидаттарды атады: қорғаныс министріне – бұрынғы сенатор Чак Хейгелді, Орталық барлау басқармасына өз көмекшісі Джон Бреннанды ұсынды.
Жұма, 11 қаңтар 2013 7:36
Президент таңдауын конгресс қолдай ма?
АҚШ президенті Барак Обама ел үкіметіндегі аса маңызды қызметтерге кандидаттарды атады: қорғаныс министріне – бұрынғы сенатор Чак Хейгелді, Орталық барлау басқармасына өз көмекшісі Джон Бреннанды ұсынды.
Президент ұсынған соң, ол қалай да өтеді деу демократиялық елде тым ұшқарылау пікір. Рас, президент те кездейсоқ біреуді ұсына салмайды, өз таңдауын ел бағалаған танымал тұлғалардың арасынан іздейді. Сөйтсе де конгресте президенттің өзіне де, ұсынылған кандидаттарға да қарсыластар табылады. Тіпті, олардың іскерлік қабілетінің өзі біреулерге ұнамауы мүмкін.
Шынында да, бұл кандидаттар бұрыннан елге танымал қайраткерлер. Хейгелдің бұрын сенатор болғанының өзі біраз жайды аңғартады. Бреннанның президенттің лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі кеңесшісі болғаны – үлкен сенім арқалатар қызмет. Бұл адамдарды шешуші қызметке ұсына отырып, президент Обама оларға жақсы сипаттамалар да берді.
Бұған дейін көп жағдайда супердержаваның қорғаныс министрі азаматтық тұлғалар болып келсе, Хейгел, беки қалған күнде, әскери операцияларға қатысқан, тіпті жарақат та алған, Вьетнамдағы соғыстың ардагерлері қатарынан шыққан министр болып ерекшеленбек. Бұл біраз конгресмендерге ұнауы мүмкін. Соңғы уақытта Хейгел Джорджтаун университетінде жұмыс істей жүріп, президенттің барлау мәселелері жөніндегі кеңесшілер тобының құрамында, оның тең төрағасы да болған.
Бірақ Хейгелдің конгресте біраз сұрақ тудыратын да жайлары бар. Бұған дейін ол конгресте «еврей лоббиі» бар, парламент соның ықпалында деген пікірді айтып жіберген. Соны конгресмендер нақтырақ түсіндір деуі мүмкін. Ұстап көрсететіндей уәж жоқ нәрсені түсіндіру қиын. Ал мықтылар мұндай жағдайдан да шыға алады. Бұл да Хейгелдің алдында тұрған сын. Тағы бір жай – Хейгелдің Таяу Шығыс жөнінде бұған дейін өз пікірі болып келді: белгілі «Хамас» қозғалысы және Иранмен дипломатиялық қатынасты реттеу қажеттігін айтқан. Бұл АҚШ-тың қазіргі саясатына томпақтау. Мұны, әрине, Обама да біледі. Сірә, онымен министрлікке кандидат түсініскен болар, ал конгреспен түсінісе ала ма? Бұл да проблема.
Хейгелге байланысты біраз мәселе туындайды. Оны Обама да күні бұрын ескергені анық. Хейгел – республикашыл. Оған біраз сын айтылғанымен, өз партияластарын республикашылардың біразы қолдайтыны анық. Ал демократтар өз көсемдерінің ұсынысын қолдауға тиіс қой. Сірә, Обаманың есебі оң нәтижесін берер.
Ал Джон Бреннанды бекіту біршама жеңіл өтсе керек. Сонау 2001 жылғы лаңкестік әрекеттен кейін ол – үнемі сол лаңкестермен күресте көзге түсіп жүрген қайраткер. Күні кеше Усама бен Ладеннің көзін жою операциясын басқарушылардың бірі болған адамның Орталық барлау басқармасына жетекшілікке баруы да қисынды. Біреулер оны президент Буштың кезіндегі біраз көлеңкелі іске араластырғысы келеді. Бірақ ол қазіргі президенттің таңдауына кедергі келтіре қоймас.
Жұрттың АҚШ-тағы министрлік деңгейіндегі тағайындауларды сөз етуінде мән бар. Шындығында аталған кандидаттар, сондай-ақ, мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынылып отырған сенатор Джон Керри президент Обама әкімшілігіндегі негізгі тұтқалар болмақ. Сөйтіп, олар президенттің екінші мерзімдегі қызметі бағытының сұлбасын да айқындайды.
Саяси ойыннан да бедел жинауға болады екен
Қазір халықаралық телеарналар белгілі француз актері Жерар Депардьенің өз елінің басшылығына өкпелеп, Ресей Федерациясы азаматтығын алғанын жарысып көрсетіп жатыр. Осыған байланысты пікірлер әртүрлі: біреулер бұл оқиға Ресейдің беделін көтереді десе, екіншілері жай ойын санайды.
Әрине, әлемдік белгілі адамдардың іс-әрекеттері, пікірлері айтарлықтай маңызды. Оған халық құлақ асады. Жерар Депардьенің ресми түрде мәлімдеме жасап, өз елінің үкіметін сынағаны Францияның абыройын төкті деуге болар. Ал Ресейге келіп, осы елдің басшысы қолынан РФ төлқұжатын алуы, талайларды жүрекжарды қуанышқа бөледі. Заң бойынша Ресей азаматтығын алу үшін бес жыл күту керек, орыс тілін білу міндет. Ал Депардье екі күнде төлқұжат алды, орыс тілінен мақұрым. Бірақ ол – Депардье.
Қарапайым қисын: жақсы елден жақсы адам кетпейді, жаман елге жақсы адам жайдан жай бармайды. Атақты актер өркениетті дейтін Батыстың белді елі – Францияны тастап кетіп, Ресейдей елге келіп отыр. Бұған дейін ұлылардың Ресейге қашып келгені сирек, одан қашып кеткендері аз емес еді. Қорытынды жасай бер!
Қазір ресейліктер қуаныш құшағында. Әсіресе, оны алғашқылар қатарында қабылдаған Мордовияда үлкен мереке. Қақаған суыққа қарамай, шағын республика Ресейдің жаңа азаматын қарсы алуға шықты. Аса құрметті адамға көрсетілер құрметтің бәрін жасады. Мордовия губернаторы Владимир Волков құшағын айқара ашып, «Ресей Федерациясының жаңа азаматын қарсы алғанына қуанышын» білдіріп, бірден өз астаналары – Саранск қаласында тіркеуге алатындарын мәлімдеді. Онан соң республиканың ең көрікті жерінен үй салып алуды ұсынды. Ол аздай, мордвиндер жаңа отандасына өз республикасының мәдениет министрі болуға өтініш білдірді. Басқасына нақты жауап қатпаса да, Депардье министр болудан бас тартты. Расында оны қайтпек, тіпті бас тартпағанда, өзі білмейтін елде министр болып жарыта қоюы екіталай.
Депардьенің Ресей азаматтығын алу жөніндегі реалити-шоу әлі де біразға дейін созылуы мүмкін. Ресейліктер оны өз елінің беделін өсіретін оқиға екеніне күмәнсіз сенеді. Әсіресе, Депардьенің «Ресей – ұлы демократия елі», «Сіздердің президенттеріңіз ұлы, өте ақылды және өте жомарт» деген сөздері жандарын жадыратады.
Атақты актер өз еліне неге өкпеледі? Онда байларға салықты көбейтпекші болған. Ал Депардье – табысы қомақты адам. Одан да салықты көп алуы мүмкін. Соған ашуланды. Бірақ, өкінішке қарай, Францияда байларға салықты көбейту туралы заң қабылданбай қалыпты. Сондай-ақ, өткен жылдың қарашасында мас күйінде мопед айдап, тәртіп бұзғаны үшін айып тағылып, Ресейдің жаңа азаматы үстінен іс қозғалып жатыр. Қырсығына алса, ол екі жылға сотталуы мүмкін.
Ресейлік бір әріптесіміз: «Жерар Депардьенің Ресейдің азаматтығын алуы біреулерді шаттандырса, екіншілерін күлкіге батырды, ал тағы біреулердің ызасын келтірді», деп жазды. Солардың қайсысының ұзаққа созыларын дөп басып айту қиын.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».